• Сенің замандасың
  • 07 Ақпан, 2022

Журналистен мобилографқа айналған Нұржан

Нұржан Диаров Ақтөбе қаласында тұрады. Ол мамандығын мобилографияға алмастырған. Нұржан Ақтөбе телеарнасында таңғы хабарды жүргізген. Төрт жыл модель болып, фотоға түсіп жүрген. Кейін фотографияға қызығып, өзі де қалта телефонына суреттер түсіре бастаған. Фото-видеоны түсіруді ұнатқан соң,  өз бетінше трендтегі мобилографияны үйренген. Қазір видеоға тапсырыс алып, екі жылдан бері смартфон арқылы табыс тауып жүр. 

Нұржан мобилография курсын елімізге танымал мобилограф Қыран Талапбектің курсын оқып, кәсіби түрде үйреніпті. Достарымен кездесуге барса, көшеде кетіп бара жатып әдемі кадрды көрсе, бірден смартфонына түсіріп, оны сол арада монтаждап әлеуметтік желіге салып отырады екен. Нұржанның видеоларына қызыққан ақтөбеліктер оған хабарласып, үйретуін сұраған. Қызығушылықтан басталған бұл ісі оның қалай кәсібіне айналғаны туралы «Ұланның» оқырманына айтып берді.

«Жұмыстағы табысым жетпеген соң, қосымша ақша көзін іздедім. Қолымда телефон бар, неге видео түсіріп табыс таппасқа деп жүріп, алғашқы тапсырысты да алдым. Телеарнада жұмыс істеп жүріп, қосымша осы істі де қатар алып жүрдім. Осыдан екі жыл бұрын телефонға видео түсіру қызық әрі сұраныста болды.  Менің видео түсіретініме күмәнмен қарағандар да болған, бірақ оларға дәлелдедім. Мобилографияны алғаш үйреніп жүргенде тегін видео түсіріп, қабілетімді жақсарттым. Осы кезден бастап телефон арқылы шынымен ақша табуға болатынын түсіндім», – дейді. Мобилограф болып алғашқы табысын тапқан соң, бұл жұмысты одан әрі дамыту керек деп ойлаған Нұржан телеарнадағы жұмысынан шығып, видео түсіру арқылы табыс табудың жолдарын іздеген. 

«Қазір ескі телефонымды жаңартып, соңғы трендтерді үнемі бақылап отырып, олардың монтажын үйренген соң түбегейлі табысымды мобилографиядан табамын. Маған шығармашылық жұмыс ұнайды. Журналистикада жинаған тәжірибем видео түсіруде  көп көмегін тигізді. Мысалы, сұхбатқа барғанда кейіпкеріңді ашатын сұрақ қою керек болсаң, видеода оны сөйлетпей-ақ сыртқы болмысы мен қимыл-қозғалысы арқылы танытуға тырысамын. Түсірген видеоларымды Инстаграмға жүктеп жүремін, көрген адамдар «маған да осылай түсіріп беріңізші» деп ұсыныс айта бастаған соң, жеке кәсіп ретінде осы саланы дамытып, курстар өтіп жүрмін», – дейді.

Нұржанның стористерінен оның курсына мектеп оқушылары да қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін көрдік. Демек, бұл салаға балалар да қызығып оқи бастапты. Смартфонның тек ойын, әлеуметтік желі құралы емес, табыс табатын мүмкіндігі бар екенін білетін балаларды көріп қуандық. Нұржанның айтуынша, курсқа балалармен бірге ата-аналар да қатысатын болған. Себебі әдемі  видео түсіру арқылы отбасылық бизнестерін дамытып, SММ маманын жалдамай-ақ өздері ол жұмысты атқара береді екен.

«Алғашында біреуге үйретуден қорықтым. Сұраса жауап бере алмай қалам ба деген ой болған. Бірақ  курсты бастағанда бәрін практика жүзінде істеген соң, қиын болмады. Сұрағанда іс-әрекет арқылы жауап бересің. Біреуге жаман емес, жақсы нәрсені үйретіп жүргеніме іштей қуанамын. Бір қызығы, үйрету арқылы, өзің де үйреніп тәжірибеңді жетілдіреді екенсің. Курсты оқыту – ақпараттық бизнес.  Оқимын деп келген адамдарға ешқашан миллион немесе көп ақша табасың деп айтпаймын. Себебі бұл әркімнің өзіне байланысты. Бірінші кезекте үйренуге деген ниетіне, екінші идеясына байланысты. Ата-аналар хабарласып, баласына мобилографияны үйретуді сұрайды. Ондайда бірден басын ашып айтамын. «Балаңыздан курс жайлы сұрап көріңізші. Егер оқуға құлшынысы болса, келсін. Егер үйренгісі келмесе, қинап оқытқанмен одан нәтиже шықпайды. Біріншіден, оқығысы келмеген балаға үйрету менің уақытымды алса, екіншіден ата-ананың текке ақшасы кетеді», – деп мән-жайды түсіндіремін. Содан соң ғана кейбірі баласынан сұрамағанын айтып, ойынан айнып жатады», – деді Нұржан.

Әдемі видео бизнесте болсын, жеке өмірде болсын парақшаңыздың сәнін келтіріп, көп ақпарат беріп, жақсы эмоция сыйлайды. Ал кейбіреулер видео түсіру үшін міндетті түрде қымбат маркалы смартфон керек деп ойлайды. Бірақ мобилограф Нұржан Диар ол пікірдің қате екенін айтты. 

«Видео түсіруде жақсы идея болса, телефонның маркасы маңызды емес. Қазір көбі видеоны өзі үшін үйренеді. Ал тапсырыспен түсіретін болып, сапасын арттырғың келсе, онда ол басқа. Алғашқы үйрену үшін қымбат телефонды сатып алудың қажеті жоқ. Қолыңыздағы смартфон да әдемі көріністерді көретінін ұмытпаңыз. Сосын бұл саланы жандүниеңізбен қалайсыз ба, қаламайсыз ба, соны түсініп алған жөн».

Қазіргі трендте креативті видеолар алда. Ал түсірген жұмысыңның әдемі, көп адам қызығатындай болуы үшін түсіретін жұмысыңды алдын ала жоспарлаған жөн екен.

«Креатив видео түсіру үшін ең алдымен жоспар керек. Идея, оған қандай актер түседі немесе кімді, нені түсіремін деген сұраққа жауап табу маңызды. Сценарий, қандай өлшемде, қанша минут, қандай кадр, анимация, бәрін жазып алу керек.  Видеоны түсіргенде мобилограф продюсер, режиссер, стилист болады. Түсірілімде бүкіл саланы білсең жақсы, тапсырыс берушімен де тіл табысу маңызды. Ал жарнамалық ролик түсіретін болсаң, 10 секунд болу керек деген сияқты талаптар да бар. Осы 10 секундта роликте 12-13 кадр болуы тиіс. Мұны динамикалы, көз ілеспес жылдамдықпен түсіреді», – дейді Нұржан. Қолымыздағы смартфон табыс табамын десең, жасқа қарамайды. Оны Нұржанның мына сөзінен аңғаруға болады.

«Мобилографияға қызығатындарға ең алдымен білім керек. Көп видео көріп, музыка тыңдап меломан болған артық етпейді. Видеоның 50 пайызының сәтті шығуы үшін музыка маңызды. Сосын практика. Практика үшін күнделікті айналаңды түсіріп үйренген дұрыс. Ал монтаждау ешкімге қиын емес деп ойлаймын. Себебі монтаждайтын бағдарлама көп. Оны жүктеп алу кез келген жерде қолжетімді. Бизнесіңді дамытып, SММ маманының орнына өзің-ақ жұмыс істегің келсе, мобилографияны оқыған дұрыс. Бұл жас талғамайды. Тоғыз жастағы баладан бастап 43 жастағы апай, бес баласы бар ана, төрт баласы бар әке де бұл дағдыны үйренді», – дейді.

Достар, смартфонды да дұрыс пайдалансақ, онымен табыс табуға болатын мүм-кіндік бар екенін білген шығарсыңдар? Бәлкім сендердің араларыңда да Нұржан сияқты мобилографтар бар болар? Біз заман талабына тез бойұсынып, технологияны жетік меңгерген әрбіріңмен мақтанамыз. Егер сенің де түсірген әдемі видеоларың болса, Инстаграмда «Ұланның» @balamendana парақшасын тегтеп, бөліссеңдер болады. 

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №5
8 ақпан 2022 жыл
 

5156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор