• Күншуақ
  • 24 Наурыз, 2022

Кекештікті әнмен емдейтін ұстаз

Алматылық бүлдір-шіндер Алуа, Элина мен Оливия ән салғанды жақсы көреді. Ұстазы Ләйла Болатбек екінші анасындай. Олай дейтініміз, үш бүлдіршіннің тілінде мүкістік болған екен. Ал қазір таза сөйлейді. «Maxincubator» халықаралық вокал мектебінің алдында бала көп. Алғашқы сабақты тегін өткізіп, баланы бақылайды. Бір қызығы, кекештігін емдетуге келгендер әнші боп, байқауға қатысып, жеңімпаз болады екен. Кезекте тұрып, ата-ана-лармен танысып та үлгердік.

Оливияның анасы Алена:

ДҰРЫС СӨЙЛЕУДІ ҮЙРЕНУГЕ КЕЛГЕНБІЗ

– Ләйла педагог әрі адам ретінде керемет жан. Вокал студиясының өзі талғаммен жасалған. Жақсы көріну үшін мақтап жатқан жоқпын. Расында да, өз ісінің нағыз маманы. Балаларға, жұмысына деген махаббатына сөз жоқ. Сабақты барын салып үйретеді. Оны бала да сезеді. 

Студияға келгенімізге бір жылдан асты. Қызыма қатты ұнайды. Дұрыс сөйлеуді, тыныс алуды үйрену үшін келгенбіз. Бәрі өзім ойлағандай болды. Ләйла апайға дейін басқа мамандармен жұмыс істедік. Айырма жер мен көктей. Алғашқы сабағын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктедім. Бұрын барған логопед апайымыз көріп: «Не деген мықты педагог? Бала үшін осылай да жұмыс істеуге болады екен ғой», – деп таңдайын қақты. Вокалдың бала денсаулығына пайдасы көп екен. Студияға ерте келмегеніме өкінемін.

Элинаның анасы Әлия:

СӨЗІМІЗ ДҰРЫСТАЛДЫ

– Былтыр жаздан бері келіп жүрміз. Кейде сөйлегенде ауа жетпегендей кекештеніп, қиналатын. Оны вокалдық ұстама дейді екен. Қазір сөзі дұрысталып, ұстамасы жазылды. Сөз бастарда кішкене тартынады. Оны да жеңеміз. Қызым вокалды жақсы көреді. Сабаққа ерекше көңіл-күймен келеміз. Екінші үйіміз секілді. Бізді құдайы қонақтай күтіп алады. Ләйла – өте мықты мұғалім. Әрбір балаға жүрегін береді. Содан болар, бала күш-қуат алады. Студия жайлы балабақшадағы апайымыздан естідік. Вокал болатын күнді асыға күтеміз.

Алуаның әжесі Торғын апай:

ТӨРТ АЙДА ӨЗГЕРІС БАЙҚАЛДЫ

– Немерем өсе келе тілінде мүкістік бар екенін байқадым. Дәрігерге көрсеттім, шипа болған жоқ. Ләйланың студиясын танысымнан естідім. Ішіндегі ойын айта алмай, жылай беретін. Басын кеудеме тығып, сөйлеме дейтін. Бір сөзді жарты сағатта айтатын. Вокалға келгеннен бастап, «Әже, мен қашан сөйлеймін?» – деп күнде сұрайды. Төрт айдан кейін өзгеріс байқалды. Ән салғанда бұлбұлдай сайрайды. Енді «р»-ды айтып үйренсек, қиын күндер артта қалды деген сөз.

ДИАФРАГМАМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН

Соңғы кездері Ләйла ұстаз-дың сабағына келушілер көп. Өйткені кекештеніп, сөйлегенде қиналатын балалар аз емес. Бұл дерттің себебі әртүрлі. Кейде қорыққанда баланың тілі тартылып қалады деседі. 

–  Қолымда сиқырлы таяқша жоқ. Бар білгенімді балаға үйретемін. Жаттығуды жасағанда іштің бұлшық еттерін жаттықты-рамыз. Ол дауыстың дұрыс шығуына көмектеседі. Әдістеме емес, дұрыс сөйлеудің механизмі деп айтсам болады. Тек кекештік емес, әріптерді айта алмайтын балалармен жұмыс істеймін. Логопед, невропатолог маман-дардың кеңесін тыңдаймын. 

Кез келген логопед-педагог диафрагмамен жұмыс істейді. Көп күшті осы диафрагмаға саламын. Жаттығуды америка-лық әнші Шерил Портер ойлап тапқан. Бұл жерде жаттығуды дұрыс білу керек. Жаттығудан соң өкпенің төменгі қабатындағы ауаны шығарамыз. Сол кезде әріптер де дұрыс шығады. Кекештік тұқым қуалайды немесе жиі ашуланудың соңы осы дертке әкеледі. Кейде жарақат алып, соның әсерінен жүйке жүйесінің қызметі бұзы-лады. Сөйлегенде тіл дірілдеп, қалтырайтын болады. 

Бес жыл бұрын тіліндегі мүкістігі бар бала келді. Интернеттен қарап, ақпарат іздедім. Логопед, невропатологтан сабақ алдым. Өзімнің медициналық білімім жоқ. Баланың неге кекештенетінін білуім керек болды. Бұл өте жауапты жұмыс. Баланың денсаулығына зияным тимегенін қаладым. Сөйтсем, ол баланың диафрагматикалық тыныс алуында қиындық болған екен. 

Шерил Портердің сабағын оқыдым. Жаттығулар ретін жазып, оған өзімнің әдіс-тәсілде-рімді қостым. Мысалы, резеңке, боксшының қолғабы сынды спорттық заттарды сабаққа қол-данамын. Резеңкемен қолын жаттықтырған кезде ішіне де әсер етеді. Бірде құлағы естімейтін бүл-діршін келді. Құлағына имплант қойылған екен. Өзі музыкалық аспапта ойнағанды жақсы көреді. Нотаны ым-ишарамен үйретіп жүрдім. Нотаға түсуі қиын болды. Интонация білдіруді ғана үйренді. Бұл нәтижеге көңілім толмады. Баланың өзі түсініп, интонация қойғанын қаладым. Бір күні оқушының фортепианоға көз алмай қарап отырғанын көрдім. Ойнап көрші деп едім, жоғары ноталарда ойнап тұрды. Жақсы көретін әндерін ойнап едім, ол да қосыла кетті. Үш айда керемет нәтиже көрсеттік. Ұстаздарға баланың сөйлеу мәнеріне назар аударыңыздар деймін. Кейбір ата-ана баланың тілі шықпай тұрып телефон береді. Қолдан жасалған кекештік осы-лай пайда болады. Ата-аналар күні бойы жұмыс істеп, балаға қарауға уақыты болмайтын шығар. Десе де, баланың өмірі, денсаулығын бәрінен маңызды, – деді Ләйла ұстаз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №11
22 наурыз 2022 жыл

579 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор