• ҰЛАН
  • 19 Шілде, 2022

Харассмент деген не? Одан сақтануды білесің бе?

«Харассмент» терминін естуіңіз бар ма? Құқығыңызды білу үшін, ар-ожданыңызды сақтау үшін бұл терминнің мағынасын міндетті түрде білуіңіз керек. Харассмент дегеніміз – адамдарға еркінен тыс физикалық түрде қысым, зорлық-зомбылық көрсету, жағымсыз сөздермен, хабарламалармен бопсалау, жыныстық тұрғыда құқығын таптау, жеке шекарасын бұзу.

Харассменттің 6 түрі бар:

1. Рұқсатсыз жанасу, қол тигізу;

2. Ізіне түсу;

3. Вербалды харассмент;

4. Кибер харассмент;

5. Эксгибиционизм;

6. Жыныстық қысым.

Қазір харассменттің құрбаны болған әйелдер мен қыздардың саны өте көп. Алайда, кей жағдайда ер балалар да харассмент оқиғаларына тап болады. Қазақстанда кейінгі төрт жылда 100-ге жуық жоғары деңгейдегі харассмент қылмысы тіркелгенімен, заң жүзінде ешкім жауапқа тартылмаған.

Харассмент – ауыр қылмыс түрі. Әр адам құқығын, психологиялық-моральдық санасын, денсаулығын сақтау үшін сауатты болғаны абзал. Осы тақырып аясында сауатты болу үшін харассмент оқиғаларын бастан өткерген бірнеше кейіпкердің жауабы мен тәжірибелі психолог маманның пікірімен таныс болыңыз.

«Қазақстандағы «харассмент» оқиғаларының деңгейі қандай? Қанша қыз осы мәселе бойынша сізден консультация алды?» деген сауалды психолог Рауана Сағадиеваға қойып көрген едік.

– Өкінішке қарай, Қазақстанда харассментке ұшырап жатқан адамдардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бірақ қылмыстық істер соңына дейін зерттелмейді, айыпталушылар жауапқа тартылмайды. Сонымен қатар, қазақ қыздарының көбі харассмент тақырыбын толық білмейді. Харассмент деген тек қана жыныстық қысым көрсету емес, оған адамның қалауынан тыс қол тигізу, әртүрлі хабарламалар жазу, артынан аңду жатады.

Харассмент жағдайлары көбінесе оқу орындарында, жұмыста, тіпті отбасы ішінде болады. Осы уақытқа дейінгі консультацияларымның 80%-ы харассменттің құрбанына айналған қыздарға қатысты. Әрбір қыз бала харассментке қатысты халықаралық заңнама актілерін білуі керек. Сол арқылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндігі болады. Мысалы, жұмысында зорлық-зомбылық көрген қыздар менен консультация алуға жиі келеді. Бірақ дәрежесі жоғары бастықтарынан түрлі жағымсыз сөз естісе де, қалауынан тыс әрекет етсе де, шағымданбайды. Жұмыстан шығарып жібереді деп қорқады. Бұл дұрыс емес. Әр адам өзін қорғауы керек, мәселе өршіп кетпей тұрғанда алдын алу қажет. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында «ұят болады» деген түсінік бар. Санасы ояу қыздар бұл қағиданы ұстанбауы керек, ата-анасы балаларына осы тұрғыда шектеу қоймауы керек. Балалар ата-анасынан қорқып, болған оқиғаны ішінде сақтап жүре беруі мүмкін. Ата-анасы барынша қыз балаға қамқор болып, түсіністік танытып, психологиялық түрде көмек беруі міндетті. Қысым көрсетіп, «ұят болады» деп тәрбие берсе, қыздарыңыз опасыздардың құрбаны болуы мүмкін. Сол себепті кеш болмай тұрып, әрбір ата-ана, қыз бала харассмент тақырыбында сауатын ашуы керек. Осы тұста бір мысалды айта кетейін. Аты-жөнін айтпай, бір қыз көмек сұрады. Айтуынша, ол қызды туысқан ағасы, ал сіңлісін нағашы ағасы зорлаған. Сіңлісі бұл туралы ата-анасына айтқан, бірақ әпкесі әлі айтпаған. Ал әкесі мен ағасы «бізді ұятқа қалдырдың» деп, сіңлісін аямай ұрып, ағасы қарындасына пышақ сұққан. Бар сенері, қамқоршысы әкесі мен ағасынан осындай қорлық көрген қыздың психологиясы сынды, енді оны түзету қиын.

– Қазақ қоғамында неліктен қыз балалардың өзін кінәлі етіп көрсетеді?

– Себебі, біздің қоғам сауатсыз. Қыздар көбіне шыдамды болып келеді, не көрсе де төзеді. Өкініштісі, кей ата-ана қыз балалардың құнын «бес тиын» деп қарайды. Ерте заманнан қалған қағидалар әлі күнге дейін қыз балалардың тағдырына зиянын тигізіп келеді. «Қызға қырық үйден тыйым» деген секілді ер балаларды да шектен шығармай тәрбиелеуі керек. Себебі, қаншама қыз-келіншектер ер азаматтардың құрбанына, ойыншығына айналды. Қоғам «Ұят болады» деген қағидадан арылуы керек.

– Харассменттің құрбаны болған қыздарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Өз құқығын қорғау үшін осы жөнінде сауатын жетілдіруі керек. Ата-анасынан, отбасынан қолдау көрмесе, көмек таба алмаса, тәжірибелі психологтардың, дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгінуі керек. Қазір «Не молчи» деген қор, басқа да тегін аноним көмек көрсететін психологиялық орталықтар белсенді жұмыс істеп, көмектесіп жатыр. «150» нөміріне хабарласып, аты-жөнін айтпай ақпарат беріп, көмек сұраса болады. Ең бастысы, үнсіз қалмау керек, ұялмау керек.

Байқағандарыңыздай, харассмент деген тек қана жыныстық бопсалау емес, хабарлама, видео, аудио жазбалар арқылы қорлау, қорқыту, ізінен қалмай аңду да осының ішінде. Харассмент жөнінде толық ақпарат алу үшін бірнеше кейіпкерден жауап алып көрдік.

Назым, 18 жаста (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілді):

– Ол кезде небәрі жеті-сегіз жаста едім. Ата-анам күні бойы жұмыста болатындықтан, мені жақын туысымыздың үйіне қалдырып кететін. Бала болғандықтан ешқандай жаман ой санаңа келмейді ғой. Бір күні туысымның үйінде өзіммен жасты қыздармен ойнап жүргенмін. Сол күні үйде үлкен ағам ғана болатын. Қыздармен ойнап жүргенімде мені шақырып алды. Еркелетіп, шашымнан сипады. Ағам болғандықтан, өзім бала болғандықтан, ешқандай жаман ой болмады, тіпті қорықпадым да. Бір кезде ағам тек мені ғана басқа бөлмеге алып кетті. Құшақтап, шашымнан сипап, әурет жерлеріме қол тигізді. Шошып кеткеннен ештеңе айта алмай қалдым. Ағамды барынша итердім, жыладым, мені жібермей қойды. «Сені мамаға айтамын» деп неше рет айтқанымды білмеймін, сол кезде өксіп жылаған даусым әлі есімде. Қолымнан қатты ұстап тұрып, «осыны мамаңа айтсаң, өлтірем сені, ұқтың ба?» деп ұрысты да, өзі мені итеріп бөлмеден шығарып жіберді. Үйде үлкен адамдардан басқа ешкім болмады. Санамда бір ғана ой болды: «Мамам мені тезірек алып кетсе екен, енді бұл үйге ешқашан келмеймін». Қорыққаннан бір бұрышта отырып қалдым. Басқа қыздар ойнауға, тамақ ішуге шақырды, бірақ орнымнан қозғалмадым. Ағам тағы алып кете ме деп дірілдеп отырдым. Кешке анам алып кетті. Анам: «Бүгін не істедің? Қандай тамақ іштің?» – деп күнделікті сұрақтарын қойып жатты, мен мүлдем жауап бермедім, үйге келгенде де тамақ ішпедім. Анам қатты уайымдап, еркелетіп, түсінбей жүр. Бір кезде қатты қызуым көтерілді, қатты ауырдым, дірілдегенімді тоқтата алмай, жылай бердім. Ақыры анама бәрін айтып бердім. Өксіп, тоқтай алмай жыладым, құстым. Сол кезде анамның маған не айтқанын білесіз бе? Ол маған: «Қайдағыны айтпа, ағаң олай ешқашан жасамайды, ақымақ, теледидардан неше түрлі киноны көріп, әртүрлі нәрсе ойлап табасың, енді айтушы болма, жасыңды сүртіп, ұйықта», – деді. «Ол үйге барғым келмейді, ағадан қорқамын» деп қанша жыласам да, сенбеді. Бірақ сол жағдайдан соң ол үйге анам апармайтын болды, қанша уақыт анаммен бірге жұмысына барып жүрдім. Одан кейін бұл әңгіме ешқашан қозғалған жоқ, анам маған сенбеді. Бұл жағдайды қайта қозғамасам да, өмір бойы санамда жара болып қалды. Отбасылық жиындарда әлгі ағамды әлі көремін, ешқашан көзіне тіке қараған емеспін, әлі күнге дейін қорқамын. Енді ғана өсіп келе жатқан менің санам осылай жараланды, сол оқиғадан кейін өте тұйық болып кеттім. Қазір ер адамдардан қорқамын, таксиге жалғыз отырмаймын. «Мені ағам осылай қорлағанда, басқа адамның маған жаны аши ма?» деген ой тұрады. Ата-аналар қыздарының өміріне бей-жай қарамаса екен, балаларына сенсе екен, өзгенің қолына тапсырмаса екен деймін. Арада 11 жыл өтті, бірақ мен әлі сол жарамен өмір сүріп келемін...

Томирис, 21 жаста (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілді):

– Бұл оқиға бір жыл бұрын болса да, әлі ұмытқан жоқпын. Әлі күнге дейін қатты қорқамын. Университеттегі сабағым аяқталған соң қосымша тренингке қатысқан болатынмын. Кешкі сағат 19:00-де тренингтен шығып, автобусқа отырдым. Адам аз жерге барып, бос орынға жайғастым. Менің жанымдағы орын бос болды. Келесі аялдамадан бір жас жігіт мініп, менің жаныма келіп отырды. Құлаққаппен ән тыңдап, ештеңеге назар аудармай отырдым. Бір кезде аялдаманы көру үшін терезеге қарадым. Біртүрлі көріністі байқап қалдым. Қасымдағы бейтаныс адам өзінің әурет жерін ұстап отыр екен, терезеден анық көрініп тұр. Шошып кетіп, бірден түсуге дайындалдым. Жанымдағы жігіт сезіп қойып, қолымнан қатты ұстап, орныма қайта отырғызды. «Отыр орныңа, менімен бірге түсесің», – деді. Жүрегім тамағыма тірелді, айғайлай алмаймын, қорқып отырмын. Не істерімді білмей, орнымнан тез тұрып, орындықтан секіріп, аялдамадан түсіп қалдым. Ең сорақысы, әлгі адам да менің артымнан жүгіріп түсті. Күн батып кеткен, дала қараңғы, адамдар аз. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Артымнан айғайлап жүріп келе жатыр. Қатты жүгірдім, басқа амалым болмады. Артыма қарамастан біраз жүгірдім. Бейтаныс адам артта қалып қойды. Алдымнан шығып қалатындай жан-жағыма қарап, үйіме әзер жеттім. Осы оқиғадан кейін қанша күн ұйықтай алмай жүрдім. Жақын құрбыларыма баяндап, абайлап жүруді ескерттім. Қазір осы секілді адамдар өте көп. Автобустың таксиден еш айырмашылығы қалмады, қыздар үшін барлық жер қауіпті болып барады. Бұл менің ғана оқиғам, бірақ осы секілді оқиғаның құрбаны болған қаншама қыздар бар?! Бұл оқиғаның болғанына бір жыл болса да, әлі де автобуста кезіккен адамның бәрінен қорқамын, кешке мүлдем жүре алмаймын. Осы үреймен, қорқынышпен қанша жыл өмір сүретінімді елестете де алмаймын...

Ақнәзік, 20 жаста (кейіпкердің өтініші бойынша аты өзгертілді):

– Қазір мен үшін тыныш өмір сүру арман болып қалды. Алдымнан сол адам шығып қала ма деп қатты қорқамын. Мені сол адамның аңдып жүргеніне бір жыл болды. Бейтаныс адам алдымен әлеуметтік желі арқылы мені бопсалай бастады. Күнде неше түрлі ойға қонымсыз хаттар келетін болды. Атын, затын, менің нөмірімді қайдан, кімнен алғанын сұрадым, менің сұрақтарыма жауап бермейді, тек өзінің ойын жаза береді. Нөмірін бұғаттап тастадым, бірақ күн сайын жаңа нөмірмен жаза берді. Бір күні ең жақын құрбымның туған күнін атап өтетін болдық. Құрбыларым қарама-қарсы үстелде бейтаныс, көзқарастары қорқынышты үш ер адам отырғанын айтты. Мен мән бермедім. Бірақ құрбыларым: «Бізге қарай береді, біртүрлі», – деп айта берді. Ортаға шығып билеп жүрдік, әлгі үшеуі біздің ортамызға келіп, әр құрбыма тиісіп, шектен шықты. Туған күн кеші аяқталып, қайтып бара жатқан кезде біреу қолымнан қатты қысып ұстап, тоқтатып алды. Қарасам, жаңағы үш бейтаныс адамның біреуі. Қолымнан рұқсатсыз ұстағанынан бөлек, әртүрлі жағымсыз сөздер айта бастады. «Осы жерге сені іздеп келдім, менің хабарламаларыма жауап бермейсің, сосын осылай кездесейік деп шештім», – деп гүл ұсынды. Маған күнде әртүрлі хабарлама жіберіп жүрген адам осы екен. «Мені қалай тауып алды? Бұл кім?» деген сұрақтар ойыма келді. «Жіберіңіз, маған гүл керек емес, мені аңдушы болмаңыз, осылай жалғастыра берсеңіз, мәселені заңды түрде шешетін боламыз», – дедім. Құрбыларым артымнан дәл уақытында келіп құтқармаса, әрі қарай не болатынын елестете де алмаймын. Ол сол әрекетін жалғастыра берді. Жұмысқа барсам да, құрбыларыммен жүрсем де, үйге келсем де, ізімнен қалмайтын болды. Көлігінің түрін, түсін, нөмірін барлығын жаттап алдым. Қорыққаным сонша, алдымнан шығып қалатын секілді көрінетін. Хабарласуын, хабарлама жазуын тоқтатпады. Басқа амалым қалмағандықтан, заңды түрде шешуді қолға алдым. Іс әлі зерттеліп жатыр. Тезірек аяқталып, осы қорқынышымды жеңсем екен...

Қазір қоғамдық орындарда да харассмент болатынын байқаған боларсыздар. Ескі қағидаларды жойып, сауатымызды, білімізді арттырайық, сақ болайық. Бәріміз бақытты болуға лайықпыз!

Айдана ШАЛҚАРОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3-курс студенті,

«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №29
19 шілде  2022 жыл

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор