• Бірінші байлық
  • 14 Ақпан, 2022

Денсаулық тістен басталады

Тіс тамақты шайнап жегеннен бөлек, әдемі күлу, эмоцияны жеткізуде де маңызды рөл атқарады. Күтімін дұрыс жасасаң, түрлі аурудан да сақтайды. Біз жеке бас гигиенасын өз білгенімізше сақтап, тісімізді жуып жүреміз. Ал тіс жуудың да техникасы бар екенін білеміз бе? Кейде сыздап ауырғанын елемей, басылып қалар деген оймен ауырған тісімізді дәрігерге көрсетуді ұмытып та кетіп жатамыз. Тіс ауырса, не істеу керек? Жұлдырамыз ба, әлде емдетеміз бе? Сән деп брекет тағатындар мен эстетика үшін тісті ағарту дұрыс па? Осы және басқа да сұрақтарымызға стоматолог Абылайхан Әбілқасымұлы жауап берді.

Бала кезімізде тәттіні көп жесек, әке-шешем «тісің ауырады» дейтін. Қазір де ата-аналар солай айтатын шығар. Бірақ тіс тәтті жемесек те ауыруы мүмкін. «Тәттіден тіс ауырады» деген үлкендердің сөзі шындыққа қаншалықты жақын екенін тіс дәрігері Абылайхан былай түсіндіріп берді:

«Маман ретінде тәттіден толық бас тарту тіс ауруының алдын алады дей алмаймын. Тәттіқұмарлар тіс жуудың дұрыс техникасын білетін болса,  ауыз қуысының гигиенасын сақтаса болғаны. Біржола бас тартыңыз дей алмаймыз. Өйткені тәттінің зиянымен қатар пайдасы да бар. Қазір көп адамның тісі жуу техникасын білмегеннен ауырады. Щеткамен дұрыс ысқыламаса, тісті құртып алу қаупі де бар.  Сол үшін бірінші кезекте айтарым – тісті дұрыс жуу. Ютуб желісінде тісті дұрыс жуу туралы видеолар бар. Соларды көріп, жақсы әдетті үйренуге болады. Тіс ауруының себебін тәттіден көру – миф».

Тісім қисық, түзегім келеді десеңіз, стоматологтар брекет тағуды ұсынады. Оның өзін тісіңізді емдеткенде дәрігердің кеңесінен кейін тағуға болады немесе арнайы кеңес ұсынуы керек. Ал қазір брекетті сән үшін тағатындар бар. Алайда дәрігер тағайындамаса да брекет тағудың зияны көп екен.

«Брекетті  сән үшін тағатындар бар екені жасырын емес. Ондайлар жеке тәжірибемде де кездесті. Брекетті сән үшін тағу дұрыс емес. Брекет тағу үшін науқастың медициналық көрсетілімі болуы керек. Бекерден-бекер брекет тағудың қажеті жоқ. Біріншіден, брекеттің ауыс қуысының гигиеналық жағдайын бұзатыны дәлел-денген. Гигиена бұзылған соң, тістер бүлініп, кариеске ұшырайды. Екіншіден, қалып-ты сап-сау тұрған тістерге салмақ түсіруге байланысты қисаюға да алып келеді. Өйткені брекет – қисық тұрған тісті түзетуге арналған құрылғы», – дейді Абылайхан.

«Тісім маржандай, аппақ болса»...

«Тісі маржандай, аппақ екен» деп жатамыз. Бірақ тіс үнемі аппақ қалпында бола бермейді. Сарғаюы немесе көгеруі мүмкін. Себебін маман былай түсіндірді:

«Оның бірнеше себебі бар. Көпшілігімізге белгілі ең қарапайымы – тісті дұрыс тазаламау. Гигиенаның бұзылуы. Тіс шыққанға дейін және кейін де сарғаюы болады.  Адам баласы тумай тұрып, жатыр ішінде тісі түзіле бастайды.  Ананың денсаулығында проблема болса, баласының тісі шыққан кезде білінуі мүмкін. Оны медициналық тілде тісжегі немесе ақаулар деп атайды. Баланың тісі жарып шыққан соң сарғаю білінсе, оған гипоплазия, флюроз деген диагноз  қойылады. Тісі ақ болып жүріп, бірнеше жылдан кейін сарғайып кететіндер бар. Бала кезде немесе ересек кезінде шамадан тыс антибиотик алып, дәрі-дәрмекті көп пайдаланғанның әсерінен де тіс сарғаяды.

Бұдан бөлек, брекет таққан соң немесе тістер арасы тығыз орналасып, тазалануы дұрыс болмаса да, тіс сарғаяды. Тісте жарақат болса, мысалы, тіс босап, тірі тұрған ұлпасы, нервтары өлген соң оны көп адам байқамайды. Бірнеше жылдан соң тіс сарғайып, көгереді. Мұндай жағдайдағы емделушілер күнделікті жұмысымда кездеседі.  Мұның шешу жолы жоқ дей алмаймын, себебі стоматология сәт сайын дамып жатқан сала», – деді.

Тістің әдемі эстетикасын сақтау үшін ағартудың түрлі жолын қолданатындар бар. Олардың бұл әрекеті дұрыс па? Тісін маржандай жарқырату үшін косметологтарға баратындар да болады. Тісті ағарту туралы Абылайхан:

«Тісті ағарту тек әдемілік үшін ғана емес. Ағартудың да түр-түрі болады. Мысалы, қарапайым тісті тазалау деген бар. Ол кезде тістің тастары, қақтары толығымен алынады. Бұл қызыл иек қабынуының алдын алады. Осы процестің өзінде сары тістер бір, екі, үш тонға  дейін ағарады.  Дәл осындай ағарту жүргізілсе, оның еш зияны жоқ. Ал қазіргі кезде косметологтар да ағарту қызметін ұсынады. Бір аппаратты алады да, соған тісіңізді тақап қояды.  Мұның өзін де нағыз тіс дәрігері жасағаны дұрыс. Қазір стоматологияда соңғы шыққан ағартатын құрал бар, сонымен ағартса зияны болмайды. Тіс пастасы арқылы ағартуға да болады, бірақ олардың да зияны бар», – деді.

Тісі ауырғандар стоматология қызметінің бағасы мен сапасына қарай таңдап, ұзақ жүретіні тағы бар. Көпшілік тіс емдетудің бағасы қымбат екенін айтады. Неге қымбат? 

«Сұранысқа байланысты емделуші көп. Қазір түсіп қалған тіс, сарғаю, қисықтық мәселе деп айтуға келмейді. Оның шешу жолы өте көп. Бірақ адамдар оған назар аудармайды, тіс күтімін жасамайды. Емделуге келсе, бағасының қымбаттығын ойлайды. Стоматологияның қымбат болатынындай бар, өйткені тіс емдеу өте майда әрі уақыт пен сабырды қажет ететін жұмыс. Емдеу процесінен бөлек дәрі-дәрмектің бәрі шетелден келеді. Бізде толық өндірілмегендіктен, ең қарапайым тісті қалыпқа келтіретін цементтің өзін Ресей, Украинадан алуға мәжбүрміз. Қазақта «Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді десеңші» деген сөз бар.  Тісі бүлінген адамнан әрі қарай денсаулық жайлы сұраудың өзі ерсі. Қазір бүкіл салада маман таңдау қиын. Сол үшін стоматологияны таңдағанда оның әлеу-меттік желілердегі парақшасынан емделушілердің пікірін оқыған дұрыс. Бағаға қарап, қол қусырып отырмаңыз, бірінші кезекте баға емес, маманға мән беру керек. Қолының ептілігі, білімі маңызды екенін ұмытпаңыздар»,  – дейді Абылайхан.

Ақыл тісті неге жұлады?

Ақыл тісті неге жұлады? Ақыл тоқтатар жасқа келгенде шығатын бұл тістің шығуы өзге тістерге қарағанда өзгеше екен. Ақыл тіс шығатын кезде жағыңды ауыртып, қисық не түзу болып шығуы мүмкін. Әдетте кейбір адамдар бұл тісін жұлдырып жатады. Мұның себебін кейіпкеріміз былай түсіндіріп берді:

«Ақыл тісті жұлдырмас бұрын, оған диагностика жасау керек. Жақта ақыл тіс сыятындай орын болса, отыз екі тіс сыятындай жақтың жағдайы дұрыс болып, қарапайым алтыншы, жетінші тістер сияқты түзу шықса, оның шайнау қызметінде 100% үлесі болса, жұлудың қажеті жоқ. Ақыл тіске жақта орын жетпеуі, ақыл тістің салдарынан жетінші тіс бұзылуы, тісті дұрыс тазалай алмағаннан тісжегіге шалдығу жағдайы бар болғанда ғана ақыл тісті жұлуға болады.

Бұдан бөлек ақыл тіс қисық шығып, басқа тістерді ығыстарса немесе брекет тағу қажет болса, бұл тісті жұлу керек. Күнделікті жеп жүрген тамағымыздың шамадан тыс жұмсақ болып кетуіне байланысты 90–93% адамда ақыл тісті жұлуға тура келеді. Себебі көбімізде жағымыз кішкентай болып, ақыл тіс шайнау әрекетіне қатыспайды».

Тісіңде «құрт» пайда болса...

Тіс аурулары ішінде ең жиі кездесіп, көп таралғаны – кариес. Бұл сөз баршаңа таныс деп ойлаймын. Дәрігер тексергенде: «Тісіңде кариес бар екен» десе, қорықпа. Кариесті емдеп, тісіңді одан әрі сақтап қалғың келсе, маман кеңесімен таныс болғаның жөн.

«Кариес дегеніміз – сыртқы ортадан түсетін микробактериялардың әсерінен тіс тіндерінің бұзылуы. Бәріне түсінікті тілмен кариесті тістің құрттауы деп айтсақ болады.  Шын мәнісінде, ол жерде ешқандай құрт жоқ, тістің сыртында жылтырап тұратын эмаль қабатының, оның астында орналасқан дентин қабатының бұзылуынан кариес пайда болады. Кариес қазіргі кезде екінің бірінде кездеседі. Өйткені күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз экологиялық жағынан таза деп сеніммен айта алмаймыз.  Кариесті емдеуге болады. Тістің зақымданған жерін тазалап, арнайы орнын толтыратын материалдармен жабу арқылы тісіңіздің одан әрі жақсы қызмет етуін қамтамасыз етесіз. Осы орайда тіс күтімін де қоса айта өтсек. Тісті күніне екі рет жуу туралы айтқанда, қарапайым адамдардың екі рет емес, бір рет қана жуатынын да айтқан дұрыс.  Негізі күніне міндетті түрде екі рет жууды әдетке айналдырған жөн.  Бұдан бөлек арнайы тістердің арасынан өткізетін жіптер бар, сол жіпті  барынша бүкіл тістің арасынан өткізген дұрыс.  Щеткамен тістің бетін тек ысқылап қана қойсаңыз, тіс арасындағы, бұрыш-бұрышындағы қалып кеткен тамақ қалдықтарын шығаруға жіптің көмегі көп. Тіске арналған антисептик-термен шайып, тіске  арналған бальзамдарды  жағып тұрса жеткілікті», – дейді стоматолог Абылайхан Әбілқасым.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №6
15 ақпан 2022 жыл

1327 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор