• ҰЛАН
  • 02 Тамыз, 2022

Қызғылт қанатты жаратылыс

Қоқиқаздар ашық-қызғылт қауырсындарымен, қаңқа тәрізді аяқтарымен және S тәрізді мойнымен танымал. Қоқиқаздардың сүйікті тағамдары асшаян, ұлу және балдыр деп аталатын өсімдік тектес су организмдерінен құралған. Басын суға батыру арқылы азығын үстіңгі тұмсығымен күрек сияқты алып қоректенеді. Олар әдетте бір аяқтап тұрады. Аспалы аяқтарының арқасында суда «жүгіруге», аспанға көтерілмес бұрын жылдамдыққа ие болады. Қоқиқаздар су жолдарының бойында балшық үйінділеріне ұқсайтын ұялар салады. Үйіндінің басында, таяз шұңқырға аналық бір жұмыртқа салады. Аталығы мен аналығы жұмыртқаны жылыту үшін оның үстіне кезекпен отырады. Шамамен отыз күннен кейін балапан шығады. Қоқиқаздың балапандары ақ, жұмсақ, мамық қауырсындары және тік шоқтарымен ерекшеленеді. Шамамен үш аптадан кейін ересектер жас қоқиқаздарды үлкен топтарға жинайды, олар содан бастап өзі тамақ іздеуге қамданады.

Көптеген қоқиқаз түрлері Еуропа елдерінде жойылып кету қаупі бар құстар қатарында. Анд қоқиқаздары да осындай тізімде, онымен қоса Чили, Кіші және Пуна қоқиқаздарына да бүгінде қауіп төніп тұр. Құс иесі жайлы қызықты ақпараттар:

Жаратылыстың қызыл пигменті оның қорегінің әсерінен. Бұл ұсақ шаяндар, сол шаяндардың бойында қызыл ферменттер бар болғандықтан қоқиқаздардың қанаттары, қауырсындары қызыл, қызғылт түсті. Қара түсті қоқиқаздардың болуы мүмкін бе? 2015 жылдың 8 сәуірінде Кипрдің оңтүстік жағалауындағы Акротири экологиялық орталығындағы тұзды көлде қара қоқиқаз байқалған. Қоқиқаздың генетикалық жағдайы бар, ол оның меланин пигментін көбірек жасап, содан қара түске айналған деп есептейді ғалымдар. Тіршілік цикліне келсек, олар әдетте ұзақ өмір сүреді, орташа есеппен 20–30 жыл, бірақ кейбіреулері 50 жылға дейін өмір сүрген деседі. Қоқиқаздардың адамдарға қатынасы жайлы айтар болсақ, Чили қоқиқазы басқа құстарға, тіпті адамдарға өте агрессивті болуы мүмкін. Олардың тісі жоқ. Тұмсықтары мен тілдері тамақтан балшық пен лайды сүзетін шаш тәрізді құрылыммен қапталған.

Қоқиқаздар Қазақстанда: Тропиктік, сутропиктік белдеуді мекендейтін экзотикалық құс мамыр айында Оңтүстік Америка, Үндістан және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, Қорғалжын қорығында балапан басып шығарады. Соған орай Қорғалжын өзінің символы ретінде қоқиқаз бейнесін алған. Қорғалжынның орналасу белдеуі мен табиғаты олардың тіршілік етуіне өте қолайлы. Олар көбіне тұщы суда мекен етеді. Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығында Теңіз, Сұлтанкелді деген өзен-көлдері бар, осында құстар жыл сайын ұшып келіп тұрады. Неге ол жерлерге? Себебі, онда қоқиқаздарға ұнайтын тұщы су, онда оларға керекті азық базасы бар. Сулы батпақтың деңгейі, экологиялық жүйесінің байлығы бәрі-бәрі құстарға өте ыңғайлы, сондықтан да олардың көптігі байқалады. Қорықта құстардың 346 түрі мекендесе де, қоқиқаздар басты символ. Мамандардың есебінше, жыл сайын елімізге 60 мыңдай қоқиқаздар ұшып келеді. Қызыл кітапқа енген құстың бұл түрі қорыққа келгелі орнитологтардың бақылауында болады. Жаз бойы Қорғалжынды мекен ететін қоқиқаздар күн суый басталысымен жылы жаққа қоныс аударады. Жерорта теңізі арқылы ұшатын жол Шығыс-Батыс Африка және Оңтүстік Азияда Үндістан, Пәкістанмен жалғаса береді.

Өзінің көркімен адамзатты тәнті ететін қоқиқаздарды көру үшін күні бойы бақылап, шыдау керек. Себебі олар өте сезімтал әрі үріккіш келеді. Адамдарды жанына жуытпайды, сондықтан да қызықтаушылар абай болуы шарт. Қоқиқаздың сұлулығы туристерді қатты қызықтырады. Еліміздің түкпір-түкпірінен 5000-дай адам келеді. Бірақ шетелдік туристерді қоқиқаздарды бақылау қатты қызықтыра бермейді екен. Себебі бұл құс түрі оларға таңсық емес. Біздегідей қызыл кітапқа енбеген. Жерорта теңізі жағалауларында, Солтүстік Африка, Италия, Франция сияқты елдерде қоқиқаздар жетерлік, әдеттегі құс секілді. Олар, керісінше, біздегі сирек құстарды қызықтауға келеді. Дүниежүзінде сирек кездесетін қызыл қоқиқаздар дүниедегі ерекше жаратылыстардың бірі болып қала береді.

Перизат МИЗАН,

Тараз қаласындағы Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің түлегі

«Ұлан» газеті, №31
2 тамыз  2022 жыл

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор