• ҰЛАН
  • 20 Маусым, 2022

TikTok жұлдыздары секілді сұлу болу оп-оңай

Тиктокерлердің жасөспірімдерді «жаулап» жатқаны жасырын емес. Қайда қарасаң да, кішкентай қыздар мен ұлдар әлемнің чарттарында топ жарып тұрған музыкаларға билеп, желіге жүктеп жатады. Мұндайда олардың таланты ғана емес, бет-әлпеті, киімі мен аксессуар таңдаудағы талғамы да танымал болуына көмегін тигізеді. Трендтегі киімдер, гаджеттер, аксессуарлар қажет, олардың көмегімен өзінің бағытын, көзқарасын көрсету арқылы аудитория жинап алуға болады. Алайда, шынайы сұлулықты қару есебінде қолдануға болады.  Себебі қазір табиғилық трендте.

Актерлардың барлығы дерлік косметиканы қолданып образ жасайды. Бірін ельф, бірін аниме персонаждары ретінде тануға болады. Желідегі образы ғана емес, шынайы өмірдегі көркіне қызығып, оларға ұқсағысы келетін жасөспірімдер қаншама. Мектеп жасындағы балаларға ең керегі – табиғи сұлулық. Мектепке мейк жасап баруға немесе түрлі аксессуар қолдануға тыйым салынады. Бірақ, біз де жасөспірім шақтан өттік, еркін болуға, өзімізді көрсетуге тырыстық. Қазір балалардың бұл кезеңдегі миссиясын орындауға Тик-Ток секілді әлеуметтік желілер көмектесе алады. 

Көмекші құралдардың көмегінсіз қалай образ құруға, сұлу қалыпта болуға, өзгелерден тұлғалық ерекшеліктерін көрсетуге болады? Ол үшін бірінші кезекте бет күтіміне мән берген жөн. Бұл 10–15 жастағы балалар үшін де маңызды. Терлегенде немесе басқа да жағдайда бет терісіне майда қалдықтар, тозаңдар жабысады. Мұның салдары бет терісінің құрғауына, ерте болса да әжім түсуіне, беттің қызаруына алып келеді. Одан бөлек бет терісінің тесіктері толып,  безеу, акне секілді бөртпелер шыға бастайды. Бұдан құтылудың жолы оңай. Күн сайын сырттан кірген кезде бетті және қолды жуу, жатар алдында және ұйқыдан тұрған кезде бетті қарапайым сабынмен жуу. Бұл үшін кез келген сабын жарай бермейді. Арнайы бет күтіміне арналған жуғыш заттар бар. SPF күннен қорғайды, терінің қарайып кетпеуінен сақтайды. Бетінде секпілі бар қыздар мен ұлдарға таптырмас құрал. Күннің әсерінен тері жасушалары қосымша меланин шығарады, соның әсерінен секпілдің түсі қанығырақ болып, айқын көрінетін болады.

Сұлулықтың екінші шарты – денсаулық. Бұл кезеңде жалқаулық танытқанымызбен, бойымызда күш-қуатымыз толып тұрады. Бірақ энергияға толы баланың организмі таза, денсаулығы мықты деп айтуға келмес. Дәрігерлер бет терісінің жағдайына қарап-ақ организмдегі қай мүшеде проблема бар екенін анықтай алады. Мысалы, безеу – аурулар картасы. Олардың маңдайда пайда болуы ащы ішектің, еріннің жоғарғы жағы мен бетке шығуы – тоқішектің проблемаларын көрсетуі мүмкін. Егер самайға шықса, өтті тексерту керек деген сөз. Бұдан бөлек көптеген мысал бар. Безеудің алдын алу үшін чипсы, шекілдеуік, газдалған сусындар секілді тағамдарды тұтынбаған жөн. Оның орнына витаминдер толы жемістер мен көкөністер, егер олар ұнамаған жағдайда жәй ғана витаминдер қабылдаған жөн. Бұдан бөлек күнделікті қозғалысты арттыру арқылы спортпен айналысуды міндеттеуге болады. Организмнің дұрыс жұмыс істеуінің тағы бір жолы – ұйқыдан кейін және дейін бір стакан су ішу. 

Үшінші, бірақ маңызы жағынан бірінші кезекте тұрғаны – ақыл. Ағылшын жазушысы Джордж Мередиттің керемет сөзі бар: «Ақылды адам – қазына; сұлу да ақылды адам – күш». Тек бет көркіне ғана емес, ақыл көркіне де мән берілсе, образ ғана емес, шынайы өмірдегі адам да әдемі, сұлу, ажарлы бола түседі. Ақылды болу үшін таң атқаннан кеш батқанға дейін мектеп бағдарламасын жаттаудың қажеті жоқ. Одан бөлек кітаптар оқуға немесе интернеттен қызықтыратын материалдарды оқуға тырысу керек. Фильмдер және қазір жасөспірімдер, тіпті, ересектер көретін анимелер де дамуға ықпалын тигізеді. Асыра сілтемеген жөн. Тек аниме мен фильм көріп немесе кітап оқып күнді өткізуге болмайды. Қазір қарым-қатынас орната білу де маңызды. Сыртқа шығып, кем дегенде күніне жаңа бір адаммен танысқан абзал.

Жансая ҚОЖАҚҰЛ

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор