• ҰЛАН
  • 16 Мамыр, 2022

Ішкі гранттар туралы білесің бе?

Дәл қазіргі сәтте жас түлектердің басты мақсаты – өзі қалаған мамандыққа грантқа түсу. Алайда тек грант емес, жоғары оқу орны да маңызды. Кезекті кейіпкеріміз – 11-сыныпта оқып жүргенде жоғары оқу орындары ұйымдастырған түрлі олимпиадаға қатысып, Сүлейман Демирел университетінен 50 пайыздық грант ұтып алған Мерей Алайдар. Мерей СДУ-дан грант ұтып алса да, ҰБТ-ға және шығармашылық емтиханға қатысқан. Қазір ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде грантта оқиды. Ал өзі Түркістан облысының тумасы.

– Журналистика деген сөзді естігенде көп адамның көз алдына ҚазҰУ елестейді. Себебі бұл – талай мықты журналисті түлеп ұшырған қарашаңырақ. Журналистикаға деген махаббатым мені ҚазҰУ- мен табыстырды, – дейді Мерей. 

– СДУ-дан грантты қалай ұтып алдың?

– СДУ-ға түскісі келетін түлектер болса, университеттің сайты мен Инстаграм парақ-шасын үнемі бақылап жүргені дұрыс. Себебі СДУ жыл сайын ішкі гранттар ойнатып, бірнеше байқау ұйымдастырады. Мен сол байқаулардың бірі – SPT олимпиадасынан 2-орын алып, 50%-дық грантты ұтып алдым.

– Байқау туралы қайдан білдің?

– Маған барлық жарыс, байқау, олимпиада туралы мектебімнің оқу ісі жөніндегі орынбасары Әділхан Утегенов ағайым айтатын. SPT олимпиадасы туралы да Әділхан ағайдан естідім. Олимпиада-ның ақпараттық хатын жіберіп, маған тіркелуге көмектескен де сол кісі. Сол үшін ағайыма айтар алғысым шексіз. 

– Байқау туралы толық айтып бересің бе? Түлектерге үлкен көмек болар еді...

– Олимпиада жыл сайын өтеді және осы олимпиада арқылы СДУ жыл сайын өзінің 264 ішкі грантын ойнатады. Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде 50 логикалық есеп және оларды шешуге бір сағат уақыт беріледі. Бірінші кезеңнен өткен талапкер екінші кезеңде таңдау пәніне байланысты үш негізгі пәннен тест сұрақтарына жауап беруі керек. Ең жоғары жинаған абитуриенттерге СДУ-дың ішкі гранттары тегін беріледі. Әр мамандыққа 100% тегін оқуға мүмкіндік беретін 3 грант, 50 пайыздық жеңілдік ұсынатын 3 грант, 30 пайыздық 3 грант және 15 пайыздық 3 грант ойнатылады. Мен Алланың қалауымен 50 пайыздық грантты еншіледім.  

– СДУ-дан басқа тағы қандай оқу орындарының байқауларына қатыстың? 

– Бірінші Қожа-Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті ұйымдастырған «VIII Ясауи» олимпиадасына қатыстым. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің олимпиадасына қатыстым. Сосын Қазақ-Британ техникалық университетінен олимпиадаға қатысу туралы шақырту келді. Бұл университетте менің мамандығым болмағандықтан, бірден бас тарттым. Кейін поштама Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен олимпиада туралы ақпараттық хат келді. Бұл жолы олимпиадаға өзім қатысқым келмеді. 

– Әртүрлі университет ұйымдастырған байқауларға қатыстың. Осы тәжірибеңе сүйене отырып, әр байқаудың артықшылығы мен кемшілігін айтып өтсең…

– СДУ-да бәрі 100% жоғары деңгейде өтті. Техникалық ақау да, өзге қиындықтар да атымен болған жоқ. СДУ-да маған қатты ұнаған дүние – ақпараттың ашықтығы және қолжетімді болуы. Онда әр кезеңнен соң жеңімпаздар мен келесі кезеңге өткендердің тізімі нақты әрі ашық жарияланды. Іздеген адам бірден тауып алатындай болды. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ-дың олимпиадасына тіркелер кезде сайтта техникалық ақау туындады. «VIII Ясауи» олимпиадасында екінші кезеңге өттім. Ал екінші кезеңнен кейін менің жеңімпаз болған-болмағанымды айтпады. Сайттан да қарадым, әлеуметтік желілер арқылы да байланысуға тырыстым. Бәрібір ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмадым.

– Олимпиадалар  әділ өтті деп ойлайсың ба?

– Иә, әрине. Оған ақпараттың ашықтығы дәлел. Жеңімпаздардың аты-жөні, жинаған ұпайы, жіберген қатесі ашық жарияланды.

– ҰБТ-ға қатыспай, осындай ішкі гранттарға сенім артқан дұрыс па? 

– Жоқ, мүлдем дұрыс емес. Ішкі грант – талапкердің Б нұсқасы болуы керек. Потенциалы жетіп тұрса, грантты ҰБТ-да ұтып алған дұрыс. Ішкі грантқа сенген адамның білімі ҰБТ-ға дайындалып жүрген талапкерге қарағанда аздау болады. Сондықтан басты назарды ҰБТ-ға бөлген жөн. 

– Талапкерлерге осындай олимпиадалар туралы қандай кеңес бересің?

– Алдыңа келген байқаудан бас тартпау керек. Қолыңнан келсе де, келмесе де, бақ сынап көрген дұрыс. Байқаулар біліміңді бекітіп, білмейтініңді үйренуге көп көмектеседі. Ал сен білімді тек оқуда ғана емес, өмірде де қолданасың. Сондықтан алдыңнан шыққан мүмкіндікті жіберіп алмауды ойла.

– Сұқбатыңа рақмет, Мерей! Талапкерлерге көмек болады деп ойлаймын.

Оқырмандар арасында журналист болғысы келетін жас түлектер көп екені белгілі. Бүгінгі сұқбат сол талапкерлерге таптырмас мүмкіндік болмақ. Егер ҰБТ-дан қорқып, өзіңе сенімсіз болсаң, қауіпсіздік үшін екінші нұсқа ретінде ішкі гранттарды пайдалануға болады. Тек журналист болғысы келетіндер емес, өзге де мамандықтарға ішкі гранттар бар. Бұл туралы барлық таныстарыңа айта жүр. Пайдасы тиеді.

Аяулым АБАЕВА,
ҚазҰУ журналистика факультетінің 
1-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

2259 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор