• ҰЛАН
  • 20 Маусым, 2022

Бір жасымда есімде қалған істер

Көзімді ашып көргенім – орман

Миым мынау құдіретті әлемге титтей саңлау ашып, алғаш өркендеп, аяғымды әлі баспаған шағымдағы елестерімді анама және мені білетін үлкен әжелеріме айтқанымда, олар қайран қалды. Кейбір айтқандарым ол кісілердің де есінде бар екен. Мұны естіген соң мойныма тас тағып қойды. 

Көзімді ашып көргенім – жайлау. Әлі есімде, көкте аспан, көргенім жалғыз ақбоз үй, маңайда көзге шалынар менен басқа жан пендесі жоқ. Кім біледі, сол мезетте ақбоз үй ішінде анам жүрген де болар,  көкке ұласқан сайдың екі қапталынан менің жаныма дейін ине шаншар орны жоқ орман. Қалың қарағай ма, әйтеуір, қылқан жапырақты бірдеңелер еді, жер-әлемді солар алып жатқан. Өзеннің шуылы да жоқ сияқты еді, бәлкім бұлақты жер шығар?!.

Көзімді ашып көргенім осы еді. Мен сонда, сәл ғана бір шұңқырлау жерге әлдекімнің отырғызып қойғанын аңғарғам. Табиғатымда міз бақпастай тыныштық бар еді сол кезде, еш қозғалмағам. Әлі есімде, төңіректі шолып, шамам жеткенше қарағам. Денем қозғалмайтын сияқты еді онда, тек басым қозғалған. Көзімді ашып көргенім осы еді... Маған барлық әлем осы ғана болып көрінетін...  Тау...  Орман... Көк... Жалғыз ақбоз үй....

Алғаш рет қазақ тілін есту

Ойлап қарасам, әрбір сәбилік жасымнан біраз нәрсе есте қалыпты. Оларды кейінгі жылдары ұмытпас үшін  орта мектепте оқып жүрген кезімде, «Көк бөрілер көктеген дала» деген естелік дәптер ашып, қағазға түсіріп қойғанмын. Ең алғашқы бетінде тұрған естелікті айтып берейін. 

Мен ол кезде көзіме көрінген нәрселердің бүгінгі күндегідей не екенін білмейтінмін, бірақ санамда сол көрініс, сол бейнелер видео түрінде сақталып қалды. Анам мені бір шұқанақтау жерге киіндіріп әкеліп отырғызды да, «қозғалма» деді. Естідім, құлағымда сол сөз әлі тұр. Мен қозғалғанды қойып, оң-солыма құйрығыммен толық бұрыла алмадым, бұл мүмкін емес. Мен тұңғыш рет әлемді көрдім сол жолы. Көзіммен бір шетінен бастап көріппін ойласам, түгел жап-жасыл бітпейтін бір ағаш. Әлем ағашқа толып тұрған соң төбе жағым да осындай жап-жасыл шығар деп ойладым, өйткені төбемді көтеріп қарамақ болып едім, басым аспанға тік шалқайып көтеріле алмайды екен. Өмірімнің бүгінгі күніне дейін жеткен бұл әлемнен алғаш көрген көрінісім осы болды. Жап-жасыл бітпейтін ағаш... Не деген тұнық жасыл дүние деші!  Менің көз алдымдағы адамдардың қимылын айтайын. Бүгінгі көзқараспен айтсам, бірнеше киіз үйдің алдында бау-басқұр тоқыған әйелдер, құрылған басқұр көзімде тұр. Әйелдер өзара сөйлесіп жатты. Не дегендерін еш түсіне алмаймын. Маған бәрі сауған сүттің күмбірі құсап солғын дыбыстар ғана болып естіліп жатты. Бірақ, көп сөздің ішінде «Аю апа» деген бір сөз қайталана берген. Осы сөз сол үшін есте сақталып қалған болса керек. Кейін мектеп өміріне қадам басқанда менің бала жүрегім осы есімдегі көріністер бойынша ата-анама сұрау қойып үлгерді. 

– Сонда бұл қай жыл? Қай кез? Аю апа деген кім? 

– Аю апа деген үлкен бір апаңның ел құрметтеген есімі. Ол кісілермен тауда бірге жайлаған кезі-міз 1995 жылдың жазы, – деді әкем мен анам. Сонда бұл қалай, мен 1994 жылы тудым. Демек, бір жасымда көз алдымда орын алып өткен көріністер болып отыр ғой! 
– ...   ...   ...   ...   ...
Ең таза ауа,  тұмса табиғат есте ұстауымызға көмектесті ме, жоқ көптеген адамдар да осындай есте сақтап жүріп кейін ұмытып қала ма, анамыздың таза жүріп дәретсіз емізбегенінен бе, мұның байыбына бара алмадым.

ЕКІ ЖАСЫМДА ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН ІСТЕР

Аяғымды басып кеткен кезім. Тек сөйлемеймін. Суы бұрқырап, тамшысы бетке ыршып жатқан Ақжал өзеннің бойына мені жетелеп, сүйеп әпекем алып келді. Қолыма сүп-сүйкімді ақ тостаған ұстатқан. Маған: 

– Жу, – деп жалғыз сөз айтты. 

Мен тостағанды қолыма алып, суға тигізе берген кезде, жылп етіп суға кетіп жоқ болды тостағаным.  Әпекем төбемнен бір қойды. Мен жылай салдым. Жылаған дауысымды естіп, анам жүгіріп келіп әпкеме ұрысты, мені сүйеп, жетектеп алып кетті. Бір ағаштың жасыл бұтағының ұшына қызықтап қарап келе жатқанмын. Өзім кебеженің ішіндемін. Бір жағында кенже әпкем бар. Бір кебеженің екі басына екеуміз сыйып кеткенбіз. Көш тоқтады да, бір әйел айран алып шықты, көтерген кесесі үлкен болатын. Кебежедегі менің аузыма әкеп айран ішкізді. 

Тағы бір жерге келгенде бір әйел шықты. Көш аялдап, мені кебежеден тік көтеріп жерге түсірді. Бәріміз үйге кіріп, дастарқанның шетіне жайғастық. Сол үйдегі әйел Нұржан әпкеме жаңа киім-кешек кигізді. Сөйтсек, бұл кісі Нұржан әпкемнің кіндік шешесі Биғайшаның үйі екен. Бірақ, мен сол жолы Нұржаннан үлкен Гүлжаз әпкеме мысық аюдың суреті бар шапан кигізгенін білмей қалыппын, кейін үлкейген соң ежіктеп сұрап білдім. Осы шайдан кейін, мені көтеріп қайтадан кебежеге салды. Шешеме осы көріністерді айтып беріп едім, ол кісі «1996 жылдың осы жазында шошқа өте қатты болып, киізүйдің түбіне дейін тырмалайтын» дейді.

Тұңғыш көрген дүкенім

Әкем мені көтеріп алған. Мүмкін, Шәкүртіде алғаш ашылған бірді-екілі дүкеннің бірі болар. «Ана, ана...» деп қызығып, қолымды біраз ербеңдеткені шала есімде бар. Әкем бір сусындықтың аузын ашып татырғанын білемін. Қазірге дейін сол алғаш ішкен сусындығымды «сүт сусындығы» деп ойлаймын. Дүкендегі сөреде жоғары-төмен болып тізіліп, қалың бөтелкелердің тұрған бейнесі әлі есімде. Бұл менің сусындарды, дүкен ішін өз көзім-мен анықтап тұңғыш көруім.

«Жылан, жылан» деген сөзді алғаш екі жасымда естідім

Сол сөзді естідім. Тасқын деген кісінің күрек көтеріп кетіп бара жатқан сұлбасы есімде. Артынан жыланды өлтіріпті. Сол кезде әкем ауылда жоқ еді. Сол кезде жабайы қабанның бос қалған апанына бұзау қамалатын. Әпекем мені жетелеп әкеліп, «мынау шошқаның апаны» деп айтты. Мен құлағыма «апан» деген сөзді сіңіріп алып қалдым. Апанның аузына қаша қойылған. Бұзаулардың түр-түсі есімде жоқ.

«Бүлдіргенге барамыз» десіп жатты

Мен бүлдіргеннің не нәрсе екенін білмедім. Бірақ, барамыз деген сөзді естіп, «баям» деп қиғылық салып жыладым. Анам мені ұстап тұрып қалды. Әпкелерім мен басқа бір кісінің маған бейтаныс қыздары көз алдымда белден асып кетті. Олардың соңы бұлдырап көк мұнар пайда болды да, жаңбыр құйып кетті. Олар көрінбей қалды. Жаңбыр құя жөнелгенде, менің екі қолтығымнан тік көтеріп үйге кіргізіп әкетті. Ұйықтап қалдым. Оянған кезде жаңбыр басылған. Әпекелерім су-су болып үйге кіріп жатыр екен. Бүлдірген деген жемісті алғаш рет екі жасымда жедім. Бүлдірген – менің тұңғыш рет аузыма салған жемісім. Бүлдіргеннің қып-қызыл, тәтті нәрсе екенін көріп қызықтым, есте сақтап қалдым.

Көш аспа көпірден өтті

Көпір ырғалып тербеледі, мен кебеженің ішінде жатырмын, басымды сәл создым. Көште бір ит бар сияқты болатын. Түйелер көпірден өте бастағанда, көпір қатты ырғалып кеткен болатын. Үзіліп кетердей... Ал, астында тулаған асау өзен... Тулаған өзеннің көкке ыршыған тамшылары бетіме келіп тиді. Адамдар айғайласып, у-шу... Неге екенін түсінбей өзеннің бір жақ шетіне қарағанымда, қара тайлақтың өзенге ағып кеткенін көрдім. Көзім тайлаққа ғана бұрылды. Ұзақ телмірдім. Тайлақ судың аяқ жағынан жағаға шығып кетті. Менде үн жоқ, табиғатым тыныш бақылауға жаралған еді. Кейін сұрасам, бұл көпір «Бейіттіқарын көпірі» деп аталады екен.

ҮШ ЖАСЫМДА ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН ІСТЕР

1997 жыл. Қыс. Атамыздың үйі мен өз үйімнің арасы қарша-дай балаға біршама жер еді. Жер-әлем аппақ. Сол сәтте маңайымда іздердің бар-жоғынан да хабарсызбын. Тек аппақ әлем есімде қалыпты. Екі үйдің аралығындағы жерде моладай қақшиып қатып қалған едім, қозғалмағам. Құлағыма шыңыл қонып, әлдебір зарға қанғандай ызың келіп тұратын. Ызыңды есепке алмағанда жер-әлем құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Сол ызыңды өзім ғана естіп тұрғандай едім. Тұратын едім ұзақ...  Ді-і-іі-ің...з... Сол шақты еске алсам әлі де ызың тұрады, әлсін-әлі қайталанып... Сол ызың кейде түрленіп күй болады, кейде іңгәлаған сәбидің үнінің музыкалық аспапқа қонбаған ерекше түріне айналады...

1997 жылдың жайлау үсті

Әкем маған қаладан қызыл шапкі алып, Сержан деген кісіден беріп жіберіпті. Сол кезде әпкемде бір шапкі болды, түсін білмеймін. Екеуміз күні кешке дейін төр жайлау құшағындағы гүлдері лықсыған белде көбелек көрсек қуып, шапкімен басып ұстаушы едік. Көбелектің көптігін айтпа. Бір жолы анамыз алақандай үлкен, қанатында ақшыл, сұрғыш түстері бар төре көбелекті маған ұстап берген. Өзі осындай үлкен бір төре көбелектен біреуін ұстап,  жіппен әлдебір жерінен өткізіп төрге іліп қойған. Сонда мен оған қандай қызыға қарадым екен десеңізші! 

Қыс еді. Әкем әскери ішік, әскери малақай, жасыл қолғап киетін. Мені қасынан тастамайтын. Бір күні әкем үйден шыға жөнелді. Біраз уақыттан соң үйден жүгіріп шықтым. Ешкім жоқ. Қора жаққа өтіп, топ шиді айналған соң, өзен жаққа әскери ішік, әскери малақай киіп кетіп бара жатқан кісіні көрдім. Жақындап қалып, «әкелеп» шақырдым. Дәл қасына таяғанда, тоқтай қалды. Маған күліп қарады. Басқа кісі екен. Артыма қайта қайттым. Ол кісі дәл қазіргі күнгі Қатпа деген кісі. 

Таң бозғылт тартқан, ауа өте жайлы, тым сергек болып оянғам. Әкем мені қолымнан жетелеп қыстақтағы көп үйден өтіп, бір үйге кірді. Кейін білсем, ол кісі Сарқытбай деген кісі екен. Әкемнен де асқан балажан екен, менің асты-үстіме түсті. Маған тарелкадан алып қолыма ұсынған сары қағазға оралған, екі жағы үшкіл кәмпитінің елесі жүрегімнен мүлдем өшер емес. Жаны жаннатта болғай жақсы атаның! 1997 жылдың күзі. Жеті қараң-ғы салқын түнде машинаның бір үйдің алдына келіп тоқтағанын білемін. Машина селкілдеп барып тоқтағанда оянып кеттім. Алғаш көргенім машинадан түсіріліп жатқан қалың қарағай, самырсын мәтшалары болды. Мен танымайтын адамдар мәтшалар мен жүктерді түсіріп жатқан. Осы үй, осы қора маңы менің бұдан кейінгі тұрақты мекенім болды. Осы үйде есейіп, оқуға бардым. Бұл біздің көшпенді тұрмыстан кетіп, отырықшы тұрмысқа ауысқан күніміз екен. Бұл үйді кейін білгенімде Панар деген кісі салыпты. 

Төргі үйде ойнап отырғанымда, есікті тарс жауып әкемнің келгенін есіктен кіре сөйлеген сөзінен аңғардым. Апыл-тапыл басып жүгіріп шықтым ауыз үйге. Есіктен кірген ақ бу толық өше қоймаған. Әкем бір сары дағардың аузын шешіп, төменге сілкіп еді, ішінен қыңқылдаған сары күшік түсті. Анамның сөз емеурінінде ит баққысы келмегенін аңғарғандай болдым. Әкем маған қарап: 
– Күшікті аласың ба? – деді. 
Мен бұрын күшік ұстап көр-меппін. Ойланбастан «әләм» дедім. Ол итке кейін анам Жолдыаяқ деп ат қойды. Оны көмір қорада бақтық. Сол кезде әпкеме еріп бірнеше рет бұзау суарып тұрған жеріне бардым. Бұзауларды абадан шығарғанда танауларынан ыстық бу атып, оқыралап шығар еді. Есімде қалуынша, көбінің басында қотыр бар болатын. 1997 жылдың ораза ұстаған шағы. Әкемнің мейірленіп көп үйретуінде жарапазанның бірнеше жолын жаттап алдым. Бір күні түнде тереземіздің сыртына келіп балалар жарапазан айтты. Анам үйге кіргізіп бір дорбаны толтырып көп нәрсе берді. Ертесі мен атамның үйінің терезесінің сыртына барып тапа-тал түсте: 
«Қожи-қожи тәштайдан, 
Қошқай мініп меңгедім. 
Әжи-әжи тәштайдан, 
Айыр мініп меңгедім...» – деп кейбірін ұмытып қалып, кейбірін қайталадым. 
Біраздан кейін атам шығып, сақалы желбірей күлімдеп, бетімнен сүйіп, уысымды ашып, кәмпит тығып, қолымды жұмдырды. Аздан кейін тағы да келіп жарапазан айттым. Ешкім үйден шыға қоймаған соң, аз кідіріп тұрып: 
«Үйің, үйің үй екен,  
Үйдің көйкі ши екен», – деп терезе жақтағы үйдің әктелген жерінің қабыршақтарын қолыммен тырнап түсіріп тұрдым. Біраздан соң тағы да: 
«Үйің, үйің үй екен,
Үйдің көйкі ши екен», – дедім.  Атам шығып, қарқылдап күліп: «Сақауым менің, сақауым, жарығым», – деп тәтті ұстатып, үйге кіргізіп шай берді.

Көкбөрі МҮБАРАҚ ҚИЗАТҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор