• Бірінші байлық
  • 30 Мамыр, 2022

Көпшілік неге фастфудқа құмар?

Адам күні бойы белсенді жүру үшін ағза дұрыс жұмыс істеуі керек екені бәрімізге мәлім. Алайда, қалай дұрыс қоректену керегін біліп тұрсақ та, ағзамызға зиянды азықты тасымалдап жатамыз. Аптасына бір-екі рет фастфуд жемесек, ағзамызға бірдеңе жетпейтіндей көрінеді. Пицца, бургер, фри, сэндвич, кола секілді тағамдардың бәрі фастфудқа жататынын білетін шығарсың?! Бірақ, ағзаның фастфудты қалауы адамның еркінен тыс болуы да мүмкін. Бұл қалай? Адамдар неге еш себепсіз фастфудты қалап тұрады?

Әр дүниенің пайдалы тұсымен қатар, зиянды жағы да болады. Фастфуд та дәл солай. Бірақ, алдымен адамға пайдалы тұсынан бастайық. Фастфудты дайындау көп уақытты талап етпейді. Мысалы, фриді алайық. Жай ғана картопты кесіп, оны тұздап, сұйық майға қуыра саламыз. Бар-жоғы 15–20 минутты алады. Міне, адамдардың фастфудты жақсы көруінің бірінші себебі осы – көзді ашып-жұмғанша дайын болуы. Қазір адамдардың көбі уақытын бос өткізгісі келмейді. Тіпті, кейбіреулерге жұмысын бітіру үшін 24 сағат жеткіліксіз болып жатады. Адам сондай кездерде жылдам дайындалатын тамақты іздейді. 

Фастфудты жақсы көруіміздің екінші себебі – сақталу мерзіміне қатысты. Үйде дайындайтын сорпа, макарондар ең көп дегенде бес күн шыдауы мүмкін. Одан көп тұрып қалса, дәмін жоғалтады, құндылығын жоғалтады, пайдасынан көрі зияны басым болады. Ал, фри, пицца, қуырылған тауық еті секілді тағамдар оңайлықпен бұзыла қоймайды. Сондықтан қазіргі тұтынушылардың көбі аз уақытта бұзылып кететін тамақты қолданыс аясынан шығарып тастайды. 

Үшінші себеп – адам ағзасының өзгешелікті қалауы. Әрине, жұрттың бәрі бірдей фастфудқа тәуелді деп айта алмаймыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы тағамдармен ғана қоректенетін адамдар да бар. Бірақ, ағза бәрібір ол тамақтардан да жалығады, басқа ерекше тағамды қалайды. Ондай кезде адамның асқа тәбеті болмайды, өзін әлсіз сезінеді, үнемі фаст-фудты ойлайды. Соңында бұл ауырлықтан құтылу үшін фастфудқа жүгінуге тура келеді.

Адамдардың фастфудқа тәуелді болуының келесі себебі оның жағымсыз тұсын сипаттайды. Сонымен, фастфудтың адам ағзасын еш себепсіз баурап алуының төртінші себебі – құрамындағы заттар. Егер сенбесең, кез келген фастфудтың құрамына көз салсаң болады. Қарапайым Lays чипсыларының құрамына назар салайықшы. Онда былай жазылған: «Құрамы: картоп, өсімдік майлары, хош иістендіргіш (қант, тұз, сүт сарысуының ұнтағы, дәм мен хош иіс беретін заттар (құрамында термиялық технологиялық хош иістендіргіш бар), дәм мен хош иісті күшейткіш (1-ауыстырылған натрий глутаматы, 2-ауыстырылған натрий 5-инози-наты, паприка сығындысы, 4 қант колері), дәмдеуіштер, бояғыш, қышқылдықты рет-тегіш, қышқылдануға қарсы зат (альфа-токоферол)».

Енді чипсылардың құра-мындағы заттарды зерттейік. Иістендіргіштің құрамында спирт бар. Үлкендер ішімдікке қалай үйір екенін бәріміз білеміз, тіпті, тоқтай алмай қалады. Демек, біз күнделікті жеп жүрген чипсылардың құрамында спирт бар. Сол үшін ағзамыз оны еркімізден тыс талап етіп тұрады. 

Жапонияның Хиросаки университетінде жүргізілген тәжірибеге сәйкес, натрий глутаматы көру қабілетін бұзып, физиологиялық ауытқуға әкеледі екен. Олар бұл тәжірибені егеуқұйрыққа жасап көрген. Ал, натрий инозинаты әрдайым натрий глутаматымен бірге қолданыла-ды. Демек, натрий глутаматы мен натрий инозинаты адам-ның сол тамақты жиі іздеуіне әсер етеді. Паприка сығындысы түсті өзгертпей сақтап тұру үшін қолданылады. Ал паприканың өзі аллергия тудыратын дәмдеуіштің бірі. 

Енді бір сәт ойланып көрейік. Неліктен адам дүкенге барғанда ешқандай себепсіз чипсы мен Coca-Cola алады? Өйткені ағза өзінен-өзі қалап тұрады. Ал ағза неліктен қалайды? Құрамындағы қоспалардың адам ағзасына сіңіп қалуынан. Одан кейін адам өз-өзін ұстай алмайды. Бұл жолы тек чипсының құрамын тексердік. Бұған көз жеткізгің келсе, кез келген фастфудтың құрамын зерттей аласың. Деніміз сау, елімізге пайдалы ұрпақ болып өсуіміз үшін барынша денсаулығымызға зиянды дүниелерден алыс жүрген абзал.

Аяулым АБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №21
31 мамыр  2022 жыл

653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор