• ІТ және инновация
  • 20 Маусым, 2022

Google программистер олимпиадасына қалай дайындалдым?

Бүгінгі кейіпкеріміз – Кербез Оразғалиева. Ол қазір Google компаниясының Варшавадағы кеңсесінде software engineer болып жұмыс істейді. Бұл мақалада Кербез олимпиадаға қалай дайындалғанын, бұл жарыстың тигізген пайдасын айтып берді.

– Қарағанды білім-инновация қыздар лицейінде 8-сыныпта оқып жүргенімде, сынып жетекшім әрі информатика пәнінен сабақ беретін мұғалімім: «Кербез, информатика саласын байқап көрсең қайтеді?» – деп ұсыныс айтты. Арада біраз уақыт өткен соң мектебімізде camp өтетін болды да, мен соған қатыстым. Сол camp-та ұстазым маған программалаудың базалық негіздерін көрсетті, сол кезде маған қатты ұнады. Содан кейін байқап көрейін дедім. Алайда 9-сыныпта мұғалім ауысты да, олимпиадаға дайындалуға талпынысым болғанымен, қалай дайындаларымды, кімнен көмек сұрарымды білмей қиналдым. Арада біраз уақыт өткен соң, 10-сыныпта Павлодар қыздар лицейіне ауыстым. Сол мектепте бағыма орай бұрын ұлдар лицейінде информатика пәні бойынша олимпиадаға дайындаған мұғалім болды да, сол кісі олимпиадаға дайындалуыма көмектесті. Ұстаздың кеңесімен acmp.ru сайтында есептерді шығара бастадым. Алайда уақыт өте келе мұғалімнің маған бере алатын білімі таусылды, яғни менің сұрақтарыма жауап бере алмайтын болды. Сол кезде жаңа тәлімгер таппасам, бір орында тоқтап қаларымды сездім.  

Негізі ұлдар лицейінде информатика олимпиадасына дайындық жақсы дамыған. Әр сыныпта олимпиадаға қатысып жүрген бірнеше мықты оқушы бар, үлкендері кішілеріне көмекте-сіп, өзара жарысып, бір-біріне түсіндіріп дайындалады. Бірақ мен қызбын, қыздар лицейінде оқып жүрген кезде информатика олимпиадасына дайындық онша дамымаған еді. Сондықтан мек-тебімде маған жөн көрсетіп, білмегенімді үйрететіндей адам болмады. 

Алайда, мақсаты бар адам ойлағанын іске асыру үшін бір амалын табады емес пе?! Солай мен де ізденіп, өз мектебімнен болмаса да, Ақсай ұлдар лицейінен мықты тәлімгер таптым. Осылайша, күндіз есептерімді барынша өз бетімше шығарамын, ал шеше алмаған тапсырмаларымды сол жаңа тәлімгерімнен кешке сұрап үйреніп жүрдім. Маған жарысқа дайындық пен сабақты бірге алып жүру қиын болған жоқ. Себебі олимпиадаға баратын оқушылар лицейде негізгі пәндерге ғана қатысады да, қалған сабақтардан босатылады. Осындай мүмкіндіктің арқасында таңғы асымды ішіп бола сала информатика сыныбына барып, түнгі онға дейін отырып дайындалатынмын. Әрине, оның арасында түскі, кешкі тамағымды ішемін. Лицей 22:00-де жабылады, әрі қарай жатақханаға барып, тағы да дайындалып, шамамен түнгі 12-де ұйықтайтынмын. Көп ұзамай облыстық олимпиаданың уақыты жақындады. Республикалық олимпиадаға облыс бойынша 10-сыныптан тек екі оқушы ғана өтеді. Сол кезде республикаға өтіп, орын алатыныма ешкім сенбеді, мені менсінбеді. Себебі маған қарсылас ретінде Павлодар ұлдар лицейінде 7-сыныптан бастап дайындалып келе жатқан, бұған дейін бірнеше рет орын алған мықты олимпиадашы бала болды. Соған қарамастан, дайындығымның арқасында информатика пәні бойынша облыстық олимпиадада  абсолют 2-орын алдым, яғни республикалық кезеңге өттім.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА

– Республикаға дайындығымды бастадым. Информатика пәнінен беретін мұғалімім, лицей директоры маған сеніп, барынша қолдау көрсетті. Осы жерде маған сенгені үшін оларға алғысымды білдіремін. Алайда дайындығыма кедергі жасаған адамдар да болды. «Қызсың ғой, программалаумен тек ұлдар айналысады, олардан оза алмайсың», – деп айналамдағы адамдар жиі айтты. Бірақ мен бұл сөздерге мән бермей, дайындығымды жалғастыра бердім. Республикалық олимпиада басталғанға дейін KATEV қоры барлық лицейдегі олимпиадаға баратын оқушыларға арнап шамамен он күндік camp ұйым-дастырды. Сол уақытта бір таң-қалғаным, информатика пәні бойынша 60 ұлдың ішінде тек екі қыз ғана болдық. Осыған қарап-ақ қыздар лицейіне қарағанда ұлдар лицейінде олимпиадаға дайындау жақсы дамығанын байқауға болады. 10-сыныпта республикалық олимпиадада орын ала алмадым, бірақ 11-сыныпта орын аламын деп алдыма мақсат қойдым. Оқу жылы аяқталғасын да олимпиадаға дайындықты доғармадым. Жаздағы ұзақ демалыста ҚБТУ-да өткен программа-лау бойынша жазғы мектепке барып, алгоритм бойынша білімімді арттырдым. Одан бөлек codeforces.com сайтындағы да контесттерге қатысуды әдетке айналдырдым. Солай 11-сыныпта өтетін олимпиадаға дайындықпен бардым.

«Олимпиадаңды таста, ҰБТ-ға дайындал»

– Алайда11-сыныпта өзімнен жасы үлкен адамдармен келіспеу-шілік болды. Себебі олар менің олимпиадаға дайындалғанымды құп көрмеді. Жұрттың бәрі менің ҰБТ-ға дайындалғанымды қалады. Ал мен өзіме не керек екенін білетіндіктен, ерегесіп олимпиадаға дайындалдым. 11-сыныпта облыстық олимпиа-дадан абсолют 1-орын алдым, ал республикадан қола медаль алдым. Бірақ халықаралық олимпиадада орын ала алмадым. (Халықаралық олимпиададан орын алғандар ҰБТ-дан босатылатын. – Кербез). Сол себепті де ҰБТ-ға соңғы төртінші тоқсаннан кейін ғана кірістім, соған қарамастан жақсы балл алып, СДУ-ға оқуға түстім. Мамандығым ІТ саласы болды. Университетте оқып жүргенімде программалау бойынша студенттерге арналған ACM-ICPC олимпиадасы болатынын естіп, бағымды сынап көрейін деп қатыстым. Жолым болып, командамызбен екі жыл қатарынан жартылай кезең финалисі атандық. Одан кейін олимпиадаға қатыспадым. Себебі университетті бітірмей тұрып жұмысқа орналасып кеткендіктен, уақытым болмады.

Әдетте ІТ компаниялар өздеріне маман іздегенде көбінесе LinkedIn платформасын қолданады. Өйткені онда түйін-демеңізде өзіңізді қаншалықты жақсы етіп сипаттасаңыз, соншалықты жақсы жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары. Сол себепті әртүрлі мамандық иесі өзінің жұмыс тәжірибесі мен қандай дағдыларды білетінін жазып қояды. Кейіпкеріміз Кербез де сол жерге өз түйіндемесін жүктейді.

«Сен нағыз Google-ға керек адамсың!»

– Бірде LinkedIn-дегі түйіндемеме ACM-ICPC олимпиадасының жартылай финалисі екенімді жазып қойдым. Бір күні Google компаниясының рекрутері ACM-ICPC олимпиадасына қатысқанымды көріп, маған өзі байланысқа шықты. Біз рекрутермен видео арқылы сөйлесіп таныстық, қысқаша жұмыс тәжірибем және мектеп кезінде олимпиадаларға қалай дайындалғаным жайлы айтып бердім. Рекрутерге менің стереотиптер мен дискриминациялық пікірлерге қарамастан программалаумен айналысқаным ұнады. «Сен нағыз Google-ға керек адамсың!» – деп маған шабыт берді. Олимпиаданың сұрақтары сұқбаттасу сұрақтарына ұқсас болғандықтан, ол менің жұмысқа өте алатыныма сенді. Сосын басқа интервьюерлермен шамамен жеті-сегіз сұқбаттасу жасап, одан сәтті өткеннен кейін жұмысқа тұрдым.

Олимпиаданың пайдасы

– Қазір көптеген ІТ мамандары менің позициямда FAANG компа-нияларға жұмысқа тұрар кезде leetcode.com сайтынан есептер шығарады, оған шамамен алты ай немесе бір жыл уақыт кетеді. Ал менде есеп шығарудан бұрынғы тәжірибем болғандықтан, ондай көп уақыт жұмсамадым.  Программалау бойынша олимпиадаға қатысу, біріншіден, өзіңізге тәжірибе болса, екіншіден, жұмысқа орналасар кезде түйіндемеңізде жұмыс берушінің назарына түсетін бір артықшылық. Бұдан бөлек кодты тез жазу, күйзеліске төзімділік, жылдам шешім таба білу секілді дағдыларыңызды дамытады. 

Мінекей, достар, оқушы кезде қалыптастырған жақсы әдет үлкен өмірде де көп көмек болатынын Кербездің әңгімесінен аңғардық. Ендеше, сен де арман жолында талпынып көр, міндетті түрде жетістікке жетесің. 

Қания ТАБЫС

«Ұлан» газеті, №25
21 маусым  2022 жыл

6704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор