• ҰЛАН
  • 16 Мамыр, 2022

Алманың түбіне жеткен оң қол

Тән ауруымен барлығымыз таныспыз. Бізді мазалайтыны соншалықты, дереу дәрігерге жолығып, сауығып кетудің түрлі амалын іздестіреміз. Ал жан ауруын ескере бермейміз, тіпті ақыл-есінен айырылған жанды көргенде оны аяп, бір жағынан одан қорқа бастаймыз. Осы мақа-ламды жан дертіне шалдыққан Алмаға арнағым келеді.

Жақында құрбымның кеңесі бойынша жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» деген әңгімесін оқыдым. Әңгіме өте қызық жазылғандықтан, бір деммен оқып шықтым. Төлен Әбдікұлы медицина саласының айрықша бөлігі – адам психикасына үлкен мән береді. Сонымен қатар, шығармада махаббат желісі бар. 

Бұл әңгіме психиатрия ауруханасында жұмыс істейтін дәрігердің басынан өткен оқиғаға негізделген. Наурыз айының соңында ауруханаға он жеті жастағы өте сұлу қыз келіп түседі. Өзін-өзі қылғындырып, өлтірмек болып жатқан жерінен ата-анасы бірнеше рет ұстап алады. Ал қыз болса «мен емес, мені өлтіргісі келетін – мына менің оң қолым, осы мені қинайтын» деп, ата-анасының айтқан сөзін жоққа шығарады.

Дәрігердің айтуынша, қыздың бойында медицинада жиі кездесетін – тәннің екіге бөліну құбылысы орын алған. Бұны бір дененің бойында бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі тұлғаның соғы-сына теңеуге болады. Алманың ұстамасы үш-төрт күнде бір рет, кейде күн сайын қайталанады. Жас қыздың жанын ауру қинаға-ны соншалықты, түнде ұйқыдан айырылып, қатты жүдегені байқалады. Басында дәрігер Алманы ғылыми объект ретінде қарасты-рып, палатасында түні бойы қалып, жағдайын бақылайтын.

Алманың рухани жалғыз екенін алғаш байқаған – дәл осы оқиғаны айтып отырған дәрігердің өзі.  «Сыртқа шығып, қыдырғым келеді. Көмектесіңізші...» деген өтінішіне ол қарсы шыға алмаған еді. Оның қызға көйлек таңдағаны, түнгі қалада жасырын кездесуі жайында, қыздың сұрауы бойынша рұқсат етілмеген бақтағы гүлді жұлғаны үшін милиция бөлімшесіне барғаны туралы жазылған сәттерін аса қызығушылықпен оқыдым. 

Дәрігер Алманы ауруынан сақтап қалудың шешімін тапты. Ол – оң қолының саусақтарын, болмаса оң қолын толығымен операциямен алып тастау. Осы жөнінде меңгерушімен сөйлеседі. «Егер олай жасамасақ, екі-үш күннің ішінде қыз өзін-өзі өлтіріп тынатынына кепіл боламын» деп көндірмекші болады. Операцияға қыздың өзімен, ата-анасымен сөйлесіп, рұқсатын аламын деп жатқан кезде Алма өзіне-өзі қол салып үлгерді. Палатаға кіргенде, қарашығы төңкеріліп, тілі шығып жатқан қызды көреді. Тіпті өзін тұншықтырғаннан тамағында көкпеңбек қолының ізі қалған. Жоғарыда айтқан «кепіл боламын» деген сөзі үшін кінәлі сезініп, қиын жағдайда қалады. 

Оқырманға «Оң қол» шығармасын оқып көруге кеңес бере-мін. Сюжеті бірден өзіне баурап алып қана қоймай, махаббат, жалғыздық, адам психологиясы секілді ауыр тақырыптарды қозғайды. Бұл шығарма – дүниетанымыңды кеңейтуге таптырмас құрал.

Айгерім ЕРБОЛОВА
Қарағанды қаласы

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор