• Толағай
  • 11 Қаңтар, 2022

Жанкүйерлерді 2022 жылы қандай спорттық жарыстар күтіп тұр?

Барыс жылында талай ірі спорттық бәсекелер өтеді. Ақ Олимпиададан бастап, футболдан әлем чемпионатына дейін бар.

Футзалдан Еуропа чемпионаты (19 қаңтар – 6 ақпан)

Жақында футзалдан құрлық біріншілігі басталады. 2022 жылғы Еуропа чемпионатын Нидерландының Амстердам және Гронинген қалалары қабылдайды. Қазақстан өз тарихында үшінші рет Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады. Бұған дейін 2016 жылы үшінші орын, 2018 жылы төртінші орын алған. Былтыр Кака шәкірттері Литвада өткен әлем біріншілігінде жартылай финалға дейін жетті. Сондықтан жігіттерге артылар сенім мол. Осы жолы да жүлдегерлер қатарынан табылып қалуы тиіс. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында Италия, Словения және Финляндиямен бір топта ойнайды.

Құрлық біріншілігіне қатысатын ойыншылардың тізімі мынандай: Қақпашылар: Игита, Нарын Серіков (екеуі де – «Қайрат»), Рауан Атантаев («Нұр-Сұлтан»). Алаңдағы ойыншылар: Тайнан («Эль-Посо», Испания), Дуглас, Шыңғыс Есенаманов, Альберт Ақбалықов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов (бәрі де – «Қайрат»), Арнольд Кнауб («Динамо-Самара», Ресей), Лео («Норильский никель», Ресей), Нұрбек Қарағұлов («Ақтөбе»), Азат Валиуллин («Аят»), Жомарт Тоқаев, Ерсұлтан Сағындықов (екеуі де – «Атырау»).

Қысқы Олимпиада (4 – 20 ақпан) Бейжің, Қытай

Биылғы жылдың ең басты жарысы – қысқы Олимпиада. Төрт жылда бір өтетін жарыс Қытайдың Бейжің қаласында өтеді. Ақ Олимпиаданы осымен үшінші рет Шығыс Азиядағы қалалар қабылдап жатыр. Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 2018 жылы Пхенчханда 102 медаль болған. Олимпиаданы жалғыз Бейжің емес, оның қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалалары да қабылдамақ. Олимпиаданың ашылу салтанаты Бейжіңдегі орталық стадионда өтеді. Бұл 2008 жылы жазғы Олимпиадаға арналып салынған. Осы жолы гендерлік саясатқа қатты мән берілді. Әйел спортшылардың үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 41 пайыздан 45-ке дейін көбейді. Олимпиададан кейін Паралимпиада бар. Дәл сол Бейжіңде бір айдан кейін – 4 – 13 наурызда өтеді.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты (13 – 29 мамыр) Финляндия

Хоккейден өтетін әлем чемпионаты да жанкүйерлер асыға күтетін додалардың бірі. Қазақстан құрамасы былтыр Латвиядағы біріншілікте бірнеше сенсация жасаған болатын. Бірақ соңғы сәтте плей-оффқа шығатын мүмкіндіктен айырылып қалған еді. Енді биыл Финляндияның Хельсинки және Тампере қаласындағы чемпионатта Канада, Ресей, Германия, Швейцария, Словакия, Дания, Италиямен бір топта күш сынасады.

Дзюдодан әлем чемпионаты (7 – 14 тамыз) Ташкент, Өзбекстан

Қазақстанда дзюдо жанкүйерлері өте көп. Сондықтан Өзбекстан астанасында өтетін әлем чемпионатына да назар аударатын көп болары анық. Былтырғы Токио Олимпиадасынан кейін құрама тағы жаңарды. Елдос Жұмаханов, Отгонцэцэг Галбадрах секілді спортшылар карьерасын аяқталды. Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев салмақ ауыстырды.

Жазғы Азия ойындары (10 – 25 қыркүйек) Ханчжоу, Қытай

Олимпиада мен әлем чемпионаттарынан кейін Қазақстанда жазғы Азия ойындарында топ жару мәртебе саналады. Спорттағы басшылар да құрлықтық додадан көптеп жүлде әкелуге тырысады. 2018 жылға дейін Қазақстан бесінші орыннан төмен сырғып көрмеген болатын. Көбінесе, Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореялардан кейінгі төртінші орынды иеленіп жүретінбіз. Бірақ 2018 жылы бәрі өзгерді. Индонезияда Қазақстан бірден тоғызыншы орынға сырғыды. Бұл құлдырау Токио Олимпиадасында да жалғасты. Енді сол қателіктерден сабақ шығаратын жарыстардың бірі – Азия ойындары болмақ.

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты (10 – 18 қыркүйек) Белград, Сербия

Отандық күреске көңілі толмайтындар көп. Әсіресе, грек-рим күресінің спортшылары Олимпиада ойындарынан жүлде алуды ұмытты. Федерацияның ішінде де дау-дамай көп. Өткен жылдың соңында басшылық екі рет ауысты. Алғашында Ерлан Қожасбай президент болып сайланса, кейін Дәулет Тұрлыханов тартып алды. Бұл өзгерістер енді күрестің дамуына әсер етсе деп үміттенеміз.

Әлем чемпионатынан алтын алмағанымызға 20 жылдан асып кеткенін талай жаздық. Жылда сенім артумен шектеліп жүрміз. Енді биылғы әлем чемпионатын Сербия астанасы Белград қаласы қабылдайды. Біріккен күрес әлемі қауымдастағының президенті Ненад Лалович отанында өтетін чемпионатта қазақ балуандарын жанкүйерлерін қуантып қалар.

Футболдан әлем чемпионаты (21 қараша – 18 желтоқсан)

Футболдан әлем чемпионаты алғаш рет қыс мезгілінде өткізілмек. Бұған дейін жаз кезінде ұйымдастырылып келген біріншілік биыл қараша-желтоқсан айларына жоспарланған. Өйткені әлем чемпионаты алғаш рет Таяу Шығыста өткізілмек. Яғни Қатар мемлекеті қабылдайды. Жанкүйерлер финалдық кездесуді 18 желтоқсанда Лусаилдегі Ұлттық стадионда тамашалай алады. Алаңға 80 мың көрермен сияды. Сонымен қатар жылда өтетін маңызды жарыстар тағы бар. Мысалы, футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының плейофф бәсекелері жалғасады. Алғашқысының финалын Ресейдің Санкт-Петербург қаласы қабылдайды. Ал Еуропа лигасының финалы Будапештегі «Пушкаш Аренада» өтеді.

Теннистен төрт ірі «Үлкен дулыға» санатындағы бәсеке бар. Біріншісі жақында басталады. Қаңтардың 17-сінде әлемнің үздік теннисшілері Аустралияға жиналады. Жасыл құрлыққа Новак Джокович пен Наоми Осака бастаған былтырғы чемпиондар да келеді. Жарыс 30 қаңтарға дейін жалғасады. Одан кейін 22 мамыр мен 5 маусым аралығында Париждегі (Франция) «Ролан Гаррос» бар. Шілдеде Лондонда «Уимблдон» өтсе, тамыз айының аяғы мен қыркүйектің басында Америка ашық біріншілігіне куә боламыз. Велоспорттағы «Джиро д’Италия» көпкүндігі 6 – 29 мамыр аралығына жоспарланса, «Тур де Франс» шілденің 1-і мен 24-і аралығында өтеді. Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатын 15 – 24 шілде аралығында АҚШ-тың Орегон қаласы қабылдайды. Оған Қазақстаннан Ольга Рыпакованың қатысуқатыспауы әзірге белгісіз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №1
11 қаңтар 2022 жыл

916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор