• Сенің замандасың
  • 01 Ақпан, 2022

«Қазақ аруы-2021» атанған Аружанның мамандығы – журналист

Өткен жылдың соңында Алматы төрінде ақылына көркі сай арулар сынға түскен «Қазақ аруы-2021» байқауы өткен болатын. 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан сұлулар бәйгесінің биылғы жеңімпазы – 22 жастағы ақтөбелік Аружан Аманжолова. Әлемді жайлаған індет салдарынан уақыты кейінге шегерілсе де, жеңіске деген ұмтылысы сөнбей, абыройлы атаққа ие болған Аружанмен байқау турасында әңгіме өрбіттік.

Аружан Аманжолова Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар елдімекенінде туып-өскен. Ауылындағы №49 орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Қазір облыстық «AQTOBE» телеарнасында «Қайырлы таң, Ақтөбе» ақпаратты-сазды бағдарламасын жүргізеді.

– Аружан, байқауға қатысуға не түрткі болды?

– Бала күнімнен әсемдікке құмар болып өстім. Мектепте оқып жүргенде де, студенттік кезде де сұлулық сайыстарынан шет қалған емеспін. Талай қазақ қызының арманына айналған байқауға қатысып, «Қазақ аруы» атану бала күнгі арманым болатын. Баян Мақсатқызының әлеуметтік желідегі парақшасынан аталған байқауға кастинг өтіп жатқанын көрген сәтте бірден қатысамын деп шештім. Ата-анам да қарсылық танытпай, қолдау білдірді. Кез келген тартысты сында жеңу мақсат, дегенмен қатысуға бел буудың өзі бір жетістік дер едім. Кастингте бақ сынауға келген арулар аз болмады. Олардың арасында жерлесте-рім, тіпті құрбым да болды. Ақылы мен ажары тең түскен он алты қыздың қатарынан табылғанымды естігенде, мойныма үлкен жауапкершілік артылғанын сездім.

– Байқау алдындағы дайындық барысы туралы айтып берсең...  

– Байқау жыл сайын наурыз айында өтетін. Дегенмен, әлемді жайлаған індет салда-рынан кейінге шегерілді. Араға біраз уақыт салып, «Қазақ аруы-2021» байқауына дайындықты қараша айында қайта бастадық. Бар өнеріміз бен білімімізді көрсету үшін бір жарым ай, таңғы сағат он жарымнан кешкі бес жарымға дейін дайындалатынбыз. Ұйымдастырушылар әр кезеңге толықтай дайындап, тынымсыз еңбегіміз финалда оң нәтиже көрсетуіміздің бірден-бір кепілі екенін есте ұстауды үйретті. Күн сайын өтетін би жаттығуына белгілі хореограф Ләйлә Маратқызы баулыды. Мен «КЕШ YOU» тобының «Жағадағы ару қыз» әніне контемпорари стилінде би биледім. Әуен ырғағынан-ақ бидің ерекшелігін аңғаруға болады. Жандүниеңмен сезінгенде ғана өнеріңді толықтай паш ете аласың.

Қазақ аруының ақылына көркі сай болуы – басты талап. Байқаудың келесі бөлігі тарих пен салт-дәстүр турасындағы сұрақтардан тұрды. Сән көрсету кезеңінде әр қатысушы танымал дизайнерлердің қолынан шыққан киім үлгілерін киді. Мен Наиль Байкучуков деген сәнгердің көйлегін киіп шықтым. Тартысты сынның оң әсері өте көп болды. Сахнада жүріп-тұрудан бастап көпшілік алдында емін-еркін ойыңды жеткізу секілді жақсы қасиет-терді бойымызға сіңірдік.

– «Қазақ аруы-2021» атанған сәтте қандай сезімде болдың?

– Жеңімпаз атанған сәттегі сезімімді түсіну, жеткізу өте қиын. Біразға дейін өзім де сенбедім. Дәл сол минуттарда арқамнан ауыр жүк түскендей көрінгенімен, абыройлы аттың салмағы басым екенін, алдағы уақытта сол қалпымнан таймауым керектігін естен шығармадым. Университетте оқып жүргенде «Ана тілі аруы» байқауында жеңімпаз атанғанмын. Соның арқасында біраз тәжірибе жинаған болуым керек, өзіме деген сенімділіктің алға жылжу барысында қан-шалықты рөл ойнайтынын ұғыну қиынға соқпады. 

Қатысушылардың бәрі ақылды, сұлу. Татулығымыз ақтық сында анық байқалды. Шыны керек, небір сұлулық бәйгесінде қатысушылар жеңіске жету үшін қасақана әрекеттерге барады дегенді естуші едік. Бұл сөздің рас-өтірігін білмеймін, десе де бізде керісінше болды. Сахна сыртында бір-бірімізге көмектесіп, қолдау білдіріп, қорытынды жария болған соң шынайы қуана да білдік. Жеңіске жеткеннен кейін түрлі пікір айтылды. Бұл қалыпты жағдай. Адамдардың барлығы сенің әдемі жүзіңді ғана көреді, қалай еңбек етіп, тер төккеніңнен бейхабар. Сондықтан теріс пікірлерге көңіліңді түсіру тіптен дұрыс емес.

– Қазір облыстық телеарнада журналист болып қызмет атқарып жатырсың. Бұл салаға қалай келдің? Байқауда бақ сынау жұмысыңа кедергі келтірмеді ме? 

– Журналистика саласына бет бұруыма Нұртілеу Иманғалиұлының кәсіби жолы мен «Бай-қуатты болайық!» деген сөзі түрткі болды. Телевизия саласының үздігін үлгі тұтқаным сонша, журналистің қай оқу орнын бітіргеніне дейін біліп, өзім де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Елде коронавирус індеті таралып, төтенше жағдай жарияланған сәтте Ақтөбеге оралып, қалалық «ТanDem» радиосында журналистік жолымды бастадым. Қазір аймақтың айнасы –  «AQTOBE» телеарнасында «Қайырлы таң, Ақтөбе!» ақпаратты-сазды бағдарламасын жүргіземін. Еңбек жолым ақпараттың қайнаған ортасы һәм ордасы саналатын облыстық арнадан басталғанына қуанамын. Тәжірибелі ағайлар мен апайлар үнемі жол нұсқап отырады. Байқауға қатысу үшін сұранғанымда түсіністік танытып, қолдаған ұжымыма ерекше алғыс білдіремін. 

– Кітапты көп оқисың ба?

– Шығармашылық адамы болғандықтан, кітап оқу бірінші кезекте тұрады. Әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқимын. Бос уақытымда би билеп, спортпен шұғылданамын. «Ұланның» зейінді оқырмандарына да әдебиеттің мол қорынан сусындаңдар деп кеңес беремін. Себебі өзіңе берілген уақытты жан қалауын жүзеге асыру жолында сарп етіп, еңбектенуден жалықпаған адам ғана жетістікке жетеді.

– Сұқбатыңа рақмет!

Назерке ӨТЕГЕН,
Қ.Жұбанов атындағы АӨУ 3-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №4
1 ақпан 2022 жыл

4688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор