• ҰЛАН
  • 16 Мамыр, 2022

«Қар қызы» жүрегімді жаулады

Жас тілшілер форумында «Ұлан» газеті бізге сыйлық ретінде кітап табыстаған еді. Әр екі балаға ғана бірдей кітап түседі. Қалғаны әртүрлі жанрда жазылған әртүрлі кітап. Маған Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі түсті. ҰБТ-да «Қар қызы» повесінің кейіпкерлері, олардың айтқан сөздері сұрақ ретінде келетін. Сонда жергілікті кітапханалардан бұл кітапты таба алмай, қатты оқығым келген. Сондықтан «Ұланға» рақмет айтамын!

Оралхан Бөкей мықты жазу-шылардың бірі екеніне тағы да көзім жетті. Әлі оқымаған жандарға, оқығысы келетін немесе оқуды жоспарлап жүрген жандарға ЕСКЕРТУ! СПОЙЛЕР! Оралхан Бөкейдің «Қар қызы»  повесінде Алтайдың қақаған аязында далада қалған үш жігіттің жайы сөз болады. Әкелері соғысқа кетіп, сонда қаза тапқан жігіттер соғыстан кейін дүниеге келген. Ауыл басшысының бұйрығымен қыс ортасында шалғайдағы ауылдан шөп әкелуге аттанған үш жігіттің бастан кешкен оқиғасы осы шығармаға арқау болады. Негізгі кейіпкер Нұржанның және жанындағы екі жолдасы Аманжан мен Бақытжанның шөп әкелуге бара жатып, жол бойында көрген қиындығы сөз болады. Нұржан аңыздан естіген Қар қызына ғашық болады. Қар қызының сыңсып айтқан мұңлы әуені тек Нұржанға естіліп, түсіне кіреді. Нұржан «бұл қызды таппай қоймаймын» деп өзіне серт береді. Сөйтіп жүргенде, үш жолдас айдаладағы Қоңқай шалдың үйіне түседі. Мұнан соң алыс сапарға қайта аттанған жігіттер бірер күннен кейін айдаладан жалғыз үйді көреді. Ол үйдің иесі кержақ шал еді. Түнеуге сұранған жігіттерді шал самарқау қарсы алып, ас-су беруге де жарамайды. Нұржанның жанындағы жолдасы Аманжанның мінезі де, түрі де үйіне түнеуге рұқсат еткенін міндетсінген кержақ шалдан айнымайтын еді. Ертесіне шалдан жол сұраған жігіттерге кержақ шал бұрыс жол көрсетіп, адастырып жібереді. Жапан далада ақ қардың арасында қалған үшеуінің өлім мен өмір арасындағы күресі енді басталған еді. Жылынар пана таппаған үшеуі ұйықтап кетіп, жантәсілім етудің аз-ақ алдында ғана қалады. Дегенмен Қар қызы Нұржанның түсіне кіріп, оны оятады. Сөйтіп үш жігіт өлімнен аман қалады. Үшеуінің айы оңынан туып, жүзі жылы ақсақал мен кемпірге кездеседі. Ақсақал үйіне қонақ етіп, Нұржанға біраз әңгіме айтады. Аңыздардан құлағдар етіп, Қар қызы туралы да баяндап береді. Ақсақалдың Алмажан есімді жалғыз қызы бар. 

Қыз бойында әлдеқандай жұмбақ жатқандай еді. Нұржан бір қара-ғаннан іздеп жүрген қызы осы Алмажан екенін білді. Алмажан мен Нұржан бір түн сырласып, шер тарқатады. Күндіз сауыншы, түнде Қар қызы болатын Алма-жанның сыңсып айтатын әні Нұржанның құлағына балдай жағады. Келесі күні Айыртаудан шөп алып, ауылға аттану қажет болады. Нұржан осы ауылда қалуды жөн көреді. Оның артынан Бақытжан да осы жапан далада қалатын болды. Сөйтіп Аманжан ғана ауылға кетеді.

Повестегі Қар қызының, қол-шатырлы Малика арудың бейнесі айрықша, әдемі сипатталған. Көз алдыңа елестетіп, өзің де сол кейіпкерлерге ғашық болатындайсың. Повестегі Қоңқай шалдың бейнесін толық ашқым келеді. Шығармадағы Қоңқай шалды жартылай жұмбақ күйде ұстаған автор концепциясы туралы үзілді-кесілді, біржақты тоқтам жасау қиын. Жұрттан жырақ өмір сүретін осы Қоңқай шал бейнесі арқылы Оралхан Бөкей нені меңзейді? Былығы көп қоғамнан тысқары өтіп жатқан тірлікті айыптау сарыны шығармада басымдық ала қоймаған. Қаптаған ел ортасында жүріп-ақ оқшау өмір сүретіндер жетіп артылады. Жазушы бір мәнде Қоңқай шалды «арқаланып» қоғамдағы кереғарлықты, келеңсіздікті меңзейді. Кейіпкердің ой ағыны, ішкі сезім сөзі арқылы әсер ету – автордың оңтайлы көркемдік тәсілдерінің бірі. Шығармадағы Қоңқай бейнесінен, сонымен қатар, жалғыздық пен кеңістік нышаны байқалады. Қоңқай бейнесін Оралхан Бөкей шебер бейнелейді. Оның екі тау арасында жападан-жалғыз тұратыны, аң аулап тіршілігін жасап жүретіні жалғыздығының анық көрінісі: «Шал әлденесін ұмытқандай далаға шығып кетті. Сол баяғы қалпы – көйлек-дамбалшаң, аяғына ештеңе кимеді. Осы бір сақалы өңірін жапқан қапсағай шал үшін мынау табиғаттың қысы, жазы – тіпті төрт мезгілі бірдей секілді ғажап адам еді. Осы жасына дейін қыңқ етіп ауырмаған, тоңып-жаурау дегенді білмейтін, ормандағы аң екеш аң секілді ғажап адам еді. Елмен аралас-құраласы жоқ, қоршаудан қашып шыққан бұғыдай саяқ ғұмыр кешті. Сонау аппақ кеңістікке барар жол мен ызаң шу, қым-қуыт өмірдің екі ортасында шекара, бекет іспетті, міне, жарты ғасырға осы жаман үйінде жападан-жалғыз тіршілік құруда».

Қоңқайдың өмірі – шығарманың басты өзегі. Өмір бойы жалғыз ғұмыр кешу қарғысына ұшыраған Қоңқай – жалғыздықтың бейнесі: «Шыр етіп жерге түскеннен бастап қоғам үшін, өзге біреулер үшін шырпы басын сындырып көрмеген Қоңқайда еңбек кітапшасы деген атымен жоқ-ты. Ешбір жерге өтініш жазып жұмысқа тұрған емес; ешқашан да жиналысқа қатысып, тіпті үйлену, шілдехана секілді жиын-тойда болған емес. Осы елдің тойын қойып, топырақты өліміне қатыспаған қаңғыбас Қоңқайда дін, идея, бір нәрсеге сену секілді үлкен ұғымдар атымен ада – өзімен-өзі, оқшау өмір сүріп жетпістен асып барады».

Жазушы Оралхан Бөкей шығармалары оқыған сайын тереңдей түсетін, бұйығып жатқан сыры мен бұғып жатқан құпиясы шешіле түсетін жұмбағы мол дүниелер. Ол шығармаларда қойылған «неге?», «біз кімбіз?» деген салмақты сауалдар бүгін де, ертең де, сан жылдар өткен соң да әр ұрпақтың алдынан көлденең шығып отырары даусыз. Бұл кітапты ең сүйікті кітаптарымның бірі деп толықтай айта аламын. Жалпы, кітапты кішкене Генри Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» (аударма Мұхтар Мағауиндікі) кітабына ұқсаттым. Дәл солай үш жолдас дәнеңені көздеп, саяхатқа аттанып, жолда талай қиындық көреді. Осындай аздаған ұқсастық байқадым. «Қар қызы» повесі мені ерекше романтикалық сезімге бөлеп, ерекше толқытты. Романтикалық жанрдағы кітаптарды ұнатқаннан ба, бұл повесть менің жүрегімді жаулап алғандай. Өте қызық кітап, бәріңізге оқуға кеңес беремін.

Марал ҰЗАҚТАЙ, 
Толқын орта мектебінің 10-сынып оқушысы.

Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

1343 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор