• Өнертапқыш
  • 18 Мамыр, 2022

Дауысты мәтінге айналдырады

Үлкен кісіге көмектессең, жас балаша қуанады. «Бақытты бол!» – деп батасын береді. Өз-өзіңе риза боп, мәз боласың. Ал миллион адамның алғысын алуға қалай қарайсың? Мысалы, Өркен Мамырбаев деген ғалым ағаларың қоғам үшін пайдалы іс бастады. «Kazak ASR» деген жүйе жасады. Ол дауысты оқып,  мәтінге айналдырады. Қазір Telegram желісінде чат-бот ретінде жұмыс істеп тұр. «Kazak ASR» арнасына дауыстық хабарлама жіберсең, сөзіңді мәтінге айналдырып кері жүктейді.

Сонымен қатар жиналыс немесе кездесу кешін жазатын жазу құрылғысы да бар. Шара біткен соң құрылғы хаттаманы қазақ тілінде жазады. Жақсы жаңалыққа қуанып, Өркен ағаларыңмен сөйлескен едік. «Ғалым болып, халқыңа қызмет ету, алғысын алу ерекше сезім. Әр бала осы сәтті сезінсе деймін. Оларды білім алуға, жас кезде уақытты босқа өткізбеуге шақырамын», – дейді ғалым.

PHILIPS КОМПАНИЯСЫМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Жүйенің идеясын өзім жасадым. Істі ойға алған соң мамандар іздедім. Жас ғалымдар мен шетелдік ғылыми жетекшілермен бірге жүйенің жұмысын бастадық. Топта сегіз ғылыми қызметкер бар. Нидерландтық Philips компаниясы серіктестік пен өнімді одан әрі жетілдіруді ұсынды. Енді шығаратын микрофонның түрлері көп. Біз негізгі бағдарламаның қосымшасын жазамыз. Бұл қосымша – тілдік модель. Осы модельді әртүрлі микрофонның құрылғысына орнатады. Ол құрылғылар: диктофон, микрофон, жиналыс өткізетін диктофон болады. Бағдарлама компьютерге жүктеліп, кейін микрофонды қосамыз. Құрыл-ғы екі түрлі дауысты таниды.

Елге танылу үшін әлеуметтік желіге шығардық. Ең алдымен WhatsАpp мессенджерінде жасамақшы болдық. Бірақ Telegram-да мүмкіндік көп екен. Тегін әрі арзан. Бұған ұзақ уақыт кетті. Бірінші тілдік корпусты дайындадық. Белгі қойып, нейрондық желі моделін қостық. Оған қап жаздық. Бірінші сервер әлсіз боп, екіншісін орнаттық. Құрылғының бағасы тесттен өткен соң белгілі болады. Шамамен 500–600 АҚШ доллары.

АНАСЫ ЖИНАЛЫСТА БОЛСА...

Әріпті енді танып жүрген балаларға қызық. Өзі ойдан ертегі шығарып, оны жүйеге оқыса, әр сөзінің мәтін болғаны қызық емес пе?! Ата-анасы жиналыста болса, бала дауыстық хабарлама жіберіп, оны анасы оқи алады. Токиода Инженерлік-техникалық университетте өндірістік іс-тәжірибеден өттім. Ол жақта көп нәрсе үйрендім. Елде тағы екі жоба жүргізіп жатырмын. Жасанды интеллект саласында сөйлеуді тану саласының маманымын. Болашақта жасанды интеллект дами береді. Қолданысқа байланысты әртүрлі бағытта интеллектуал жүйе құрғым келеді. 

Көп оқып, ізденіңдер. Білім алам деген балаға барлық есік ашық. Біздің елде қалып қоймай, шетелден оқып келіңдер. Көбіне екі елдің білімін ұштастырса, білікті маман болып шығады. Шетелде зерттеу бағытын дамытуға болады. Шетелдік ғалымдармен көп араласқан жөн. Ғалымдармен сөйлесе отырып, тың идея алуға болады.

ҒЫЛЫМНЫҢ ЖЕТЕР ШЫҢЫ БИІК

Siri мен Алиса сияқты кеңесші керек. Ақылдасып, іздеу жүйесінде әртүрлі кеңесалуға болады. Мысалы, дәрігер, адвокат ретінде компьютерге сұрақ қоясыз. «Дәрігер, менің мына жерім ауырып тұр, не болуы мүмкін?» – деп сұрады делік. Кеңесші: «Қызуыңыз көтеріліп тұр ма?» – деген секілді сұрақ қояды. Науқасқа диагноз қояды. Оны дәрігер нақтылап, шешімді өзі шығарады. Роботтарды басқару жүйесінде де қолданып жатыр. Токио профессорларынан көп дүниені үйренуге болады. Ғылымның жетер шыңы биік. Елде жүріп, шетелдік журналдарға мақала жазуды білмедім.

Жапон ғалымдарынан шетелдік басылымдарға ғылыми мақаланы қалай жазуға болатынын көрдім. Ғалымдар түрлі идея береді. Шетелде ғылымға ақша көп бөлінеді. Университеттің ішінде жүріп-ақ қиналмайсың. База барлық жерде ашық тұрады. Ал біздің елде жабық. Қажет болса сатып аласың...

50 ҮЗДІК ҒАЛЫМНЫҢ БІРІ

Ғылымға бала кезімнен бейім болдым. Әкем матема-тика пәнінің мұғалімі. Сол кісінің жанында жүріп, қызығушылық оянды. Мұғалімнің баласы болғасын сабақты жақсы оқыдым. Республикалық олимпиадаға Информатикадан қатысып, 1-орын алып жүрдім. Бағдарлама құруға қызығатын едім. Банк жүйесінде біраз жыл жұмыс істедім. Жақында елу ғалымның арасынан Ғылыми шәкіртақы ұтып алдым. Конкурс жарияланып, оған елдегі барлық ғалым қатысады.

Монография, мақала, ғылыми жұмысты қорғау барлығы есептеледі. Нәтижесінде елу үздік ғалымның қатарына кірдім. Білім және ғылым министр-лігінің грантын ұтып, «Kazak ASR» жобасымен айналыстым. Жобаны патенттеп, болашақта сатуға дайындап қойдық. Ендігі мақсатым – жұмысты одан әрі жетілдіру. Алиса, Siri сияқты қазақ тілінен ағылшынға тура аударатын жүйе жасағым келеді. 

«Ғылымда ақша аз» деп жастар қызықпайды. Иә, бұрын солай болатын. Ғылыми жобаға мүмкіндік үш жылда бір рет берілетін. Ғалымдар студенттерге сабақ беріп, күнін көретін. Қазір жыл сайын әртүрлі жобалар болады. Арнайы ғалым ретінде қосымша айлық бөлінеді. Түрлі гранттар жарияланады. Бар қажеттілік ғылымда. Өзім Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының ғылыми қызметкерімін.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БАРЛЫҚ  МӘТІНДІ ОҚИДЫ

Қазақ тілінде кез келген мәтінді ер немесе әйел адамның дауысымен тыңдауға болады. Екі дауыс та өте сапалы жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейді. Microsoft компаниясында Immersive Reading Tool деген функция бар. Инклюзив білім беруге арналған сервис. Бір қызығы, дауысты жылдам немесе баяу тыңдауға болады. Дислексия, дисгра-ция сынды мәселесі бар балаларға көмекші құрал. Осы балаларға арналған мәтін оқу мүмкіндіктері, қазақ тілінде визуал сөздік бар. Бұл жүйені іске қосу үшін кез келген MS Office Edge браузерінде View Immersive Reading Tool таңдау керек.

Бетті дайындаған Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА 

Суретте: Польшадағы тәжірибе алмасу сәтінен

«Ұлан» газеті, №19
17 мамыр  2022 жыл

369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор