• ҰЛАН
  • 06 Желтоқсан, 2021

Іңкәр БАХЫТЖАН, Universite de Haute-Alsace докторанты: Біздің өмірімізде мүмкін емес нәрсе жоқ

Іңкәр Бахытжан – Алматы қаласының тумасы.  Қазір Фран-цияның Мюлуз қаласында тұрады. Эрасмус мундус стипендиясын ұтып алып, Жоғарғы Эльзас университетіне магистратурада оқуға барған. Магистратураны тәмамдағаннан кейін, университет ұсынған стипендия арқылы енді докторантураны аяқтамақшы. 

– Францияға келуіме негізгі екі себеп болды. ҚазҰУ-да екі шет тілі мамандығы бойынша бакалаврда оқып жүргенде алғаш рет «Эрасмус мундус» стипендиясы туралы естіген болатынмын. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Ал шетелге оқуға қаражаты жеткілікті адамдар ғана бара алады деген ой болды. Бірақ, ең қызығы, 3-курс оқып жүргенде, үш группалас қыз «Эрасмус плюс» стипендиясын ұтып алып, сол арқылы Словакияға оқуға бір семестрге барып келді. Соның арқасында алғаш рет мен сияқты қарапайым отбасынан шыққан қыздың шетелге шығуға мүмкіндігі бар екеніне көзім жетті. Сол сәттен бастап, шетелге шықсам деген арманым мақсатқа айналып, көп іздендім. Бір жылдан астам уақытым стипендия іздеу мен тапсыруға кетті. Бірақ ешқандай өкініш жоқ, стипендия ұтып алдым. 4-курстың аяғында Францияға жол тарттым. 

Екінші себеп – француз тілі курсы. Екі шет тілі мамандығында 2-курстың аяғында екі тілдің біреуін таңдау керек болды: француз немесе неміс тілі. Өзіме француз тілі қатты ұнайтын. Парижді көру арманым болды. Таңдауым, әрине, бірден француз тіліне түсті. Мұғаліміміз Мұқағали Мақатаевтың қызы Шолпан Мұқағалиқызы болды. Профессор стипендияға тапсыру кезінде маған көп көмектесті. Әлі күнге дейін ризашылығымды білдіремін.

Француз тілі – қиын тілдердің бірі. Екі жыл ҚазҰУ-да үйренгенім, әрине, жеткіліксіз болды. Сондықтан басында өте қатты қиналдым. Оған қоса, Мюлуз – кішкентай қала. Ағылшынша сөйлейтіндер өте аз. Мүлдем болмады десем де болады. Соған қарамастан, тілді бір жыл ішінде толыққанды меңгеріп шықтым. Қуанышыма орай, менің университетімде студенттерге тегін француз тілі курсын ұсынды. Қарқынды курс аптасына 9 сағат болатын. Осы курстың нәтижесінде, Францияда тұрғанымның және университеттегі француз тіліндегі сабақтарға барып жүргенімнің арқасында өте жақсы нәтиже көрсеттім. Француз тілі деңгейім бір-ақ жыл ішінде бастапқы деңгейден (beginner) өте жоғары деңгейге (advanced) жетті. 

«Қазақстан мен Еуропа арасында айырмашылық, әрине, өте көп. Еуропа дамыған мемлекеттер қатарында, сондықтан өз азаматтарына барлық жағдай жасалған, көп нәрсе жеңілдетілген, технология өте жақсы дамыған. Онлайн түрде үйде отырып-ақ сауда жасай аласың, керек затыңды сатып аласың, бірнеше күнде үйіңе жеткізіп береді, ұнамаса тегін қайтара аласың. Үйде отырып-ақ қажетті тағамдар мен азық-түліктерді сатып алуға болады. Қалаған уақытыңда жеткізіп береді. Сервис жақсы дамыған. Клиентпен қарым-қатынас өте жоғары деңгейде. Әрдайым сыпайы, клиентті тыңдайды, сұранысына барынша жауап беруге тырысады. Бір ыңғайсыз тұсы – сұранысын өтеуге өте ұзақ уақыт кетеді. Бір қажеттілік болса, мысалы, бірнеше күн, апта немесе айлап күтуіңіз мүмкін. Еуропалықтардың көбі барлығын алдын ала жоспарлайды. Демалыс-тарын бір жыл бұрын ойластырып, тіптен резерв жасап, билет алып қоюы мүмкін. «Құдайы қонақ» болу оларда өте сирек. Көбіне еуропалықтар өз шаруаларын алға қояды. Мұнда жалғыз тұратындар өте көп.  Әсіресе, қарт кісілер жалғыз өмір сүреді және жалғыздықтан қиналады. 

Қазақстан жайлы айтатын болсам, технология жағынан біз де дамығанбыз. Еуропа елдерінен кем түспейміз. Бірақ халық әлі жаңа дамыған технологияны қолдануға дайын емес секілді... Өйткені бізде қоғамдық орындардағы мемлекеттің мүлкін сындырып кету, ұрлап кету әлі де бар. Онлайн қолданыста да еш кем түспейміз, кейбір тұстарда тіптен озамыз десек те болады. Мысалы, Каспи банк енгізген барлық онлайн төлем немесе онлайн аударым. Францияда бұндай сервис енді ғана дамып келеді. Біз құжат, қағаз толтыру тұрғысынан жылдамбыз. Барлығы онлайн форматта, тез қол жеткізуге болады. Ал Франция бұл жағынан ең қиын мемлекеттердің бірі шығар. Бір құжатты (барлық демеймін, әрине) алу үшін айлап, не жылдап күтуіңіз мүмкін. Біздің Қазақстанның ең алға басар, мақтанарлық жайы – қонақжай екені. Танымаса да бар мейірімін көрсетіп, сыйласып, керемет күтіп алуы мүмкін. Биыл Қазақстанға оралған сәтімде риза болдым. Өйткені мұндай қонақжайлықты Еуропада мүлдем көре алмайсың. Халықтың бір-бірімен жиі арала-сып, әрдайым хал-жағдай сұрасып отыруы жылы әсер етеді. 

Туристерді несімен тартады? 

Шетелге шығатын қазақ-стандықтар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Олардың арасында Францияға баруды армандайтын туристер де аз емес. Туристерді магниттей тартатын не сыры бар екен, қандай ерекшеліктері бар екен, оны да сұрап білдік.

– Франция – әлемдегі дамыған мемлекеттердің бірі. Астанасы – Париж. Әлемдегі ең әсем астаналардың бірі. Бұл қалада қолайлы барлық тәжірибені табуға болады: сәннің астанасы, гастрономия астанасы (өте керемет, жоғары деңгейдегі мейрамханалар), мәдениет астанасы (неше түрлі музейлер бар: Лувр музейінің өзі «Мона Лиза» картинасымен жүз музейге татитын шығар), білім орталығы (өте жоғары деңгейдегі Сорбонна университетін білмейтін адам жоқ), неше түрлі кітапханалар, саяжайлар мен бақтар... Фран-цияның табиғаты өте әсем және әртүрлі: таулары да бар, өзен, көл, мұхит... Барлығы көруге тұрарлық жер. Келесі ерекшелігі – француз асханасы. Әлемде француз десерт-теріне жететін десерт жоқ шығар.

Еуропада оқуды мақсат тұтқан талапкер нені ескеруге тиіс?

Еуропаға оқуға түскісі келетін талапкерлер ең бірінші оқудың оңай болмайтынын ескеруі керек. Мұнда оқу жүйесі мүлдем басқа. Қазақстанға ұқсамайды және оқу деңгейі де жоғары. Бізде оқу жүйесі оңай, ал Еуропада оқуға бейімделу үшін, емтихандарды дұрыс тапсыру үшін күні-түні, жатпай-тұрмай дайындық жасау маңызды. Оқуға келген ең алғашқы сәттерде тіл жағынан қиыншылықтар туындауы мүмкін. Басында ойымызды анық жеткізе алмай, қате сөйледік деп қысылуымыз мүмкін. Мұның барлығы қалыпты жағдай.  

Ғылыми кітаптарды көп оқығанмын

Мен негізі детектив жанрын өте жақсы көремін. Бірақ соңғы оқыған кітабым мүлдем басқа салада. Қазір докторантураны тәмамдап жатырмын. Осыған байланысты ғылыми кітаптарды көп оқыған едім. Өзіме ұнағаны – Адриенна Майордың Амазонкалар жайлы кітабы (Adrienne Mayor) «Амазонки: жизнь и легенда женщин воительниц в древнем мире»  (The Amazons. Lives and Legends of Warrior Women across the Ancient World). Мен қазір 4 тілде сөйлеймін: қазақ, орыс, ағылшын және француз.

«Ұлан» оқырмандарына ештеңеден қорықпауға кеңес берер едім. Біздің өмірімізде мүмкін емес нәрсе жоқ, барлығы өз қолымызда. Тек ерінбей еңбек етсек, барлығына қол жеткіземіз. Армандап қана қоймай, мақсат қоя біліңіздер.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №49
07 желтоқсан 2021 жыл

1166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор