• Толағай
  • 13 Желтоқсан, 2021

Енді боксқа 100 келідегі алыптарды қосамыз

Өткен аптада халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) президенті Умар Кремлев Қазақстанға ат басын бұрды. Нұр-Сұлтанға арнайы сапармен келген ұйым басшысы елімізде бірнеше кездесу өткізіп, премьер-министр Асқар Маминнің де қабылдауында болды. Сонымен қатар, жас боксшыларға шеберлік сабағын өткізді. Қысқа мерзімге іссапармен келген AIBA басшысымен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

– Умар Назарұлы, Қазақстанға қош келіпсіз! Жалпы бұл Сіздің елімізге алғаш келуіңіз екен...

– Иә, елдеріңе алғаш рет аяқ басып отырмын. Бұған дейін келудің сәті түспеді. Сайлау, күнделікті кездесулер, басқа да жұмыстар болды. Ресей бокс федерациясын басқарып тұрған тұста Қазақстанмен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізгенбіз. Сол кезде келемін деп ойлағанмын. Бірақ реті келмеді.

– Осы жолы кімдермен кездесіп үлгердіңіз?

– Қазақстанның премьерминистрі Асқар Маминмен жолықтым. Ол AIBA-ның қазіргі атқарып жатқан жұмыстарына және даму бағдарламамызға оң бағасын берді. Сондай-ақ, Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевпен кездестік. Халықаралық ұйымның мақсаты – спортшылар мен бапкерлерге қолайлы жағдай жасау. Олардың әлемдік аренаға шығуына көмектесу. Біз осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғап, болашақта боксты бірлесіп дамыту жөнінде мәмілеге келдік. Жалпы Қазақстанның бокс тарихы тым тереңде жатыр. Мен оны өте жақсы білемін және құрметпен қараймын.

– Қазақстандағы бокстың даму деңгейін қалай бағалайсыз?

– Шын мәнінде өте жоғары. Жергілікті боксшылардың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанды әлем таниды. Қазақ боксшылары классикалық керемет бокс көрсетіп жүр. Жастардың көбі осы спорт түрін таңдайды. Бұл бізді қуантады. Оның үстіне, соңғы әлем чемпионатында жалпы командалық есепте Қазақстан екінші орын алды. Осыдан-ақ біраз нәрсені байқай беруге болады.

– Бокстағы салмақ саны көбейді. Бұл дұрыс болды деп ойлайсыз ба?

– Бұл менің идеям еді. Енді келесі жылы ерлер арасындағы салмақ дәрежесі тағы біреуге артып, 14 болады, яғни жарысқа 100 келідегі алыптарды қосамыз. Мұндағы ойымыз бәсекелестікті арттырып, бокстың бұқаралық сипатта дамуына жол ашу. Спортшылардан сұрасаңыздар айтады, барлығы салмақ дәрежесінің артқанына қуанышты.

– Бұрын кәсіпқой бокста менеджерлік қызмет атқарғаныңызды білеміз. Қазір кәсіпқой боксшыларға көмектесіп жүрсіз бе?

– Мен ешқашан промоутер болмадым. Тек бір залда өскен жігіттерге көмектестім. Сосын әуесқой және кәсіпқой деп бөліп шеттеткен ұнамайды. Қазір кәсіпқой боксшылар да келіп, жарыстарымызға қатыса алады.

– Әуесқой бокстағы ең өзекті мәселе – төреші мәселесі. Әлем чемпионаттары мен құрлықтық жарыстарда өте көп әділетсіздікті байқаймыз. 2023 жылы Ташкентте ондай бұрмаушылық азая ма?

– Осы күні тәуелсіз сарапшыларды жұмысқа тартып жатырмыз. Профессор Ричард Макларен қатарымызға қосылды. Мен боксшылардың алдында жарыстардың әділ өтуіне кепілмін. Егер өрескел қателік кетіп жатса, оның барлығын Макларен бастаған комиссия тексеріп, артынша бірден шешім қабылдайды. Біз сол арқылы әділетсіздік жасаған төрешілерді жарыстан шеттетуге үкім шығарамыз. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап барлық төреші арнайы семинарларға қатысып, емтихан тапсырады. Сондай семинардың бірін Қазақстанда өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Бұрын клубтар арасында чемпионат өтетін. Бүкіләлемдік бокс сериясын (WSB) жаңғыртудың мүмкіндігі бар ма?

– Келесі жылы әлем кубогын өткіземіз. Сосын клубтар арасындағы чемпионат та жаңғырады. Бірақ ол WSB деп аталмайды. Спортшылардың жақсы ақша тауып, өз елінің және клубтың атын лайықты қорғауына барлық мүмкіндікті қарастырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

КІМ МЫҚТЫ БОЛСА, СОЛ БАРАДЫ

Сонымен қатар бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаевпен де Қазақстан боксшыларының алдағы жоспарлары туралы сөйлескен едік.

– Алдағы күндері Оралда Қазақстан чемпионаты өтеді екен. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– Биыл алғаш рет ел чемпионаты 13 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Сондықтан боксшылардың саны көбейеді. Одан бөлек Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында жүлдегер болған жігіттер қатыспайды. Қалғандарының барлығы бақ сынайды.

– Кәсіпқой боксшылардан Бек Нұрмағанбет әлем чемпионатына қатысты. Басқа да кәсіпқой боксшылар құрамаға келе ме?

– Бірінші кезекте Бек ініме рақметімді айтамын. Кәсіпқойда жүргендердің барлығына еркіндік беріліп отыр. Ол жақта тіркеліп, әуесқой бокста да жұдырықтаса беруіне болады. Ешқандай шектеу жоқ. Керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Тіпті, Данияр Елеусіновті Олимпиада төрінен көріп жатсаңыздар, таңғалмаңыздар. Мұны мысал ретінде айтып жатырмын.

– АИБА басшысы Умар Кремлев клубтар арасындағы чемпионат жалғасатынын айтты. Қазақстанның өз командасы бола ма?

– Келесі жылы әлем кубогы өтеді. Мұнда 14 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылады. Құрамалар 7 салмақтан екі топқа бөлінеді. Қомақты жүлде қойылады. Бірінші орынға 2 миллион доллар беріледі деп естідім. Бұған құрама ретінде бара береді. Ал WSB секілді форматты 2022 жылдың ортасына қарай қолға алып қаламыз деп отырмын.

– 2022 жылдың ең басты жарысы – жазғы Азия ойындары. Бұған іріктеу қалай жасалады?

– Менің ойымша, дәл сол тұста кім мықты, сол жігіттер баруға тиіс. Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрама жігіттерінің арасында Азия ойындарының қарсаңында қайсының дайындығы жақсы болса, соған мүмкіндік беріледі.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №50
14 желтоқсан 2021 жыл

790 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор