• Толағай
  • 08 Наурыз, 2022

Спорттағы қыздар

Көктем мерзімі шуақты күндерімен ғана емес, ерекше мерекелерімен де ерекше. Сондай мейрамның бірі – 8 наурыз. Халықаралық әйелдер күні. Қыздар табиғатынан нәзік, қылықты болғаны үшін оларға отбасында ауыр жұмыс істетпей, «Қыз – қонақ» деп құрметтеген. Қоғамда әйел және ерлер деп бөлінгенмен, заман талабы мен қоғамның өзгерісіне байланысты қазір мамандық пен жұмыс жыныс таңдамайды. Спорт саласы да солай. Мерекеге байланысты қазақ спортында жүрген арулар жайлы материал дайындадық.

Жазира Жаппарқұл

Жазира Жаппарқұл – зілтемірші, екі дүркін әлем чемпионатының, жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарында тұңғыш күміс медаль алған. Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы. Жазира жаттығу кезінде жұлқа көтеруден 123 келіні, серпе көтеруден 150 келіні оңай еңсерген екен. Алматыда өткен әлем чемпионатында (2014 жылы) 69 келі салмақта сынға түскен 20 жастағы Жазира Жаппарқұл қоссайыста 262 келі салмақты еңсеріп, күміс жүлдеге ие болған.

Жазира бір сұқбатында қазы-қартаны жақсы көретінін айтқан. Риодағы олимпиадаға да анасы дайындап берген етті апарып, сынға түспестен бұрын күнде ет жеп салмақ қосып алыпты. Сонда елімнің үмітін ақтай алмай қалатын болдым деп уайымдап, лайм суын ішіп, моншаға он бір рет кіріп шыққаны туралы айтады. Осыдан-ақ Жазираның елге деген махаббатын көруге болады. Жазираны ауыр атлетикаға мектеп оқып жүргенде дене шынықтырудан сабақ берген ағайы дайындапты.

Назым Қызайбай

Бокс деген былғары қолғап киіп, қарсыласын ұру арқылы жекпе-жекке түсетін спорт түрін білетін шығарсыңдар?  Сипаттауы жағынан қаталдау көрініп, жігіттерге ғана тән спорт түрі болып көрінгенмен, боксқа қыздар да қатысады. Қазақстанның үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай  Алматы облысының Жетіген ауылында дүниеге келген. Оның жетістіктері осы спортқа қызығатындар үшін үлгі болып, ұрып-соғатын спорт түрі тек жігіттерге арналмағанына көзің жетеді. Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жақында ғана бокстан кіші әлем чемпионаты саналатын «Странджа кубогы – 2022» халықаралық турнирінің  жеңімпазы атанды. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда Қызайбайға Алжирден келген Роумайса Боуал қарсылас болған еді. Үшінші раундта Назым қарсыласын нокдаунға түсіріп, құрама үшін алғашқы алтын медальды жеңіп алды. 

Назым Қызайбай – қазақстандық боксшы, қазақ әйелдер арасындағы бокс чемпионы. 2012 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдені иеленді. Назымды ауылындағы боксты үйрететін ағай байқап: «Сенің қимыл-қозғалысың, жүрісің мен түр-сипатың  боксшы қыздарға келеді. Бізге дайындыққа кел», – деген. Біздің ауылдағы бокс үйірмесіне ұлдар ғана баратын, қыздар болса тігін, сурет, музыкаға қатысатын. Ұлдардың жаттыққанын сырттай қызықтап тұратын қыздар да болатын. Бәлкім, сен де боксқа қызығатын шығарсың? Қызықсаң қорықпай үйірмеге қатысып көр. Мүмкін сенен әлем чемпионы шығатын шығар, кім білсін?

Гүлісхан Нахбаева

Әлемдегі ең танымал спорттың бірі – шахмат. Ойын логикалық ой-өрісті дамытып, «шах» және «мат» қою арқылы арнайы тақтада ойналады. Гүлісхан шахматтан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстер. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудағы жемісті еңбегі республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 2012 жылдың «Ең үздік спортшысы» номинациясына ие болған. Әйелдер арасында Азияның күміс жүлдегері, ҚР құрама командасының капитаны.

Мен оқыған мектепте шахмат үйірмесіне математиканы жақсы оқитын оқушыларды шақыратын. Себебі олардың есептеуі жақсы деп айтатын. Бірақ шахмат математика элементтеріне сүйене бермейді. Бастысы пайымың мен логикаң мықты болуы керек. Ал логиканың мықтылығы тек математиканы жақсы оқумен есептелмейді. Сондықтан, ебің болса, бұл спорт түрімен де шұғылданып көр. Біздің елімізде шахматтан әйелдер арасында Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева сияқты чемпиондарымыз бар. Шахматты ойнауды білсең, қызығушылығың болса, чемпион болуға сенің де мүмкіндігің бар.

Жібек Құлымбетова

Жібек Құлымбетова – 12 жасында джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанған қазақ қызы. Жібек джиу-джитсу спортымен айналысып, талай жарыста топ жарып жүрген оқушы. Жібек сияқты жеңімпаздар көп шығар, бірақ оның ер балалар арасында өтетін талай жарыста жігіттерге жүлде бермей жүргені туралы естіген де шығарсың? Жібектің спорттағы мүмкіндігіне қарап, жаттықтырушысы ер балалармен жарысқа түсуіне рұқсат берген. Кей жағдайларда бұл спорттың ережесіне сәйкес 10–12 жасар жасөспірімдерді ұл-қыз деп жіктеп жатпайды. Әлем чемпионаттарында да осы жас аралығындағы спортшылар жынысына қарамай, салмағына сай  белдесе береді.

Ольга Рыпакова

Ольга Рыпакова Өскемен қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Шығыс Қазақстан облыстық спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатын бітірген. Қазақстан жеңіл атлеті, бастапқыда жеті сайыспен айналысса, кейін ұзындыққа секіруге мән беріп жүріп, 2007 жылдан бері үш қарғып секірумен айналысады. Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері. Ольга 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында үш қарғып секіруден финалдық кезеңде 15 метр 11 сантиметр ұзындықты бағындырып, Азия рекордын жаңартқан. Бұдан бөлек 2010 жылы қысқы әлем чемпионатында 15 метр 14 сантиметрге секіріп, әлем чемпионы атанды. 2012 жылғы жеңіл атлетикадан Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы олимпиадада Ольга Рыпакова алтын медаль жеңіп алды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өте жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, Қазақстан қоржынын алтыншы алтын медальмен толықтырды.

Екі баланың анасы. Жолдасы Денис Рыпаков – жүгіруден чемпион, бүкіләлемдік универсиаданың күміс жүлдегері. Жүгіру мен секіру жеңіл атлетика санатына жатады. Мектепте оқитын кезімізде эстафеталар мен турнирлер көп болатын. Секіру мен жүгіру жеңіл айтылғанмен, оған да күш пен ептілік керек. Жүгіруге қабілетің болып, ұзаққа секіре алсаң, жеңіл атлетикаға қатысып көруіңе болады. Спорт жыныс таңдамайтынын айттық, араларыңда болашақ әлем чемпиондары отырған шығар? Ендеше, қабілеттеріңді дамытып, Ольга Рыпакованы үлгі тұтсаң болады.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №9
8 наурыз 2022 жыл

936 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор