• ҰЛАН
  • 14 Желтоқсан, 2021

Есімін ел білмейтін желтоқсан құрбандары

1986 жылдың 16, 17, 18 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы Брежнев алаңында болған «Желтоқсан оқиғасы» – патшалық Ресей мен Кеңес үкіметінің қыспағына 300 жылға жуық шыдап, ендігі шыдамы шырқау шыңға жеткен қазақ жастарының –жанайқайының нәтижесі еді. Жастарды орталық алаңға айдап әкелген бірінші себеп – қазақтың тағына өзге ұлттың отыруы (Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің келуі), ал екінші себеп – үш ғасырға жуық уақыт құрсауда болған қазақтың бостандыққа ұмтылысы. «Желтоқсан оқиғасының» қазақ өміріне жаңа тыныс алып келгенін Қайым-Мұнар Табеев те дәлелдеді.

Қайым-Мұнар Табеев – еңбек жолын «Қазақ пионері» («Ұлан») газетінен бастаған жазушы, журналист, әлеуметтанушы-заңгер, «Желтоқсан оқиғасын» жан-жақты зерттеуші. Ол «Желтоқсан құрбандарының» ақталып шығуына зор септігін тигізген, оның ішінде, ату жазасына кесілген екі қазақ жігіті – Қайрат Рысқұлбеков мен Мырзағұл Әбдіқұловты толықтай ақтап алуда өте көп еңбек сіңірген. Қазір мен ұсынғалы отырған ақпараттар Қайым-Мұнар Табеевтің «Қазақтың желтоқсаны» атты кітабынан алынған.

Біз бүгінгі күнге дейін «Желтоқсан оқиғасы» туралы сөз қозғалғанда, құрбандарға арналған еске алу кештері мен іс-шаралар барысында Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджановалардан асып өте алмаймыз. Ал, шын мәнінде осы үш күннің ішінде 2400 адам полиция бөлімшесіне әкелініп, оның 99-ы сотталса, студенттердің 264-і оқудан шығарылған. Ал олардың ішінде көп біле бермейтін «елеусіз қалған құрбандар» кімдер?

Мырзағұл Әбдіқұлов – бейбіт шеруге қатысқан бірнеше мыңдаған адамның ішінде өлім жазасына кесілген екі адамның бірі. Бірінші адам – Қайрат Рысқұлбеков. Әбдіқұловтың басына ойланбастан 4 бап бойынша қылмыстық іс іліп жіберген. Олар:
Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60-бабына сәйкес ұлт араздығын қоздырғаны үшін – 3 жылға;

  • 65-бабына сәйкес жаппай тәртіпсіздікке қатысып, ұйымдас-тырғаны үшін (Желтоқсан оқи-ғасына) – 15 жылға;
  • 202-баптың 3-тармағына сәйкес суық қару алып жүргені үшін – 1 жылға;
  • 88-баптың 1-тармағының «б» бөліміне сәйкес бұзақылық ниетпен кісі өлтіргені үшін – ату жазасына кесілді.

Сондағы Мырзағұл Әбдіқұловтың басынан өткен жағдай мынадай: 1951 жылы дүниеге келген Мырзағұлдың бес баласы, жұбайы және жетпісті еңсерген қарт анасы бар еді. Басында олар Аралда тұрған. Ол жердің суы тартылып, күнкөріс көзі тарылғандықтан, 1969 жылы Алматыдағы Стаханов ауылына көшіп келеді. Желтоқсан оқиғасы болатын күннен бір күн бұрын оның үйіне Қызылордадан жездесі келеді. Ол жездесі 17 желтоқсан күні Қапал-Арасан курортына жүрмекші болып, Мырзағұлдың әпкесінің қызы Бағдагүл оны шығарып салады. Кешке қарай Бағдагүл үйге кеш оралады да, қалада болған көтеріліс жайлы айтып береді. Ал жездесі болса Мырзағұлдың қайтадан Қызылордаға алып кетуін сұрап, Алматыда қалып қойған. Мырзағұл солай жездесін алып қайту мақсатымен қалаға барады. Аялдамаға келген автобустың алдыңғы есігін ашпағаны үшін автобус жүргізушісімен сөзге келіп қалады. Кейін автобусқа бір бөгде адам кіріп, жүргізушімен сөйлеседі. Әңгіме барысында бұл екеуі Мырзағұлды саусақтарымен нұсқайды. Мырзағұл бір жамандықты іші сезіп, өзімен бірге қару алып шықпағанына өкініп, ішкі қалтасына қолын сала бергенінде ет кесуге арналған кішкентай пышақты тауып алады. Жаңа мінген бөгде адам билет тексере бастайды да, Мырзағұлға: «Сен тоқтай тұр. Сенімен басқаша сөйлесеміз», – деп сес көрсете бастайды. Мырзағұл оны тыңдамай кері бұрыла бергенде жаңағы адам оны шарфынан тартып, қылғындыра бастайды. Сол уақытта Мырзағұл кері бұрылып, өзін қорғау барысында кішкене пышағын шарфынан тартып тұрған адамға сұғып алады. Бұл оқиғадан өзі де қатты шошып кетіп қашып бара жатқанда бірнеше полиция қызметкері оны ұстап алып, соққыға жығады. Солай абақтыға жабылып, мойнына мүлдем болмаған айыптар тағылады. Сегіз адам көтеріліс күні Мырзағұлды ауылдан көргендерін айтып хат жазса да, прокуратура «өздері жасап алған жалған куәгерлерге» сенеді.

Алайда, ортаға заң өкілде-рінің қатысуымен өлім жазасы 20 жыл абақтыда қылмысын өтеу жазасымен алмастырылды. Кейін, 1990 жылы 7 жылға қысқарып, қайта 12 жылға көтеріледі. Ауылда бес баласы мен жұбайының сарғайып күтіп отырғаны ескеріліп, ақтық үміт ретінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлына хат жазылады. Хатты жазып, оны Президентке өз қолымен тапсырған Қайым-Мұнар Табеев еді. Солай Мырзағұл ұзақ уақытқа созылған тергеудің арқасында кешірім алып, 1992 жылдың маусым айында отбасына оралады. Кейін оларға төрт бөлмелі пәтер беріледі. Бірақ, қуанышы ұзаққа созылмай, жиырма жасар Алмагүл есімді қызынан айырылады. Бұл оқиғаның Мырзағұлға қатты ауыр тигені соншалық, ол өзіне ие бола алмайтын ашуланшақ мінезге бой береді. Тіпті, толық ақталып шыққан кезде де қатты қуана алмайды.

Сәния Юсупова – 1952 жылы туған. Республика сауда министрлігіне қарасты ғылыми-техникалық жетістіктерді өндіріске енгізу орталығының аға инженері. Сәнияның үстінен жұмыс орнында ұлтшылдыққа қарсы әңгіме таратқаны үшін іс қозғап, оны күні-түні тергеуге шақырып мазасын алады. Бұл қорлықтан қатты шаршаған Сәния 4-қабаттағы пәтерден секіріп, ес-түссіз күйінде ауруханаға жеткізіледі. Солай Сәния мүгедек болып шығады. Прокуратура да бұл жағдайды естіп, оның үстінен қозғалған істі жауып тастайды. Бірақ ешкімге жақ ашпауды тапсырады. Тіпті, Қайым-Мұнар ағамыз да онымен сөйлесуге барғанда қорқатынын айтып, қонақтарды ішке кіргізбей қойған.

Дәл Сәния секілді айыбын мойындаудан қорыққан тағы 2 қыз бар. Олар:

Дина Барбалина – 1966 жылы туған. Алматы мақта-мата комбинатының жіп ораушысы. Тергеушілерден және жауапкершіліктен қорқып жатақхананың 2-қабатынан секірген;

Гүлшат Ахметова – 1968 жылы туған. Алматы мақта-мата комбинатының жіп ораушысы. Ол да дәл сондай себеппен 2-қабаттан секіріп кетеді. Бірақ бұл екеуі де тірі. Алайда оларды жұмыстан қуып жіберген.

Жансая Сәбитова – «Желтоқсан оқиғасының» құрбаны болып, бес жылға сотталған және бес жылға ұстаздық құқығынан айырылған физика пәнінің мұғалімі. Ол 20 желтоқсан күні Брежнев алаңына таяу орналасқан Құрылыс техникумының жатақханасында тұратын інісін көруге келгенде екі жігіттің жөн-жосықсыз бір студентке тиісіп, ішке кіргізбей тұрғанын көреді де: «Студенттерді неге жәбірлеп жатырсыңдар? Айналайындар-ау, өз бауырларыңды неге қорғамайсыңдар? Намыс қайда?» – деп айтады. Солай ол інісіне барып, қайта шығып келе жатқанда өзіне қарай келе жатқан полицейлерді көреді. Сөйтсе, «Осындай жерде бір қазақ әйелі Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізіп жатыр», – деген айыппен ұсталыпты.

Жәлел Әуезов – «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізді, «Желтоқсан оқиғасына» қатысты» деген айыппен оқудан шығарылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған Алматы зоовет институтының студенті. Кейін Жәлелге тағылған айыптың бір ұшы оның отбасына да тиеді. Әкесі Әуез Исабеков «баласына антикоммунистік теріс тәрбие бергені үшін» Жезқазған облысындағы «Абай» кеңшарының директорлық қызметінен босатылды. Ал ағасы Даниял Әуезов «ұлтшыл, бұзақының туысы» ретінде жұмыстан қуылып, басқа жаққа көшуге мәжбүр болды.

Кенжегүл Молданазарова – Желтоқсан оқиғасының құрбанына айналған Алматы дәрігерлер институтының студенті. Анасының айтуынша, ол 18 желтоқсан күні Байланыс техникумында оқитын немере сіңлісі Анар Бадренованы іздеп алаңға барады. Сол жерде екі қыз полицейлерге ұсталып, олардан оңбай таяқ жеп, ауруханаға жеткізіледі. Анар әрең дегенде дертінен сауығады. Ал Кенжегүлдің сырқаты асқынып, Арыс, Шымкент қалаларына барып қаралады. Оған да жазылмай, Ташкентке барып операция жасатады. Сөйтсе, Кенжегүлдің қарақұсына қатты соққы тиіп, бас тамырлары зақымданыпты және миына қан құйыла бастаған екен. Соның салдарынан Кенже-гүл операциядан кейін де оңалып кете алмай, қиналып көз жұмады.

«Желтоқсан оқиғасы» қарсаңында жалған жала жабылып, сотталған жандарда есеп болмады. Кеңес үкіметі әрбір қылмыскерді және оның қылмысын өздері ойлап шығарып отырды. Тіпті, соған арнап жалған куәгерлер де дайындалды, кінәні мойнына алғандарға «жазаң жеңілдетіледі» деп өтірік айтты. Ең сорақысы не екенін білесің бе? Желтоқсаншыларды «алкоголизмге салынған, темекі шеккен, есірткі қабылдаған нашақор, ақыл-есі ауысқан» деген секілді әртүрлі айыппен тұтқындай берді. Ал, ол ішімдіктер мен есірткілерді, шылымды көтеріліс күні өздері тегін таратқан еді. Солай Кеңес үкіметі өз қулығын жүзеге асырып үлгерді.

Аталған құрбандар туралы ақпараттарды және сол кездегі Кеңес үкіметі бүгіп қалған деректерді жинақтаған – Қайым-Мұнар Табеев. Ал бұл мақала – «Желтоқсан оқиға-сының» оннан бір бөлігі ғана. Халық өз тарихын еш боямасыз білуге құқылы. Тіпті, бүгінгі күн үшін жанын пида еткен кешегі күннің батырларын біліп жүру – біз үшін міндет. Сондықтан сол кездегі бостандық үшін шыр-пыр болған қазақ жастарының жағдайымен толықтай таныс болғың келсе, Қайым-Мұнар Табеевтің «Қазақтың желтоқсаны» атты шығармасын оқып шығуға кеңес беремін. Жазушының бар шындықты бүкпесіз айтатыны соншалық, ащы шындық сай-сүйегіңді сырқыратып, еріксіз жылатады.

Аяулым АБАЕВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
ҚазҰУ журналистика факультетінің
1-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №50
14 желтоқсан 2021 жыл

3520 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор