• ҰЛАН
  • 20 Маусым, 2022

Жақыныңнан жырақтама...

Бай мен кедей, жас пен қарттың арасындағы айырмашылықты сездірмейтін  бір дүние – смартфон. Оның көмегімен кімнің, нені, қайда, не себеппен жүктеп немесе көшіріп жасап жатқанында шаруасы жоқ. Жұрттың көбіне қызық керек. Талантын көрсетіп, танымал болып жатқандарға ешқандай қарсы сөз айтпайық. Олардың да бұл танымалдық жолында үйренгені, үйренері бар. Бір ғана гаджетпен бірнеше мамандықты игеріп, жұмыс істеп жатқандарға да шағым жоқ.  Ал бұл мақала еңбек ету үшін емес, тек қызық үшін смартфонға телмірген, өзін шынайы өмірден алшақтатып алған, бар уақыты тек бір нүктеге қадалумен өтетін жастар мен ересектер туралы.

Адам өзін қинағанды еш ұнатпайды. Жанын салып жұмыс істеп, шет елдерді көріп, жаңа дәм, жаңа иіс, жаңа сана толарлық сансыз сезімдерді бастан кешіруге жалқаулық танытады. «Пендеміз ғой, жал-қаулық маған ғана емес, барлық адамға берілген» дейтіндері бар арасында. Шынында көбіміз жалқаумыз, бірақ жалқаулық жаратушыдан берген қасиет деп үйде отыра берсек, бүгінгі күнге жетпес едік. Еріншектікпен қатар адамға сана да берілген. Армандап, сол арманға жету  үшін адымдап жүрер мақсаттар қойған адамдардың арқасында  бүгінгі жағдайымыз жаман деп айтуға келмейді.  

Басын телефоннан алмай, әлеуметтік желілер мен ойындарға кіріп кеткен адамдарға кейде әңгіме айтпақ түгілі, сәлемдессең сәлеміңді де алмайды. Ондай адамдар көбіне «иә», «жоқ», «мхм» деген жауаптармен шектеледі. Бұл тек балалардың ғана арасындағы жағдай емес, қазір ересектердің өзі балаларына ақыл айтар халде емес. Мысалы, екі баласы бар отбасын алып қарайық. Ата-ана жұмыстан келе салысымен баланың жағдайын сұрамайды, отыра қалып демалу керек. Онда да жәй тынықса мейлі дейсің ғой, бірден телефо-нын алып, үстел басына жайғаса кетеді. Оны көрген бала не істеуі керек? Ата-анасына отбасынан да Tik-Tok, YouTube секілді көңіл көтеруге арналған желілердегі бейнероликтер қызық. Ата-ана тарапынан көңіл бөлінбеген бала ойынға кіріп кетеді, кішкентай қызы болса, Tik-Tok жұлдызда-рына еліктеп видео түсіреді. Өкінішке қарай, бұл қазір көп отбасында кездесетін жағдай. 

Қанша шаршасаңыз да, көңіл-күйіңіз болмай тұрса да, жаныңызға келген жақыныңызға қарап бір ауыз жылы сөз айтсаңыз, сіздің өміріңізде оның қандай маңызы бар екенін ұғындырасыз. Күн сайын  24 сағатыңыз-дың  30 минутын сол адамға арнасаңыз, оның өмірінде сіздің қандай маңызыңыз бар екенін білесіз. Жай ғана көңіл бөліп, жарты сағат болсын оның қызығушылығын бірінші орынға қойсаңыз болғаны. 

Бұл гаджеттердің  тек арақатынасқа  тигізетін әсері. Ал оның денсаулыққа зияны туралы түрлі мысал келтіруге болады. Күнделікті сізге жасалған қарым-қатынастан эмоциялық тұрғыдан шаршайсыз, атқаратын тірліктерден, қарапайым жүріп-тұрғаннан физикалық тұрғыдан шаршайсыз. Ал электронды құрылғылардың әсерінен мен-талды тұрғыдан шаршайсыз. Көздің дұрыс көрмеуі, құлақта шудың пайда болуы тек бергі жағы, одан кейін жүйкенің тозуынан  жасыңызға жетпей ерте қартаю басталады. Соңы түрлі ауруға алып келеді. Соның ішінде ұзақ тынығудан кейін де кетпейтін тұрақты шаршауға әкелуі мүмкін. Одан басқа  белгілері: ұйқы, ойлау және есте сақтауға қатысты қиындықтар, бас ауруы, бұлшықет пен буынның ауруы, тұмауға ұқсас белгілер, тамақтың жиі ауыруы және тағы басқа.  

Өзіңіздің және жақындарыңыздың жағдайы сізді алаңдатса, оларға көңіл бөлуден шаршамаңыз. Гаджет керек, онсыз өмірді елестету мүмкін емес жағдайға жеттік. Үйде, жолда, жұмыста, қайда болсын электронды құрылғылармен жұмыс істейміз, олардан түбегейлі айырылу мүмкін емес. Тек ойын ойнауға, әңгіме айтуға, бейнероликтер көруге және түсіруге арнайы уақыт бөлінсе болғаны. Өміріңізде бірінші орынды құрылғыларға емес, жанашырларыңызға беріңіз! 

Жансая ҚОЖАҚҰЛ

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор