• ҰЛАН
  • 19 Қаңтар, 2022

Әлемді өзгерткен Тесла

Физика сабағында Никола Тесланың еңбектері мен ол ашқан жаңалықтармен ғана таныс болдық. Ал оның өмірі жайлы сабақта айтыла бермейтін. Никола Тесла кім және неге компаниялар оның атымен аталады? Тесланың ең үлкен өнертабыстары бүгінгі әлемге қалай әсер еткенін және оған Илон Масктың қандай қатысы барын осы мақаладан оқып біле аласыздар. Екінші өнеркәсіптік революция жасауға мүмкіндік берген өнертапқыш, физик, инженердің туғанына 165 жыл болды. Никола Тесла не ойлап тапты, неге ол жаңалық ашса да ұзақ уақыт табыссыз болды, оның өнертабыстары қалай жұмыс істейді және олар әлемді қалай өзгертті?

2003 жылы Илон Маск Tesla Motors компаниясының негізін қалады. Асинхронды қозғалтқышты жасаушының атымен аталған компания айнымалы токтың көпфазалы технологиясын пайдаланады. Оны алғаш рет 1883 жылы Никола Тесла жасап, патенттеп, айналмалы магнит өрісі құбылысының ғылыми сипаттамасын берді. Бүгінде Масктың жасап шығарған Tesla көлігі әлемге танымал техниканың бірі. Қозғалтқыштан басқа, Tesla электр көліктері сигналдарды өңдеу үшін жоғары жиілікті микропроцессорларды, радиосигналдарды жіберу және қабылдау үшін антенналарды пайдаланады, оны Тесла да ойлап тапқан.

Никола Тесла деген кім?

Никола Тесла 1856 жылы 10 шілдеде сол кездегі Австрия империясының құрамында болған Хорватияның Смилян ауылында дүниеге келген. Діни қызметкер болған әкесінің арқасында жақсы білім алған. Оның білім алудағы жолы келесідей болды: Бастауыш гимназия → Карловацтағы жоғары мектеп → Грац университеті (қазіргі уақытта Грац техникалық университеті) → Прага университеті.

Никола қалай табысқа жетті?

Никола Тесла жұмыс істеу шынымен де қызықты болатын орынды іздеген. Университеттен кейін Будапештегі мемлекеттік телеграф компаниясына инженер-электрик болып жұмысқа орналасқан. Тесла ол жерде айнымалы ток электр қозғалтқышын жасау жоспарын жүзеге асыра алмады, сондықтан 1882 жылдың соңында Париждегі Эдисонның континенталь компаниясына ауысты. Жаңа алаңдағы бірінші үлкен мәселе – Страсбургтегі теміржол вокзалына арналған электр станциясының құрылысы. Сол жерде ол алдымен асинхронды қозғалтқыштың жұмысын көрсетті. 1884 жылы электр станциясын аяқтап, үлкен сыйақы күткен ол жалақы алмайтынын түсінген бойда отставкаға кетіп, Парижге келген.

Сол жылдың жазында өнертапқыш Нью-Йоркке көшіп, Томас Эдисонның компаниясына электр қозғалтқыштары мен тұрақты ток генераторларын жөндеу жөніндегі инженер болып жұмысқа орналасқан. Эдисон жас өнертапқыштың инновациялық идеяларына салқын көзқараспен қарап, әзіл ретінде Теслаға тұрақты ток электр машинасын жақсарту үшін 50 000 доллар беруге уәде береді. Жиырмадан астам идеяны ұсынғаннан кейін, бірақ бұл идеяларына бір цент те қаламақы алмаған соң жұмыстан бас тартқан.

Жанжалдан кейін өнертапқыш электрлік жарықтандыру мәселелерімен байланысты өз компаниясын құрды, бірақ сәтсіздік сценарийі қайта қайталанды. Акционерлер дайын доғалық шам жобасын қолдамаған.Төлемге байланысты келіспеушіліктер салдарынан ғалым көшеде қалып, жарты жыл бойы қосымша жұмыспен айналысқан. Кездейсоқ инженер және өнертапқыш А.Браунмен кездесіп, таныстарын Теслаға қаржылық қолдау көрсетуге шақырған. Бірнеше айдан кейін, 1887 жылдың сәуірінде Тесла жаңа доғалық шамдармен көшелерді жарықтандыратын Tesla Electric компаниясын құрды.

Кеңсе Бесінші авенюде Эдисон компаниясы орналасқан ғимараттың жанында ашылды және өнертапқыштар арасында «Токтар соғысы» басталды. Бірнеше жылдан кейін америкалық өнеркәсіпші Джордж Вестингхаус Тесладан 40-тан астам патентті (ақшаға) сатып алды. Вестингхаус өнертапқышты айнымалы ток машиналарының өнеркәсіптік үлгілері әзірленген Питтсбургтегі зауыттарға кеңесші ретінде жұмысқа шақырған. Тесла жұмысты ұнатпай, бұл жаңа идеялардың пайда болуына кедергі келтіреді деп бір жылдан кейін Нью-Йорктегі зертханасына оралған. Өнертапқыш өмірінің ең жемісті кезеңі осы сәтте басталды. Жоғары жиілікті магнит өрістерін зерттей отырып, Тесла өнертабыстарына көптеген патент алды. 1895 жылы зертханада өрт шығып, барлық дайын жұмысы өртеніп кетті.

Тесла өзінің ашқан жаңалықтарын есіне оңай түсіретінін айтқан. Niagara Energy компаниясы өнертапқышқа кенеттен қолдау көрсетіп, жаңа зертхана үшін 100 000 доллар берді. 1902 жылы маусымда Тесла зертханасын Уорденклиффке көшірді және Атлант мұхиты арқылы коммерциялық телефония мен радиохабар таратуға арналған бірінші сымсыз телекоммуникация мұнарасын салуды бастады.

Сонымен қатар, Тесла электр қуатын сымсыз беруді көрсетуді мақсат етті. Бұл нарықты құлдыратып, барлығын арзан электр қуатымен қамтамасыз етуі мүмкін болғандықтан, әлемдегі алғашқы Ниагара су электр станциясы мен мыс зауыттарының акционері Дж.П.Морган бұдан соң қаржыландыруды тоқтатады. Сонымен қатар патенттерінің көпшілігінің мерзімі өткен соң оған қаламақы да төлеу тоқтатылған. Тесланың бюджетінің елеулі қысқаруы Уорденклифф мұнарасының құрылысын тоқтатты. Мұнара 1917 жылға дейін пайдаланылмады. Неміс кемелері үшін шамшырақ болады деп қауіптенген АҚШ үкіметі мұнараны бөлшектеу туралы шешім қабылдады. Құрылыстың сапасы жоғары болғандықтан, мұны тек жарылыс арқылы жүзеге асыру қажет болған.

Мұнараны салғаннан кейін Тесланың не істегені туралы деректер іс жүзінде жоқ. Көгершіндерді тамақтандыруға шыққанда оны такси қағып кеткен. Арқа жарақаты пневмонияны тудырып, Тесла 1943 жылы қайтыс болды. Никола Тесланың ашқан жаңалықтары мен өнертабыстарының тізімі және олар қазір қайда қолданылады деген сұрақ сені де қызықтырған болар?

Никола Тесла 700-ден астам жобасына патент алған. Оның көп идеясы электр жүйеге байланысты, бірақ оның тапқан жаңалықтары бір саламен шектелмеді. Мысалы, Тесла радионы Маркони мен Поповқа дейін ойлап тапты және Вильгельм Рентген өз жаңалығын ресми ашқанға дейін рентген сәулелерімен Тесла жұмыс істеп көрген. Бірақ мен мұны толықтай жазбауды жөн көрдім. Себебі физика ғылымы – қиялыңды шындыққа айналдыруға мүмкіндік беретін сала. Сенің де Тесла сияқты жаңалық ашатын қабілетің бар екеніне сенемін. Тесла өнертабыстары туралы өз бетіңмен ізденіп, «Ұланға» мақала жазуыңа болады. Күтемін.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №2
18 қаңтар 2022 жыл

768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор