• Сенің замандасың
  • 18 Сәуір, 2022

Қазақстанды танытуға арналған жоба

Жақында әлеуметтік желіден Қазақстан туралы ақпарат таратып, креатив, ерекше контент ұсынып жүрген парақшаны байқадым. Маған қатты ұнағаны, жұмыстары өте сапалы түсірілген және таза қазақша. Құрылғанына көп болмаса да, көрерменді ерекше форматымен баурап алған жобаға қызығып, жобаның бір мүшесінен сұқбат алған едім. Жалынды жастардың бұл бастамасы қолдауға тұрарлық.

– «Salem-Alem» медиа жобасын құрудағы мақсат не?

– «Salem-Alem» медиа жобасы Қазақстанды әлемдегі халқы ең көп әрі жылдам дамып келе жатқан Қытай мемлекетіне таныстыру, осы негізде Отанымыз туралы жағымды имидж қалыптастыру. Интернеттегі шектеулерге орай Қытайдың интернет кеңістігінде Қазақстан туралы шынайы әрі дұрыс ақпарат тапшы. Ал біз өз еліміздің заманауи бейнесі мен бірегей жетістіктерін көрсеткіміз келді, соның негізінде екі елдің ынтымағын одан ары арттырамыз. Бұл алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстың тығыз дамуына, әрі еліміздің туризм саласының дамуына өте үлкен пайдасын тигізеді. «Salem-Alem» медиа жобасы дәл қазір Қытай әлеуметтік желілерінде Қазақстан имиджін арттыруға бағытталған бірден-бір жоба.

– Қашан және кімнің жетекшілігімен құрылды?

– Жобамыздың жұмыс істеп келе жатқанына шамамен бір жылдан асты. 2021 жылдан бері жұмыс істейміз. Жоба – Салтанат Жұмәлінің идеясы.  

– Неліктен Қытай интернет желілерін таңдадыңыздар?

– Себебі Қытай желісі оқшау болып келеді, Қазақстан туралы шынайы әрі жағымды ақпарат аз. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздедік. Тағы бір айта кететін жайт, Қытай – үлкен аудитория. Біз еліміз-дің көркем жерлерін көрсету арқылы Қытайдан елімізге көптеген турист келуіне ықпал етіп, отандық туризмге де пайдамызды тигізгіміз келеді. 

– Жоба құрамында қанша адам бар және қандай жүйе бойынша жұмыс істейсіздер?

– Командамызда қазір алты адам жұмыс істейді. Ешкім жалақы алмайды. Біз қытайлық DouYin, KuaiShou, WeiBo, WeiXin сияқты төрт ірі әлеуметтік желіде контенттерімізді ұсынып отырамыз. Команда мүшелері контентке сценарий жазу, өңдеу, қытайшаға аудару, статистикалық зерттеу, видео дайындау сияқты процестерге қатысады. Алдағы уақытта командамызды ұлғайту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу ойымызда бар.

–  Сіздердің дайындаған жұмыстарыңызбен көрермен қалай таныса алады?

–  Негізгі аудиториямыз Қытай мемлекетінде болғандықтан, қытай платфор-маларында жұмыс істейміз. Алайда отандастарымыз да біздің жобамызбен танысуы үшін Инстаграмнан парақша және Ютюб желісінен канал аштық. 

– Қытайлық әлеуметтік желілерде контент жүктеуге қалай мүмкіндік алдыңыздар, келісімшартқа отырдыңыздар ма?

– Қытай тілін білуіміз қытайлық платформаларда жұмыс істеуімізге жол ашты. Біз Қытайдағы танымал төрт платформаны таңдап, ресми тіркелдік. Қазір платформалар ережесіне сай контент жариялап келеміз. 

–  Осы кезге дейін жеткен нәтижелеріңіз қандай?

– Өткен жылғы нәтижені айтатын болсақ, 2021 жылы әлеуметтік желілерде жалпы 12 видео жүктедік. 2 206 000 қаралым, 212 000 лайк болды. Сонымен қатар отыз мыңға жуық тұрақты оқырманымыз бар. Қазір бұл көрсеткіш қарқынды артып келеді. 2022 жылы бұдан да үлкен нәтижеге жетуді көздеп отырмыз. Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар. Алдағы уақытта осы жұмысымызды жалғастырып, еліміздің көптеген қаласы мен көрікті жерлерін аралау, таныстыруды ойластырып отырмыз. Әрине, бұл тарапта бізге қаржылай қолдау қажет болады. Бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз.

– Іске сәт!

Гүлнұр САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
ЕҰУ 1-курс студенті.

Нұр-Сұлтан қаласы

«Ұлан» газеті, №15
19 сәуір  2022 жыл

6676 рет

көрсетілді

244

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор