• Күншуақ
  • 23 Наурыз, 2022

«Мен сенің жанарыңмын»

Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары көктемнің алғашқы күндерінде «Күшіміз-бірлікте» атты жаңа әлеуметтік жобаны бастады.

Ұстаз Жанна Елемесқызы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатының оқушыларымен кураторлық сағат ұйымдастырды. Алғашқы кездесу балалардың бір-бірімен танысып, одан әрі ынтымақтастық үшін ортақ алаң құруға арналды.

Мектептегі «Алатау» шаңырағының бірлестігі шараға мұқият дайындалды. Келген қонақтар мұң-мұқтажы мен кездесетін қиындықтары жайлы айтты.  Оқушылар мектеп психологтарынан кеңес алып, көру қабілеті нашар балалармен жұмыс істеудегі әлемдік тәжірибелерді зерттеді. Нәтижесінде  қонақтардың тактильді танысуына, талғамына және есту сезіміне арналған «Маған ұнайды, ұнамайды», «Жаз дыбыстары», «Дәмін тап» сияқты танысу ойындарын ұйымдастырды.  Куратордың міндеті қонаққа оқушы-кеңесшіні бекітіп,  «Мен сенің жанарыңмын» ұстанымын енгізу.

«Go Home» дәстүрлі танысу ойыны қызықты өтті.  Туған күндеріне сәйкес шеңбер құрып, бір-бірімен жақын танысты. Зияткерлер алдын ала дайындаған тактильді реквизиттері арқылы өздерін таныстырды. Осылайша  қонақтың есінде қалып, жеке кеңесшісі болатын ниеттерін жеткізді. Мысалы, Анель Марат жақсы көретін жылы әрі жұмсақ жемпірін киіп, қонақ оны ұстағанда жылылығы мен жұмсақтығы есінде қалды. Бекнұр Оразбай бұйымдардан өрмекші жасап, оны Томириске сыйға тартты. Аружан Ілиясова шақырылған балаларға арнайы қолдан пісірілген тәттілерін ұсынды. Алма мен Анель укулеле мен гитарада өздерінің сүйікті әндерін орындады.

Әмина Болатова ұйымдастырған «Дәмін тап» тренингі барлық балаларға әсерлі болды. Қонақтар кеңесшілерімен бірге жеміс шырындарының дәмін татып, қандай жеміс екенін ажырата білді. Балалар ән айтып, бір-бірімен сырласып, ортақ қызығушылықтарын айтты. Бастау алған достық Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірім театрының «Ұр, тоқпақ!» қойылымын тамашалаумен жалғасты.

Оқушылар үшін кездесу құнды тәжірибе болды. Олар өздерінің құрдастарына көмектесуге дайын екендіктерін көрсете білді:

Рустам СУГРАЛИН:

– Кездесуден алған әсеріммен бөліскім келеді. Аиданың кеңесшісі болдым. Негізі біздің талғамымыз сәйкес келмеді. Мен оны Жұлдызбен таныстырдым. Өйткені, олар дорамаға қызығады екен. Қонақ балалардың жабырқау екенін байқадым. Бірақ жақын араласқаннан кейін өздерін жайлы сезінді. Оны Аида айтты. Мектепке келгенде қатты қобалжыпты. Балалардың ашылуына «Go Shanyrak» көмектесті. Таныстықтың бастауына үлкен рөл атқарды. Лайықты жұмыс істедік деп ойлаймын.  Қонақтар риза болды.

Жұлдыз АЛАЙДАР:

– Бүгінгі күн есімде ұзақ сақталады. Балалармен сөйлескеннен кейін олардан еш айырмашылығымыз жоқ екенін байқадым. Олар да біз сияқты балалар. Түрлі аспаптарда ойнаған таланттарына тәнті болдық. Қиыншылықтарға қарамастан, өз бойларында көп нәрсені аша білген. Сурет салып, ән айтып, аспаптарда ойнайды. Қатты қуандым. Айғаным деген қыздың екінші кеңесшісі болдым. Оның мінезі, өзін-өзі ұстауы ұнады. Кейін кездесіп, сырласатын боламыз. Себебі, бүгіннен бастап біз олармен бір шаңырақтамыз. Реквизитім қоңыраулы жиек еді. Айғанымға танысуымыздың белгісі ретінде сыйға тарттым. Адам қандай лауазымда болса да біз бәріміз бірдейміз. Бақытты өмір сүруге лайықтымыз.

Бекнұр ОРАЗБАЙ:

– Бүгін мен үшін ұмытылмас күн болды. Өйткені, көру қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары мектебімізге қонақ болып келді. Тәжірибені ешқашан ұмытпаймын. Ерікті болып жұмыс істеген жоқпын. Қызықпайтын едім. Бейтаныс адамдармен сирек араласатынмын. Осы әдетім дұрыс еместігін түсіндім. Телефон нөмірлерін жазып, байланысты жалғастыруды жоспарладық. Кездесу алдында тактильді жаттығуларға қажетті реквизиттерді алып келуге келістік. Әпкемнің орамалы мен ағамның сағатын алдым. Олар отбасымның бір бөлігі болғасын, құрметтеймін әрі жақсы көремін. Осы жерде отбасының өте маңызды екенін көрсеткім келді.

Алма СЫҒАЕВА:

– Әрбір қонақтың музыкалық аспапта ойнай алатынын білдім. Лаурамен оңай ортақ тіл табыстым. Қызуғышылығымыз ұқсас екен. Балалардың сырын айтып, бізге сенетінін байқадық. Ұнайтын тақырыптарға келгенде әңгімемізді үздіксіз жалғастырып кеттік. Алена Швецтің әндерін көп адамдар біледі екен.  Лаураның маған ән айту жағынан үйреткені мол болды. Екеуміз бір-бірімізді бұрыннан танитындай,  емін-еркін сөйлестік. Басқа балаларды білмеймін. Ол тұлға ретінде өте тамаша қыз. Жаңа құрбы табысқаныма риза болдым.

«Күшіміз-бірлікте» әлеуметтік жобасы аясында оқыушылар өздерін қоғамға пайдалы екенін сезінді. Қонақтарға әдемі эмоциялар сыйлап, дос табуға мүмкіндік берді. Қоғамға қызмет оқушының тұлға ретінде өсіп, азаматтық позициясын бекітуге бағыттайды.

                                        Елдана МӘУЛЕНОВА

Химия-биология бағытындағы мектептің 8-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №11
22 наурыз 2022 жыл

9722 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор