• ҰЛАН
  • 06 Желтоқсан, 2021

Мәдениетіміз жаңа заман талабына сай жаңғырып жатыр

Қазақ мәдениеті – қазақ жерін алғашқылардың бірі болып мекендеген сақ тайпаларынан бастау алатын ежелгі мәдениет. Түркі тайпаларын Көк бөріден тарады деген аңыздан бастап, түркілердің бүгінгі күнге дейінгі ұлттық ұстанымдарының бір-бірімен тығыз байланыста екені бәрімізге белгілі. Емшілерге, Көк Тәңіріне сыйыну, от пен Ұмай анаға табынудың өзі Жер бетінде адам пайда болғаннан бері келе жатқан наным-сенімдер. Тіпті, отпен аластау, ауырсынған жағдайда бақсыларға жүгіну секілді жоралғылардың бүгінгі күннің көріністерінен де байқауға болады. Бірақ қазақ халқы жеке-дара шығып, өз мемлекеттігін құрған кезден бастап, біз түркі мәдениетінен бөлініп, өзіміздің жеке қазақ мәдениетінің негізін қалыптастырдық. Дәлірек айтқанда, XV ғасырдың ортасынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі біздің мәдениетіміз – қазақ мәдениеті. Ендеше, қазақ мәдениеті қазіргі күнде қандай дәрежеде? Қазақ мәдениетінің бүгінгі күндегі көрінісі қандай?

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арналған «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай дейді: «Қазақстанның мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың санасы ісінен озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруға тиіс. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісі бүгінгі заманның болмысына сай келмейді. Өзгеру үшін заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керек». Нақтырақ айтсақ, Қазақстан дамыған өзге елдермен иық теңестіру үшін мәдениетіміз де заман ағымына сай өзгеруі керек. Демек, мәдениеттің ұмыт болмауы – басты шарт. Ал Елбасымыздың бұл айтқандары қазір жүзеге асып жатыр ма екен?

Қазақ мәдениеті деп оның тілін, дінін, ұлттық тағамдарын, ұлттық киімдерін, әшекей бұйымдары, ұлттық ойындары мен ұлттық әндерін айтамыз және  бұлардың бәрі Қазақстанда заманға сай жаңғырып келеді. Ендеше, мәдениетіміздің бүгінгі көрінісіне жеке-жеке тоқталып өтейік.

Ұлттық киімдеріміз – сұранысқа ең көп ие бағалы тауарлар есебінде. Себебі Қазақстан арасында ұлттық киімдерімізбен жұмыс жүргізу негізгі трендке айналған. Мәселен, отау құрғалы жүрген жас отбасы фотосессия үшін қазақтың ұлттық киімдерін сатып алады немесе жалға алады, тұсауы кесілгелі жатқан кішкене бүлдіршінге де ұлттық киім кигізіледі, тойда өнер көрсететін би топтарының көбі қазақ киімдерімен келеді. Әсіресе, Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» атты кешеннің ортағасырлық мәдениетке сай жасалуы еліміздің ұлттық брендтерін дамытуға айтарлықтай үлес қосты десек болады.

Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, жас жұбайларға арналған тарихи фотосессияның біразы осы аймақта өткізіледі. Қазір адамдар суретке түсу үшін қазақы киімдер алып, арнайы осы жерге келеді. Айта берсек, шегіне жете алмаспыз. Қазақтың ұлттық киімдерін жалға беру немесе сату арқылы бизнес жасап жатқан кәсіпкерлер де көп. 

Ұлттық тағамдарымыз – халыққа XXI ғасырға сай деңгейде ұсынылып жатқан басты құндылықтарымыздың бірі. Бүгінгі күнде еліміздің әр қаласынан ұлттық нақыштағы, қазақы стильдегі және қонақтарына тек ұлттық тағамдарымызды ғана ұсынатын мейрамханаларды көре аламыз. Бір қуантатыны – бұл мейрамханаларға да заманға сай қазақи атаулар берілген. Мысалы, «Жайлау», «Сандық» мейрамханасы, «Baursak City», «Qazaq restaurant», «Qaimaq», «Qazaq ayul», «Bozjyra» және тағы да басқалары. 

Бұның өзі ұлттық құндылығымыздың заманға сай жаңғыруы. Сонымен қатар, қазақтың ертеден сүйікті асына айналған құрт та бүгінгі күнде ең жоғары сұранысқа ие тағамдардың бірі. Бірі құрт сатып, оны тегін жеткізу арқылы бизнес жасаса, енді бірі құрттарды заманға сай өзгертіп, отандық брендтің негізін қалады. Отандық бренд ретінде құртты пайда көзіне айналдырған – «Assyl tas» қоғамдық қоры холдингінің ұжымы. Ұсынылатын қорап та ерекше креативпен жасалған. Қорап сыртында – қазақ халқының даналығынан, тағылымды тарихынан хабар беретін қысқа ақпарат және қорап ішінде – Ұлы Абайдың қара сөзі үш тілде жазылған. Осындай отандық бренд қалыптастырушылардың арқасында, ескінің көзіне айналғалы тұрған ұлттық құнды-лықтарымыз заман талабына сай өзгеріп, жаңғырып жатыр. 

Ұлттық ойындарымыз. Қазіргі заман – технология заманы. Көп дүниені тек шынайы өмір кейпінде ғана емес, виртуал тұрғыда да іске асыруға болады. Барлық адам телефон арқылы қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырады. Нақты балалардың қарар дүниесін негіздейтін болсақ, олар: YouTube, неше түрлі блогерлер, TikTok әлеуметтік желілері. Ғаламторларды, аталған әлеуметтік желілерді зерттеп қарар болсақ, ұлттық ойындарымыздың электронды форматын да байқаймыз. Тіпті, Play Market желісінен асық, көкпар, тоғызқұмалақ ойындарын қолжетімді тәсілмен жүктеп алуға да мүмкіндік жасалған. Соған қоса, ұлттық ойындарымызды жаңғырту мақсатында жыл сайын тоғызқұмалақ ойынынан республикалық турнирлер де өтеді. Соның арқасында тоғызқұмалақ балалардың сүйікті ойындарының біріне айналып келеді. 

Заманауи бағытпен ұлттық ойындарды осылай жеткізу тиімді. Халық әндері. Бүгінгі күні сұранысқа ие музыкалық тыңдалымдар көбіне жастардың қызығушылығы мен еліктеуінен туындаған. Әрине, ән шығарушы адам да тыңдарманның сұранысына қарай жұмыс істейді. Көп дүние өнер табалдырығын жаңадан аттап кіріп жатса, енді бірі ескі әуендерге жаңаша леп беру арқылы өзгертілуде және ол өзгертулер халық әндерін де айналып өтпеді. Дәлірек айтатын болсақ, халық әні «Сәулем-ай», «Игигай» сынды шығармалар заман ағымына сай өзгертілген. Сонымен қатар, өздеріңіз байқағандай, заманауи әншілердің өздері қазақы форматта ән жаза бастады. Мысалы, қазіргі жастардың ең сүйікті әншілерінің бірі Raim&Artur «Сәукеле» деген ән жазған болатын. Қазақ музыкасының дамуына үлкен үлес қосқан Абай әндері де заманауи стильде жазыла бастады. Мәселен, Dudeontheguitar&Monro орындауындағы Абайдың «Бойы бұлғаң» әні әлі күнге дейін көпшілік арасында жоғары бағаланып келеді. 260 жыл қазақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған патша үкіметінің озбыр саясатының кесірінен қазақтар өз мәдениетін ұмытуға айналған еді.

Енді, міне, араға біраз жылдар салып, ұлттық құндылықтарымыз қайта қалпына келіп жатыр. Жай ғана қалпына келіп қана қоймай, жаңа заман талабына сай жаңарып жатыр. Егер ілгерілеуді осы қарқынмен жалғастыра берер болсақ, дамыған 30 елдің қатарына кіру қазақ халқы үшін еш қиынға соқпайтын іс болар еді. Ендеше, өзімізді өзгелерге дәлелдеу үшін  ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді келешекке кемел, болашаққа бедел ретінде кейінгі ұрпаққа табыстап отырайық. Сонда ғана Қазақстан биіктер-ден көрінеді. 

Аяулым АБАЕВА

«Ұлан» газеті, №49
07 желтоқсан 2021 жыл

1217 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор