• ҰЛАН
  • 13 Желтоқсан, 2021

Құрақ құрау – терапия

Ұлттық брендіміздің айқын көрінісінің бірі – құрақ құрау. Қазір құрақшылардың көбейіп, оны кәсіп көзіне айналдырып жатқаны қуантады. Әсел Серікқызы төрт жылдан бері көрпе тігумен айналысады. Бала кездегі қызығушылығы оның тігін арқылы табыс табуына көмектескен. Өзі қаржы және несие мамандығын бітіріпті. Қазір Алатау ауданы Өжет ықшамауданындағы  «Інжу» өнер орталығында жұмыс істейді. 10–18 жас аралығындағы қыздарға құрақ құрауды тегін үйретіп жүр. Орталыққа барсам, тігін бөлмесінде жұмыс қызып жатыр екен. Әсел ханым ұлттық қолөнеріміз туралы, тігінге қалай келгені жайлы айтып берді.

– Құрақ құрауды қалай үйрендіңіз?

– Кішкентай кезімізде әжемізден, анамыздан көріп өстік. Жас кезімнен тігінге құмар болдым. «Мен де тоқиыншы» деп шұлыққа да жабысатынмын, «мен де иірейінші» деп ұршықты да сұрайтынмын. Көрпе тігуді, құрақсыз дайындауды негізінен анамнан үйренгенмін. Әпке-сіңлімнің жасауын дайындағанда жамылатын көрпелерді анам екеуіміз көктеп, құрақсыз тігіп жүрдік. 2017 жылы көрпе құрау қайта таныла баста-ды. Инстаграмда Ырза Тұрсынзада бастаған құрақшылардың жұмысын қарап, тігін машинасын сатып алғым келді. Банк саласын емес, тігін тігуді жүрегім қалады. Сол кезден бастап тігінмен тұрақты айналысып келемін. 

– Сонда қазір тапсырысқа көрпе тігесіз ғой?

–  Иә, алғашқы тапсыры-сымды 2018 жылы алдым. Таңертең банкке жұмысқа барып, кешке үйде көрпе тігумен айналысатынмын. Кейде түнімен отырып тігемін. Жолдасым мемлекеттік қызметте жүргенімді  қалады. Бірақ мен қоймай, тігіп отырып алатынмын. Тіккен жұмысымның сапасына, әдемілігіне көп мән беремін.

– Құрақ құраудың басқа өнер түрінен ерекшелігі қандай?

– Құрақты терапия деп айтса болады. Тігіп отырып, бар ойыңды соған саласың. Өмір болған соң неше түрлі қиындық, мәселе болады. Ал құрақ құрасам соның бәрін ұмытып кетемін. Өйткені құрау жолын ойланып, «қалай әдемі тіксем екен?» деп назарыңды соған саласың. Күйзелістен арылтады десем де болады.

– Сырттай қарасам, құрақ құрау өте қиын сияқты. Оны кез келген қыз үйрене ала ма?

– Негізі құрақ құрауға үлкен төзім керек. Былтыр кәсіп бастағанда жаныма көмекші ретінде қыздар алдым. «Мен де үйренсем екен, істей аламын» деп қызығып келеді. Бірақ екі күннен кейін шыдамай кетіп қалады. Құрақ құрау әйел адамды ұқыптылыққа, шыдамдылыққа үйретеді. Курсқа да отыз шақты қыз бала келді. Шыдамы жетпегендер өздері шығып кетті. Қыздар жаңадан үйрене бастағанда, матаның шетіне шығарып тігетін кездер де болды. Ондай кезде 4–5 сабақ жанында қадағалап отыруың керек. Қатты қызықсаңыз, төзімді болсаңыз, үйреніп кете аласыз.

– Құрақ көрпе дайындаудың қандай техникалары бар?

– Бір техниканы жақсы-лап үйреніп алсаңыз, аса бір күрделі деп айта алмаймын. Тек сабыр мен төзім қажет. Мысалы, 20х20 өлшемдегі төртбұрыш матаны алып, дәл ортасына қарап, шетінен тігіп отырсақ болды. Осы тігісті курстағы он жасар қыздарға бір айдай үйреттім. Қазір менің қадағалауымсыз-ақ өздері тіге береді. 

– Құрақтың қандай түрлерін дайындайсыз? Қалай тігіледі? 

– Құрақ көрпені көбіне оюмен араластырғанды ұнатамын. Кейде тек қана оюмен тігемін. Мәселен, сырып тігу техникасында толығымен ою пайдаланамыз. Ұнаған өрнектерді типографиядан шығарып аламын. Қошқармүйізді білмейтін жан жоқ шығар. Ол – тоқшылықтың, кеңшіліктің белгісі. «Төрт құбылаң тең болсын», «Торсықтай ұл тап» деп қошқармүйізді қыздың жасауына пайдаланады. Құрақ құрағанға түрік велюрін қолданамын. Ал астарын қатты бөз матадан тігемін. Флизелин матасын қолдансаңыз, көрпе күшті шығады. Ал астарын құрақпен тыстауды «бидай қап» деп атайды. 

– Құрақ құрау курсын қай уақыттан бері жүргізіп келесіз? Неге тегін?

– Тегін үйірмелерді өткізу – ҚР бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Аружан Саинның реформасы. Құрақ құрау ғана емес, вокал, домбыра, спорт секциялары бойынша да үйірмелер бар. Бұл курс наурыздан бері жұмыс істейді екен. Мен қазан айының аяғында келдім. Айына сегіз сағат, аптасына екі рет бір сағаттан өтеді. Бірақ біздің қыздарымызға бір сағат аз, кеткісі келмейді (күліп). Негізі Өжет ықшамауданында мұндай үйірмелер мүлдем жоқ екен. Басында курсты тегін дегенге ата-аналар күдікпен қарады. Қазір олар да қуанышты. Баланың бос уақыты аз болғаны жақсы ғой.

P.S. Бөлмеде кішкентай қыздар құрақ құрап жатты. Матаның әрбір бөлігін ерекше құлшыныспен зер салып тігіп отыр. Ине ұстасам жүйкем ауыратын мен соларға қарап қатты қызығып кеттім.  Ұлттық өнеріміз қыздарға насихатталып жатқанына қуандым. Шебер қыздар құрақ құрауды қалай үйренгені туралы айтып берді.

Нұржамал Сардарова, №156 мектептің 5 «З» сынып оқушысы:

– Үйірмеге қатысқаныма екі ай боп қалды. Алғаш рет қошқармүйізді ойып үйрендім. Қазір шиқұрақты үйреніп жүрмін. Басында қиын болатын. Қазір қолым үйреніп, хоббиіме айналды. Болашақта қиын құрақтарды үйреніп, көрпеге тапсырыс қабылдағым келеді.

Аида Арман, №156 мектептің 5 «Е» сынып оқушысы:

 – Мен де қошқармүйіз бен шиқұрақты үйреніп жүрмін. Шиқұрақты тіккенде кішкене қиналдым. Ол үшін мата алып, төртбұрыш етіп қию керек. Сосын қиындыны басқа матаның үстіне қойып, біріктіріп, шетінен жүргізіп тігеміз. Астындағы мата ажырап кетпей, түзу шығу үшін қолданылады. Болашақта мен де осылай курс ашып, басқа қыздарға үйреткім келеді.

Аружан АБСАТАР, 
«Ұланның» жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №50
14 желтоқсан 2021 жыл

1619 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор