• ҰЛАН
  • 16 Мамыр, 2022

Нағыз таэквондошыға тән қасиет

Таэквондо – шығыс күресіне жататын ұрыстық спорттың бір түрі. Корей халқының ұлттық спорты ретінде мәлім. Таэквондо 2000 жылдан бері олимпиадалық спорт түрі саналады. Қазақ жеріне спорттың бұл түрін Мұстафа Өзтүрік алып келген болатын. Қазір Қазақстанда таэквондо қарқынды дамып келеді. Жас спортшыларымыз ел ішінде ғана емес, шет елдерде де бой көрсетіп, жүлделі орындар иеленіп жүр.

Таэквондошының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді. Таэквондошы әр кезде өзіне сенімді, жігерлі әрі сабырлы болуға тиіс. Сондай таэквондошының бірі, жас спортшы Мұхаммед Сәрсенбай жайында сөз қозғамақпын. Мұхаммед 2008 жылы Алматы қаласында туған. Ол 5-сынып оқып жүргенде таэквондо үйірмесіне барады. Сол жердегі білікті бапкерлер баланың бойындағы дарынын сезіп, болашағынан үлкен үміт күтеді. Өсе келе спорт мектебіне тапсырып, басқа қалаларға жарысқа барып, чемпион болады. Қазір қызыл-қара белбеу иегері. Жаңа бапкерлермен жұмыс істеп, өзін дамытып жүр. 

Мұхаммедтің басты ұстанымы – сүйікті ісімен айналысып, еш уақытта ерінбеу, жалқау болмау, еңбек ету, ата-анасы мен бапкерлерінің үмітін ақтау. Ең алдымен, таэквондошы жалқау болмауы шарт. Ерте тұрып жүгіру, жаттығу жасау, уақытымен әрі пайдалы ас ішу маңызды. Бір күніңіз жаттығусыз өтпеуге тиіс. Мейлінше уақытты тиімді пайдалана білу керек.

Жақында Мұхаммед Байқоңыр қаласына барып, Ғарышкерлер күніне арналған халықаралық жарыстан жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады. Қазір Мұхаммедтің басты мақсаты – елімізде таэквондо спортын дамыту. Болашақта әлем чемпионы атанып, Қазақстанның жалауын желбірету. Таэквондоға қазақ балаларын баулу. Егер бойыңыздан таэквондошыға тән қабілетті байқасаңыз, кеш болмай тұрып өзіңізді қолға алыңыз. Қазақстанның әр қаласында таэквондодан дайындайтын спорт орталықтары жетерлік.

Томирис СӘРСЕНБАЙ, 
№180 мектептің 11-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор