• Сенің замандасың
  • 20 Маусым, 2022

Аружан Америкада астероидтарды зерттейді

Биыл НЗМ Халықаралық бакалавриат мектебінің 11-сыныбын бітірген Аружан MIT, Harvey Mudd, CalTech университеттері 11-сынып оқушыларына ұйымдастырған «Summer Science Program» жазғы ғылыми бағдарламасына қатысып, оқуға жолдама алды. Оқуға қабылдану үшін оқу үлгерімін, ғылыми жоба мен сайыстарда алған жүлделі орындардың дипломдарын тапсырыпты. Мұғалімдерінен ұсыным хат алып, қысқаша supplemental эссе жазыпты. Әлемнің әр түкпірінен қатысқан 2200 оқушының 120-сы өтіпті. Соның бірі – Аружан Бағдатқызы.

– Жазғы мектеп астро-физика бағытында өтеді. Әлемнің түрлі елінен жиналған оқушылармен бірге Жерге жақын орналас-қан астероидтардың орбитасын зерттейміз. Грантқа түскен соң университеттің кампусынан жататын жер мен үш мезгіл тамақ беріледі. Оқудан келгесін мектебімдегі Халықаралық бакалавриат дипломдық бағдарламасына сәйкес, астрофизика бағытында кеңейтілген эссе жазуға кірісемін. Мен әлі де қандай мамандық таңдайтынымды нақты анықтаған жоқпын, бірақ таңдаған мамандығымның ғылым саласында болатынына сенімдімін.

Отбасымда әкем де, анам да ғылымға жақын. Әкем – инженер, анам – заң ғылымдарының кандидаты. Екеуі де менің қызығушылығымды қолдап, керек кезінде бағыт беріп отырады. Кішкене кезімде әлем картасына қарап, әр елдің аты мен астанасын жатқа айтып береді екенмін. Оны туыстарым айтып отырады. Әлем картасын әкем үйретті. Елдің атауын ойын түрінде, ассоциатив сөздер арқылы жаттататын. Логикалық ойлау мен есте сақтау қабілетімнің дамуына қатты көңіл бөлді. Әрдайым логикалық ойындар ойнап, бірге пазл құрастыратынбыз. Аружанның тағы бір қасиеті – кітапты көп оқиды. Жақында Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» прозалық шығармасын аяқтапты. 

– Иә, кітапты көп оқитыным рас. Жақында әлем әдебиетінен Олдос Хакслидің «О дивный новый мир» антиутопиясы мен Ирвинг Стоунның «Жажда жизни» деген Ван Гог жайлы биографиялық романын оқып бітірдім. Соңғы кезде нон-фикшн жанрындағы ғылыми кітаптарды оқуды ұнатып жүрмін. Оның ішінде Юваль Ной Хараридің «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабын оқыдым. Күніне ең кемі бір көркем шығарма оқуға тырысамын. Бірақ оқу жүктемесіне байланысты қосымша кітап оқи алмай қалатын кездерім де болады. Әдетте, күніне белгілі бір бет санын оқуды мақсат етпеймін. Кейде 200 бетті бірден оқысам, келесі күні 10-ақ бет оқуым мүмкін. Оқу жылдамдығына қарағанда, оқыған ақпаратты сіңіріп, түсіну маңызды. Осы жазда Алаш зиялыларының шығармаларын көптеп оқуды жоспарлап отырмын. Мысалы, Жүсіпбек  Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқысам деймін. НЗМ-ге түсу оңай емес. Ол үшін ағылшын тілін жетік меңгеріп, есепке жүйрік болуың керек.  

– Ағылшын тілін 4-сыныптан бастап оқыдым. Advanced деңгейінде білемін, жақында IELTS емтиханынан 8.0 алдым. НЗМ-ге түсуге арнайы білім беру орталықтарында дайындалдым. Менің ойымша, орталықтағы сабақтармен шектелмей, үйде де дайындыққа уақыт бөліп, қосымша тапсырмаларды орындау керек. Мысалы, дайындық барысында әкеммен бірге кеңістікте ойлауға бағытталған есептерді шешуден жарысатынбыз. Аружан мүмкіндігінше спорттың барлық түрімен айналысқысы келеді. «Спорт – зор денсаулықтың, жарқын болашақтың кепілі», – дейді. 

– Триатлонмен 13 жастан бастап айналысып келемін. Оған дейін велоспорт және жүгірумен бөлек айналысқанмын. Есімде қалған жарыстың бірі – суперспринт дистанциясындағы триатлон бойынша жазғы ашық чемпионат. Бұл – менің триатлоннан қатысқан алғашқы жарысым. Қазір спорт мектебінде триатлонмен айналысамын. Велоспорт, жүзу және жүгіру триатлонның құрамына кіреді. Ашық және жабық қалалық чемпионаттарға, жарыстарға, марафондарға белсенді қатысамын. Жарыстарда үш спорт түрі бірден өткізіледі (бірінші жүзіп, кейін велосипедке отырасың). Триатлонның сан қырлы болуы қызықтырады. Үш спортпен бір уақытта айналыссаң, қиындығы мен қызығы қатар жүреді, – дейді алғыр Аружан.

Әсия Дәулетханова, анасы:

БІР МЕКТЕППЕН БӘРІН ҚАМТУ МҮМКІН ЕМЕС

– Ата-ана балаға жеке басының тәрбиесімен-ақ ықпал ете алады. Үйінде бір кітап жоқ отбасында  баланың кітап оқуға қызығушылығы өз-өзінен оянады деп айта алмаймын. Кітап баланың сөз байлығын, есте сақтау қабілетін, сыни ойлау сияқты қасиеттерін дамытады. Жас буынға hard skills, soft skills дағдыларын дамыту өте қажет. Бір мектеппен оның бәрін қамту мүмкін емес. Қосымша үйірмеге беріп, үйде әке-шешесі баланың дамуына уақыт бөлгенде ғана нәтиже болады.  

Аружанды екі жасынан түрлі үйірмелерге апардым. Әкесі екеуіміз баланы ерте дамытуға арналған кітаптарды оқыдық. Сондағы заттарды қолдан жасап, балаға көрсеттік. Текше құраудан бастап, күрделі пазл құрастыруға жеттік. Әкесі әлем картасын жаттататын, мен жаңылтпаштар үйретемін. Ерте дамытудың балаға жақсы ықпал беретіні рас. 

Үйде апалы-сіңлілі үш қыз. Үлкені – Аружан. Ортаншы сіңлісі физика, химия пәндерінен олимпиадаға қатысады. Кіші сіңлісі көркемсурет мектебінде қосымша оқиды. Аружан триатлон спортынан қалалық құрама команда мүшесі. Екі сіңлісі жүзумен айналысады. Үш қызыма: «Спорт – мақсатқа жеткізетін, табандылықты дамытатын құрал», – деп айтып отырамын. Ата-ана баласының қандай болғанын қаласа, сол қасиеттер өз бойында табылуы керек. Мысалы, мен жүгіріп, триат-лонмен айналыса бастағанда, қыздарым да велоспортпен, жүгірумен айналысты. Бала сол қасиеттерді күнделікті ата-анасының әрекетінен көріп отыруға тиіс. Адамдарға жанашырлық, үлкенге құрмет, қоршаған ортаға, жануарларға қамқор болайық деу – әрбір ата-ананың міндеті. 
Бірақ сыртқы ықпал, көше тәрбиесі деген бар. Баланың достары, оқитын мектебі мен пән мұғалімдерінің көзқарасын назарда ұстау керек.

Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі  ұстанымды қалыптастыру-ға, өмір туралы ойларыма күшті әсерін берді. Ана болған соң Анатолий Некрасовтың «Материнская любовь» деген кітабы қатты әсер етті. Отбасылық өміріме, балаларыма деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

4676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор