• ІТ және инновация
  • 07 Ақпан, 2022

Қазақстандық ғалым Microsoft стипендиясының жеңімпазы

Жанат Махатаева – Microsoft Research PhD стипендиясының иегері. Бұл – компьютер саласындағы дарынды PhD студенттеріне бүкіл әлем бойынша қолдау көрсетуге арналған бағдарлама. Стипендия иегерлеріне PhD докторантура кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту үшін 15 000 доллар қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зертханалардың ғылыми орталықтарының бірінде 12 апталық ақылы тағылымдамадан өту ұсынылады. Жанат Махатаева сұқбат барысында әлемге әйгілі алпауыт компанияның стипендиясын қалай жеңіп алғанын әңгімелеп берді.

– Назарбаев университе-тінде робототехника бойынша инженерия  және цифрлық ғылымдар PhD бағдарламасының 3-курс студентімін. Назарбаев университетін робототехника мамандығы бойынша бітірдім. Қазір Smart Systems and Artificial Intelligence институтында (ISSAI) ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Назарбаев университетінің ARMS Robotics зертханасында, сонымен қатар Смарт жүйелер және жасанды интеллект институтында зерттеулер жүргіземін. Толықтырылған шынайылық көзілдіріктеріне қосымшалар жазамын, – деп бастады әңгімесін Жанат апай.

– Microsoft стипендиясын қалай жеңіп алғаны-ңыз туралы толығырақ айтып беріңізші.

– 2021 жылдың маусым айында мен 3-курс докторанттарына арналған Microsoft халықаралық стипендиясына өтініш бердім. 2021 жылдың қыркүйегінде Microsoft командасының мені стипендияға таңдағаны туралы құттықтау хатын алдым. 2021 жылдың 20 қазанында бүкіл әлемнен стипендия алған студенттердің тізімі Microsoft ресми сайтында жарияланды. Стипендияға тапсыру үшін екі апта бойы дайындалдым. PhD докторантурада оқуымның алғашқы екі жылында жасаған жұмысым осы халықаралық Microsoft стипендиясына өтініш бергенде маған көп көмектесті. Атап айтқанда, Назарбаев университетінде докторантураның бірінші жылында профессор Атакан Уорролдың жетекшілігімен робототехника және толық-тырылған шынайылық саласында шолу мақала дайындадым.

Бұл жұмыс MDPI Robotics халықаралық журналында жарияланды және 2020 жылдың сәуірінде жарияланғаннан бері 41 рет сілтеме жасалды. Докторантураның екінші жылында жасанды интеллект пен толықтырылған шынайылықты қолдану арқылы адамның мүмкіндіктерін арттыру технология-ларын зерттедім.  Адамның есте сақтау, ақпаратты көру және есту қабілетінің төмендеуіне әкелетін көптеген когнитивті бұзылу бар екенін анықтадым. Бірақ бұл мәселелерді толықтырылған шынайылық пен жасанды интеллект арқылы шешуге тырысатын жұмыстар көп емес. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі осы жазда халықаралық Springer журналының толықтырылған шынайылық тарауында жарияланды. Осы жұмысты аяқтағаннан кейін профессор маған Microsoft стипендиясы туралы айтты. Стипендия туралы мәлімет іздей бастадым және осы стипендияның ресми сайтында көрсетілген Microsoft өкілдеріне хат жаздым. Менің міндетім Қазақстаннан келген PhD докторанттарының өтініштерін қарай ма, жоқ па, соны анықтау болды. Стипендия конкурсына қатыса алатын елдердің тізімі сайтта болмағандықтан, тек аймақтар көрсетілді. Екі аптадан кейін  Microsoft өкілдерінен Қазақстан студенттерінің өтініштерін қарауға дайын екені туралы жауап алдым.  Стипендияға өтінішімді мотивациялық хат форматында дайындау үшін менде 48 сағат болды. Өзімнің зерттеулерім мен болашақ жоспарларым туралы екі бет жазу керек болатынмын.

– Memory Assistant деп аталатын қолданбаңыз туралы айтып беріңізші.

– Докторантураның екінші жылында, атап айтқанда, 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың маусымына дейін жасанды интеллект пен толықтырылған шынайылықты пайдалану арқылы адам мүмкіндіктерін жақсарту технологияларын зерттедім. Менің зерттеуім осы мәселелерді шешу үшін толықтырылған шынайылық пен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланумен байланысты.  Мақсатым – адамдарға көмектесетін қосымшаларды әзірлеу, атап айтқанда, есте сақтау, ақпаратты көру және есту арқылы қабылдау проблемаларын өтеу.  Бұл зерттеулердің нәтижелері деменция немесе Альцгеймер ауруы бар адамдарға арналған технологияларды жасауға көмектесуі мүмкін.

Memory Assistant деп аталатын қолданба үшін Microsoft HoloLens цифрлық көзілдірігін пайдаланамын. Сондай-ақ қолданбада объектілерді тану және AR толықтырылған шынайылық ортасында пайдаланушылардың орнын анықтау үшін компьютерлік көру алгоритмдерін қолданамын. Осылайша, Memory Assistant қолданбасы пайдаланушының ғимараттағы орнын автоматты түрде таниды, пайдаланушының жолында қандай нысандар болғанын анықтап, көзілдірік экранында шағын электронды картаны көрсетеді. Бұл карта нақты уақыт режимінде жаңартылып, жүріп өткен қашықтықты, сондай-ақ пайдаланушы көрген объектілердің тізімін және жүйеде осы немесе басқа нысанды тіркеген орынды көрсетеді.  Нәтижесінде адам жүріп өткен жол және жол бойындағы нысандар туралы ақпаратты сақтайтын шағын картаға қол жеткізе алады. Бұл – ақпараттық жүйе мен қолданба жадын пайдаланушыға үлкен көмекші.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– 2021 жылдың соңына дейін ISSAI ғалымдарының қолдауымен ISSAI-де жасаған жады көмекшісінің (Memory Assistant) тиім-ділігін тәжірибе жүзінде зерттедім.  2022 жылдың қаңтарынан бастап зерттеу нәтижелерін ұсынатын ғылыми жарияланым мақаласын дайындаумен айналысып жатырмын. Болашақ жобаларымда ақпаратты көрнекі және есту арқылы қабылдаумен байланысты басқа когнитивті проблемалары бар адам-дарға көмектесетін қосымша әзірлегім келеді. Мысалы, адам түстерді, бет-әлпетті, дыбыстарды, дауыстарды ажырата алмай, сол арқылы көптеген ақпаратты жоғалтады. Осындай когнитивті проблемалар бар.  Жұмысым мен зерттеулерім арқылы жасанды интеллект пен толықтырылған шынайылық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, осы мәселелердің шешімін тапқым келеді.

Мен үшін жұмысымда ең маңыздысы – зерттеу ортасы, яғни бірге жұмыс істейтін адамдар, зерттеушілерге деген көзқарас және зерттеуге жасалған мүмкіндіктер. Сондықтан Назарбаев университетінде студент және зерттеуші болу қатты ұнайды. ISSAI және ARMS Robotics Laboratory-мен жұмыс істегеніме  қуаныштымын.

– Уақыт тауып, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Гүлжан НИЯЗОВА, 
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 
2-курс студенті .
Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №5
8 ақпан 2022 жыл

7974 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор