• ҰЛАН
  • 20 Маусым, 2022

«Тіл оқу тіс жуғандай әдетке айналсын»

Италиялық полиглот Лука Лампариелло 10 тіл біледі. Ол үнемі тіл үйренудің оңай жолдарын айтады. Әсіресе, ағылшын тілінің қыр-сырын жақсы біледі. Луканың тіл үйренуді әдетке айналдырғанына жиырма жыл болыпты. «Тілді бір жолмен үйренген қызықсыз. Мүмкін болса, бірнеше әдіспен үйренген дұрыс», – дейді Лука. Полиглот ұсынған төрт әдісті біз де оқып көрелік.

БЕС  КҮНДЕ БІР ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН

Мишель Томас – америкалық полиглот, тіл маманы. Жоғары оқу орнында екі-үш жыл оқытатын тілді үш күнде үйренуге болады дейді екен. «Үш күн» дегені күніне 8-9 сағат оқуды білдіреді. Ол Барбра Стрейзанд, Вуди Аллен, Грейс Келли сынды атақты адамдарға тіл үйреткен. Томас әдісі 1997 жылы «Тілдің шебері» фильмінен кейін атақты болды. Онда Томас Лондон колледжінде оқитын француз студентке бес күнде ағыл-шын тілін үйретеді. Жұрт қызығып, сұраныс артады. Британдық баспа «Томас әдісі» деп сериялы аудиокітап шығарады. 

Оқушыға бір ғана талап қояды: бар зейінін оқуға аударуы керек. Жауапкершілік ұстазға артылады. Қысқа сөздерді айтады. Үй салу үшін кірпіш керек. Сөзді кірпішке теңейді. Кірпішті рет-ретімен қолданып, сөйлем шығарады. Бұл әдіс арқылы француз, итальян, неміс және испан тілдерін үйренген ыңғайлы. Оқушыны көп сөйлетеді. Мұғаліммен бірге мұқият қайталаса болды. Мысалы: 

Can I? Мен істей аламын ба?
Can I eat? Мен жей алам ба?
Can I eat this? Мен мынаны жей алам ба?
Can I eat this with you? Мен мынаны сенімен бірге жей аламын ба?

Қысқа сөйлемге сөз қоса отырып, күрделі сөйлемге айналдырды. 

This is important. Бұл маңызды. 
This is very important. Бұл өте маңызды. 
This is very important for me. Мен үшін өте маңызды.
I think this is very important for me. Меніңше, бұл мен үшін өте маңызды. 

Ағылшын тілінде мың сөз білудің қажеті жоқ. 500–600 сөздің қолдану ретін мықты меңгерсе, қалғаны оңай.

ПИМСЛЕР: ДИКТОФОНҒА ЖАЗЫП АЛ!

Пол Пимслер франциялық және америкалық лингвист. Оның әдісі балаларға жақын. Себебі балалар сөйлемді құрылысына қарамай қолдана береді. Пол тіл үйрену үшін тіл оқуға деген қабілет, есту және мотивация керек деп санайды. Пимслер әдісі бойынша, ағылшын тіліне күніне екі рет жаттығу қажет. Бір сабақты таңертең және кешке оқиды. Сөздерді дауыстап оқып, қайталайды. Егер күнде 30 минут оқыса, бір айда ойын еркін жеткізетін деңгейге жетеді. Сабақ оқытушы мен оқушы арасында диалог есебінде жүреді. Оқушы аудио-ны тыңдап, қайталайды. Оқытушы сияқты айтылғанды қайталап жазады. Ағылшын тілінде ең маңызды 2000 сөзді аз уақытта жаттауға болады. Тек тыңдап, қайталаймыз. Есте сақтап, қайта айтуға кішкене күш салса болды. Әр деңгей 30 минуттық 30 аудио сабақтан тұрады. Әдістеме авторы адам миы жаңа сабақты қорытып үлгереді дейді. Алғашқы 2 сабақтан кейін тыңдаған сөзді ұмытпайтындай боласың. Спортшылар мен өнер адам-дары осы әдіс арқылы тіл үйренеді екен. Томас пен Пимслер әдісін бірге қолданса, пайдасы көп. Мысалы: 

Can I? Мен істей аламын ба?
Can I eat? Мен жей алам ба?
Can I eat this? Мен мынаны жей алам ба?
Can I eat this with you? Мен мынаны сенімен жей аламын ба?

Осы сөйлемдерді телефондағы диктофонға жазып аламыз. Автобуста, көшеде серуендеп жүргенде тыңдаймыз. Кей балалар өзінің дауысын тыңдағысы келмейді. Бұл әдіс осы қарсылықты, акцентті жояды. Бұл екі есе өнімді. Өйткені  өзіңнің айтқан сөзің есіңде жақсы сақталады. Тыңдай беру арқылы тәжірибе жинаймыз.

АССИМИЛЬ СӨЗ РЕТІН ҮЙРЕТЕДІ

1929 жылы француздық компания шет тілін үйрену үшін Ассимиль әдісін шығарады. Алдымен француз халқының ағылшын тілін үйренуіне ыңғайлап жазылады. Қазір барлық тілде қолданылады.  Сөйлемдерді оқып үйренеміз. Параллель мәтін болады. Мысалы: «Бұл менің досым. Оның аты – Алмас. Оның отбасы үлкен». Келесі бетте осы сөздің ағылшын, испан тіліндегі нұсқасы беріледі. Мәтінді оқи отырып, тұрақты тіркестерді білеміз. Мәтінді оқып, аударамыз. Біз сөзді көп жаттау керек дейміз. Сөзді сөйлеммен бірге жаттаған пайдалы. Ассимиль әдісінде оқуға түрлі тақырыпта кітап беріледі. Кітапта аудармасымен бірге аудиожазба бар. Диалог-та грамматикалық түсі-ніктеме жасалады. Сабақ дәрежесі жоғары болған сайын қиындайды.

МУЗЫКА ЖӘНЕ ӨЛЕҢ АРҚЫЛЫ ҮЙРЕНУ

Ағылшын тілін мүлдем білмейтін адам Тик-Ток желісінде хит әндерді тез жаттайды. Өйткені, қайта-қайта тыңдай берген соң, мида жатталады. Эминемнің мына өлеңіндегі тіркестерді басқа жағдайда қолдануға болады. 
I can*t tell you... Мен саған айта алмаймын.
I can*t breathe... Мен демала алмаймын.

Музыкаға рэп, поп, өлең деп поэманы алсақ болады. 
Тілді енді үйреніп жүрсең, кітап оқу қиын. Оқуға ынтаң кеміп қалуы мүмкін. Десе де, мүлдем кітап оқыма деген сөз емес. Кітап оқу арқылы ағылшын тілінің британдық, америкалық үлгісін меңгеруге болады.

ОНЛАЙН ОҚУ ТИІМДІ

* Үйде отырып-ақ шет тілін мең-геруге болады. Ата-анаңның ақшасын үнемдейсің.
* Сабақ тым ұзақ емес. Мақсатың айқын болса, күніне 30 минут табасың.
* Нағыз америкалық сияқты сөй-лейсің. Өйткені аудионы америкалық жүргізеді. 
* Сөздік қорда тек қажет сөздер сақталады. 
* Әр сөйлемді қай уақытта айтуға болатынын білесің. 
Бұл әдіс жоғары сыныптың оқушы-сына тиімді. Себебі бастауыш сынып оқушысы 30 минут отырып, сөзді қайталауға шыдамы жетпейді. Оған сабақ-тың ойын түрінде көңілді өткені қызық.

КҮНІНЕ 15 МИНУТ...

Шет тілін үйренгісі келетін оқушы-лар Луканың мына кеңесін оқысын: 
«Егер күніне 30–40 минут уақыт бөлсең, әлемдегі мыңдаған адаммен сөйлесе аласың. Қазір жапон тілін бар күшімді салып оқып жүрмін. Иә, бұл тіл оңай емес. Жапонияның ағылшын тілін білмейтін ауылына барып, адамдармен сөйлесу деген ғажап емес пе?! Маған осы сезім күш береді. 

Таңертең ұйқыдан 7.30-да тұрасың делік. Бүгіннен бастап 15 минут ерте тұр. Ғалымдар 15 минутта көп нәрсе оқуға болады дейді. Егер таңертең уақыт болмаса, түсте оқы. Түскі ас ішуге, телефон ойнауға уақыт жетеді. Тіл оқуды тіс жуғаның секілді әдетке айналдыру керек. Ұйқыдан тұрғанда адамның күші тасып, ал жүйкесі тыныш болады. Осы уақытта қиын сабақты оқы. Оқытушыға аудиосабақ жіберсең болады. 

Мен екіжақты жұмыс істеймін. Үйреніп жүрген тілімді испан тіліне аударамын. Өте қиын әрі көп энергияны қажет етеді. Сол үшін таңертең оқимын. Түскі астан соң қарын тойып, ми жұмыс істегісі келмейді. Миға күш салмайтын жұмыс қарастырамын. Ертең қандай тақырыпта оқитынымды шешемін.

Бірге сөйлейтін адам табыңыз. Егер жақын жерде ағылшын тілінде сөйлейтін адам болмаса, интернеттен шетелдік ұстаздармен әңгімелесуге болады. Ассимиль әдісін жиі қолданамын. Сөздің айтылуынан басқа дайын шаблон мен лексика ұсынады. Сөзді тізіп, жаттағанды ұнатпаймын. Диалогтан кейін бірнеше сөз беріп, одан диалог құрастырған жақсы. Сонда сөздің бірнеше мәтінде қалай қолданғанын көресің. Қазір интернет деген керемет мүмкіндік берді. Ең бастысы, шет тілін қандай мақсатта оқып жүргеніңді анықтап ал да, іске кіріс!».

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

638 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор