• Толағай
  • 16 Мамыр, 2022

Қазақ ауыр атлетикасына үлкен реформа керек

Ауыр атлетика федерациясы Алматы облысының 6 ауыр атлетінен допинг табылғанын хабарлаған. Одан бері де бір айдан астам уақыт өтті. Енді сол атлеттер үн қатты. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр.

Допинг қолданды деген спортшылар мыналар: 

Юлия Потасова – ауыр атлетикадан бірнеше рет ел чемпионы атанған. 
Абылай Әуелханов – Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, бірнеше рет Қазақстан біріншілігінде топ жарған. 
Игорь Сон – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан рекордсмені. 
Алексей Дроздов – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, бірнеше рет ел чемпионы атанған, халықаралық дәреже-дегі спорт шебері. 
Руфина Шалқарова – Жасөспірімдер арасында арасында әлем чемпионы.

«Шенеуніктер үшін бұл жағдай – есеп берген кезде түрте салатын әдеттегі статистика. Ал бұл біздің спорттағы өміріміз. Карьера-мызды осылай қара дақпен бастасақ, оны өмір бойы өшіру мүмкін емес. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, спортшының жоғары нәтижесі – көпжылдық еңбегінің жемісі.  Ауыр атлетика жарақат жағынан тәуекелі көп спорт түрі. Кез келген сәтте жарақат алу ықтимал-дығы жоғары. Қазақстанның атын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген спортшыларды осындай қиын жағдайда қалдырмайды деп үміттенеміз», – дейді спортшылар.

Ауыр атлеттер осы жағдайдан кейін допингке қарсы орталық тексерісті бастағанын айтты. Олар негізінен спортшылардың қанынан тыйым салынған метаболит пен метастерон препараттарын анықтауы керек. Жалпы, спортшыдан алынған анализ екі түрлі жағдайда тексеріледі. Бірінші, А кезеңі: Мұнда спортшының бойынан ешқандай допинг шықпаса онда оны қайта тексеруге жібермейді. Екіншісі, Б кезеңі:  Онда қайтадан тексеруден өткенше спортшы барлық жарыстан шеттетіледі. Ал соңғы кезең қорытындысы бойынша допинг анықталса, арнайы кеңес құрылып спортшыны жарыстан шеттетіп қана қоймай, оған спортқа келуіне ұзақ уақытқа тыйым салуы мүмкін. 

Ауыр атлеттер орталық тарапынан тергеу тек «Б» пробасы бойынша жүргізіліп, допинг қолданғанын мойындауға ғана итермелеп жатыр деп отыр. Негізі ереже бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп, олардың препарат қолданғанын анықтайтын дәйекті деректер келтірілуі керек екен.

«Сосын допингке қарсы орталық «Б» пробасы бойынша шығынды өз қалтамыздан төлеп деп отыр. Бірақ ережеде ондай ештеңе жазылмаған. «Б» пробасы бойынша бір тексеріс жүргізуге 2 миллион теңге керек. Әрбір спортшының екі проба үшін 4 миллион теңгесі болуы тиіс. Бірақ бізде ондай ақша жоқ. Ал пробаны анықтау үшін Германияға спортшылардың өзі немесе олардың өкілдері баруы керек. Өзіміздің абыройымыз бен әділдік үшін күресуге қаржылық мүмкіндігіміз жетпейді. Федерация тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Проблемамен тек өзіміз қалып қойдық», – дейді олар.

Наурыз айының соңында Халықаралық допингке қарсы агенттіктің мамандары Әуелханова мен Шалқаровадан тағы да сынама алған. Бірақ ол кезде спортшылар таза болып шыққан. Зерттеу Германияның Кельн қаласындағы допингке қарсы лабораторияда жүргізілген.

«Тыйым салынған заттардың бар-жоғын Қазақстаннан тыс зертханаларда анықтау керек. Өйткені елімізде Халықаралық допингке қарсы агенттіктің лицензиясын алған аккредиттелген лабораториялар жоқ. Қазақстанда допингке қарсы орталық тек спортшылардан сынама алумен айналысады. Ал зерттеулердің қарама-қайшы нәтижесіне байланысты олардың сенімді екеніне күмәнмен қараймыз», – дейді атлеттер.

Елімізде ауыр атлетика спортында допингпен ұстала-тындар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Мысалы, 2019 жылы статистика түзгенімізде 2008 жылдан бері допинг қолданған қазақстандық ауыр атлеттердің саны 40-тан асып кеткенін санағанбыз. Қазір бұл көрсеткіш одан сайын көбейіп жатыр. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ниджат Рахымов та жақында медалінен айырылды. 

Дегенмен дәл осы спорт түрінде елімізде үлкен интрига жүріп жатқан сияқты. Мысалы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлдың айтуынша, допинг-тексерістен бірінші кезекте өзіміздің бапкерлер әдейі өткізбей тастайтын жағдайлар болады екен. Өзі де сондайға тап болған.

«2015 жылы Хьюстонда әлем чемпионаты (Жазира Жаппарқұл 69 келіде күміс жүлде жеңіп алды – тілші) өткенін білесіздер. Біріншіліктің алдында Алматыда допинг-бақылаудан өттік. Үш рет таза болдым. Төртіншісінде бірдеңе тауып алды. Ұлттық допингке қарсы орталықтың басшысы Майра Бақашевамен сөйлестім. «Өзіңіз қазақтың қызы бола тұра, осындай лас тірлікке неге барасыз» дедім. Соңына дейін осы істе өзімді дәлелдейтінімді айттым. Сонда ғана тағы бір тапсырып көр деп айтты. Қайта тапсырып ем, таза болып шықтым. Мен өзім спортшылармен ортақ стакан немесе бір баклашкадан су ішпеймін. Үстелдің үстіне тамақты қойып кетіп, қайтып келіп оны жемеймін. Барлығын мұқият қараймын. Көре алмайтындар, қызғанатындар болады. Сондықтан абайлап, әр қадамымды аңдап басамын. Ешқашан допинг пайдаланып көрген жоқпын. Сол үшін қонақүйде бөлек бөлмеде жалғыз тұрамын. Спортшылармен бірге жатпағанмын. Оның бәрі сақтық шаралары ғой», – дейді Жазира Жаппарқұл.

Былтыр күзде осындай қысымға шыдамаған Альберт Линдер өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Сондықтан дәл осы ауыр атлетика, допинг мәселесі майшаммен қаралып, әділ түрде шешілсе деп үміттенеміз. Өйткені кейде болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылардың да болашағына балта шауып жіберетініміз бар. Ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әйгерім Әуелбек қоқан-лоқы көрсету, шабуыл жасау, «лас ойын» көп екенін айтады.

«Аға бапкердің (Альберт Линдердің өліміне байланысты жақындары айыптаған бапкер Сергей Седов – тілші) өз қызме-тіне сай еместігін, оған бұрын қылмыстық іс қозғалғанын айтқанбыз. Сол кезде өз мәселелерімізді де айтуға тырысқанбыз. Бірақ түсіністік танытып, көмектесудің орнына спортшылар мен олардың жеке бапкерлерін қорқытуды бастады. Қазір бізді қолдап, өздеріне қарсы шыққан бапкерлердің қалаларына допинг-бақылау жібереміз деп қорқытып жатыр. Егер спортшыдан тыйым салынған препарат табылса, спортшы мен жеке бапкері өмір бойына дисквалификация жасаймыз деген», – дейді Әйгерім.

Әйтеуір, қосақтың арасында тазалары да кетіп қалмаса екен деген тілек бар. Қалай болғанда да қазақ ауыр атлетикасына үлкен реформа керек. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор