• Толағай
  • 20 Маусым, 2022

Он күн бойы қуанышқа бөлеген ұлттық құрама

Қазақ футболы жаңа бір кезеңге қадам басқандай. Өмірі жеңілістен көз ашпайтын ұлттық құрамамыз  он күнде төрт ойын өткізіп, бірде-біреуінде қарсыласқа есе жібермеді. Оның ішінде үш матчты өз пайдасына шешті.

Мұндайды бұрын-соңды көрмеген едік. Сондықтан да бөркін аспанға атып қуанып жүргендер көп. Оның үстіне, «Астана Аренадағы» ойындарға 30 мыңға жуық жанкүйер жиналып, футболшыларды соңына дейін қолдағанын көріп, шынымен де көп нәрсе өзгере бастағанына сене бастайсың. Бір кездері 70-80-минуттарда команда жеңіліп жатқанда стадионға келген халықтың жартысы шығып кететін. Ал құрамамыздың ойыны өзгеріп, ұпайлар келе бастағанда көрерменнің де көзқарасы жақсарды. Үкіметтегі министр, әкімдердің біразы да сол стадионнан табылды. Ендеше, он күн бойы тамаша көңіл-күй сыйлаған ұлттық құрамамыз жайлы сөз қозғайық. 

Биыл футбол федерация-сының басшысы ауысып, көпшілікке аса танымал емес Әділет Барменқұлов сайланған. Алматының тумасы болса да, соңғы жылдары Қарағандыда қызмет еткен Барменқұлов мырза жұмысына кірісімен құрама бапкерін ауыстырды. Молдовамен кездесуден үш апта бұрын Талғат Байсуфиновты қызметі-нен босатты. Орнына жас мамандардың бірі Андрей Карповичті бапкер міндетін атқарушы етіп тағайындады. Ол әйтеуір С дивизионында қалу мәселесін шеше алды. Бірақ Карповичтің жұмысы осы жерден тоқтады. Орнына Әділет Назарбайұлына жақсы таныс ұлты шешен, ресейлік маман Магомед Адиев тағайындалды. Таныс дейтін себебіміз, ҚФФ президенті бұған дейін сол Қарағандының «Шахтер» клубы директорлар кеңесінің төрағасы болған. Ал Адиев былтырдан бері осы клубты жаттықтырып жүрген. Бастық пен бапкердің тандемі енді ұлттық құрама деңгейінде жалғасын тапты. 

Әуелде мұндай таңдауға футбол жанкүйерлері қуана қоймады. Дегенмен, Магомед Мұсаұлы өзінің біліктілігін іс жүзінде көрсете білді. Сөйтіп, күмәнді ойда жүрген біраз көрерменді өзіне қарата алды. Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы ойын Әзербайжан құрамасымен өтті. Адиев бапкердің бір жақсысы, негізгі құрамда таңдауда батыл шешімдерге бара алады екен. Өйткені бұған дейін жаттықтырушылардың арасында басшыларға, басқаларға жалтақтап, ойыншыларды іріктейтіндері бар еді. Ал Магомед бапкер  Әзербайжанмен ойында «Таразда» жүрген Бауыржан Байтана, Елдос Ахметов, «Астанадағы» Аслан Дарабаев, «Ордабасыдағы» Эльхан Астановты, «Тобылдағы» Бағдат Қайыровты бірден алғашқы минуттардан ойнатты. Бұл футболшылар бұрынғы бапкерлер кезінде мұндай мүмкіндікке көп ие бола қоймаған. 

Бұл ойынның бірінші таймы сол ескі сүрлеумен өтті. Қазақстанға қарағанда қарсылас ширақ болып, әйтеуір қақпамызды голдан құтқарып қалдық. Бұған қақпашы Игорь Шацкий мен қорғаушылардың еңбегі зор. Сосын екінші таймда Адиев басқаша жүріс жасады. Байтананың орнына Оразовты шығарды. Рамазан шабуыл мен қорғаныс арасын тамаша жалғай білді. Шабуылдағы жалғыз үмітіміз Абат Айымбетов жарады. Айналдырған санаулы минуттың ішінде екі гол соғып,  аспандаған Әзербайжан құрамасын жерге түсірді. Қазақстан УЕФА-ға мүше болғалы отандастарымыздан ең көп ұтылған осы Каспийдің әр жағында бауырларымыз екен. Қазақстанға жалпы саны бес рет есе жіберіпті. 

Бірінші ойынды ұлттық, қоржында үш ұпай бар. Бірақ жаңа бапкер келгенде алғашқы ойынды сәтті бастайтынымыз бар. Кейін бәз баяғы қалпымызға оралатынбыз. Михаил Билек әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, екінші күні Ресейден 0:4 есебімен ойсырай ұтылған. Сосын Ұлттар лигасында Литвадан сырт алаңда үш ұпай алып, кейін топта соңғы орында қалып қойғанбыз.

Бірақ Адиев ондайлардың қатарынан емес екен. Әзербайжанның мәселесін шешкен соң Словакияға барды. Трнава қаласында өткен ойында қарсыластың құрамында Милан Шкринар, Станислав Лоботка, Юрай Куцка, Владимир Вайсс секілді Еуропа футболына есімі жақсы таныс футболшылар жүрді. Алайда іс жүзінде бүкіл ойын бойы словактар өз өрнегін көрсете алған жоқ. Мұнда да Адиевтің амалы іске асқандай көрінеді.

Келесі кезек Беларусь құрамасына келді. Бұлар санкцияға байланысты ойындарын өз елінде қабылдай алмайды. Сондықтан бейтарап мемлекетте ойнау керек. УЕФА Сербияны ұсыныпты. Матч дәл жаңбырлы күні өтті. Ақ жауынның астында ойнау екі командаға да оңай соқпады. Бірінші таймда Ян Вороговскийдың пасын Абат Айымбетов голға айналдыра алған. Бұл «Реал Мадридтың» жұлдызы Кәрім Бензема стилінде соғылған тамаша доп болды. Өкінішке қарай, жеңісті соңына дейін ұстап тұра алмадық. Үзілістен кейін алаңға кірген ойыншылар қателік жіберіп, қарсылас таразы басын теңестірді. Сөйтіп, матч 1:1 есебімен тең аяқталды.

Әйтеуір, беларусьтармен жолымыз болмайды. Неше рет кездессек те, бірде-бір рет жеңе алмай жүрміз. Енді қыркүйекте астанада қарымта қайтарамыз деп үміттенеміз. Маусымдағы ойындардың нүктесі Словакиямен қойылды. Орталық Еуропаның футболшылары «Астана Арена» стадионына келді. Алғашқы үш ойындағы Қазақ-стан құрамасының қарқыны жанкүйерлердің делебесін қоздырғандай. 30 мың адамға арналған стадионға 29 мың көрермен жиналды. Арасында шенді-шекпенділері де жетеді. Вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған Үкіметтегі министрлер мен әкімдердің біразы бой көрсетті. 

Футболшылар да жанкүйер-лердің сенімін ақтады. Бірінші таймда-ақ қатарынан екі гол соғылды. Қос қапталдағы Ян Вороговский мен Эльхан Астанов мергендік танытты. Словактар тек екінші кезеңде бір доппен жауап қатты. Одан әріге шамалары жетпеді. Осылайша төрт матчтың үшеуін жеңіспен аяқтады. Қоржында 10 ұпай бар.

Енді қыркүйекте Беларусь және Әзербайжан құрамаларымен кездесеміз. Егер сол ойындардың кемі біреуін ұтсақ, өз тобымызда топ жарамыз. Бұл дегеніңіз Қазақстанның Ұлттар лигасының В дивизионына көтерілеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына таласуға мүмкіндік туады деген сөз. С дивизионының төрт тобындағы жеңімпаз өзара кездесіп, бір жолдамаға иелік етеді. Дәл қазір Түркия, Грекия, Грузия және Қазақстан өз топтарында көш бастап тұр. 

– Қазақстан құрамасының құдіреті неде болып тұр? Мен киім ауыстыратын бөлмеде жігіттерге өз сөзімді айттым. Футболда жеңіс пен қатар жеңіліс бар. Әртүрлі жағдай бола береді. Мысалы, Беларусьпен ойында тіпті қарсыласқа есе жіберіп қоя жаздадық. Бапкерлер штабының ең басты жеңісі – футболшылардың басын біріктіре алды. Қандай мықты тактик бапкер болсаң да, ынтымақ-бірлік болмаса, бәрі бекер. Егер ондай ұжымдық қарым-қатынас орнаса, нәтиже де келеді. Ал жағдай басқаша өрбісе, супер жаттықтырушының өзі ештеңе істей алмайды, – дейді Магомед Адиев. 

Ол әзірге қарсылас құрама-лардың бірде-біреуі жеңілісті өз еркімен мойындамағанын айтты. Сөзінің жаны бар. Әзербайжан құрамасының бас бапкері екі доп жіберсе де, Қазақстанның жеңісін кездейсоқ деген еді. Бірақ ондайларға Адиевтің айтары бар. Аз сөйлеп, көп жұмыс істеу. Бастысы, мықтылығын алаңда көрсету. Әзірге Мұсаұлының бұл жоспары жүзеге асып тұр. Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы мергені:
3 – Айымбетов («Астана») 
Нәтижелі пас бергендер:
2 – Тағыберген («Тобыл») 
Гол+пас бойынша:
3 – Айымбетов («Астана», 3+0)
2 – Дарабаев («Астана», 1+1), Вороговский («Моленбек», Бельгия, 1+1), Э.Астанов («Ордабасы», 1+1), Тағыберген («Тобыл», 0+2). 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор