• Күншуақ
  • 04 Сәуір, 2022

​​​​​​​AYALA қоры: қайырымдылық тиімді болғаны дұрыс

AYALA Қайырымдылық қорына биыл 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қор нәрестелер мен балалар өлімін азайту, жасөспірімдерді кәсіби бағдарлау және ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету үшін 5 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған екен.

2007 жылдан бастап AYALA қоры қайырымдылықтың осы үш бағыты бойынша жүйелі жұмыс істеп келеді. Қор тиімді қайырымдылыққа басымдық береді. Демеуші-лердің қаражаты мен қазақстандықтардың қайырымдылық жарнасы бір жолғы көмекке емес, жылдар бойы жұмыс істейтін жобаларға жұмсалады. Соның арқасында елімізде жүздеген бала-ның өмірін құтқару мүмкіндігі туғанын атап өткен жөн. Нақты санмен айтар болсақ, қор қаржысына алынған құрылғылар өткен жылдар ішінде 200 мыңға жуық баланың өмірін құтқаруға қызмет етіпті. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 67 реанимация бөлімі қор ұсынған құрал-жабдықтарды алыпты. Құрал-жабдықтардың жалпы саны – 1100. Ал осы құрылғылардың арқасында бір ғана Алматыдағы балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасында бала өлімін төрт есеге дейін азайту мүмкіндігі туыпты. 

Ар жағын айтпағанда, 2021 жылдың ішінде ғана қор демеушілер мен халықтың қайырымдылық жарнасы түрінде 480 млн теңгеден астам қаражат тартқан. Оның 216 млн теңгесі Қазақстанның 12 перинаталдық орталығына 80 жаңа медициналық техника сатып алуға және орнатуға жұмсалған. Алдағы бес жылда бұл мыңдаған нәрестенің өмірін сақтап қалуға, сонымен бірге олардың ақыл-есін сақтауға көмектеседі.

«Біз о бастан бір реттік науқан үшін қаржы жинамаймыз деп шештік. Дәрігер ретінде тек жүйелі тәсіл ғана ауқымды нәтижеге жеткізетінін түсіндім. Сондықтан біздің қор 15 жыл бойы балалар реанимациясына арналған жабдықтармен жұмыс істеп келеді. Бұған қоса, балалар дәрігерлерінің, соның ішінде неонатолог, ортопед, кардиохирург, реаниматолог мамандардың біліктілігін арттырумен айналысамыз, – дейді AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова. 

– Жыл сайын еліміз бойынша перинаталдық орталықтардың реанима-циясынан мыңдаған бала өтеді. Медициналық жабдық бірнеше жыл қызмет етеді».

Қордың вице-президенті Наталья Еськова келтірген деректерге сүйенсек, өткен жылдар ішінде AYALA 600-ге жуық неонатолог дәрігер мен медбикенің оқуына жағдай жасаған. Неонатологтарға арналған үш бірдей әдістемелік оқу құралын жарыққа шығарған. Жиырмаға жуық қазақстандық дәрігер шет мемлекеттерде білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болған. 15 жыл ішінде AYALA  2,2 млрд теңгеден астам қаражатты қазақстандық денсаулық сақтау мекемеле-рінде балаларды құтқару және күтіп-бағу жұмыстарын жетілдіруге жұмсаған. Қор алдағы жылдары балалар мүгедектігін қысқарту бойынша белсенді жұмыс істеуді көздеп отыр.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда мүгедек балалардың саны артып келе жатыр. Кейінгі бес жылда бұл сан екі есеге артып, 100 мыңнан асып кетті. Бұл дегеніңіз – шағын бір қаланың халқына тең. Баланың өмірін сақтап қалу өте маңызды, бірақ одан да маңыздысы – оның денінің сау болуы. Сондықтан бірнеше жылдан бері біз балалар реанимациясын балалар-дың мүгедектігін азайтуға көмектесетін құрал-жабдықтармен және емдеу технологияларымен қамтамасыз етіп жүрміз, – дейді Айдан Сүлейменова. – Осыған орай елімізде автоматтандырылған гипотер-мия аппараттары пайда болды. 2017 жылдан бастап олар қор оқытқан дәрігерлердің қолымен 200-ден астам баланың өмірі мен ақыл-есін сақтап қалды. Өткен жылдан бастап ретинопатиямен шала туған нәрестелердің көру қабілетін сақтау жұмысына белсене араласып жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігімен бірқатар кездесу өткізіп, осы ауруды Дәрі-дәрмекпен емдеу жөніндегі хаттаманы іске асыруға қосылдық. Көздің торын коагуляциялауға арналған төрт лазерлік қондырғы мен екі офтальмоскоп сатып алдық. Офтальмолог дәрігерлерге тегін бейнекурстар түсіруді жоспарлап отырмыз. Алты ретиналдық камера мен 11 офтальмоскоп сатып алу үшін демеушілермен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл алдағы үш жылда ретинопатиясы бар жаңа туған нәрестелерде көру қабілеті бойынша мүгедектіктің айтарлықтай төмендеуіне әкелуге тиіс».

AYALA демеушілерден жиналған қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсайды. Бүкіл жұмысы ашық. Ayala.kz сайтында 2007 жылдан бастап барлық қаржылық есеп бар.

«Қайырымдылық саласындағы жұмыс жан-тәніңмен берілуді талап етіп қана қоймай, сонымен бірге жүйелі жұмысты қажет етеді. Біз жаңа идеяларға ашықпыз. Коммуникация, жобаларды басқару, тіпті сату бойынша да білімімізді жетілдіріп отырамыз», – дейді Айдан Сүлейменова.

«Ұлан» газеті, №13
5 сәуір 2022 жыл

13301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор