• ҰЛАН
  • 06 Желтоқсан, 2021

Мың бір домбыраның күмбірі

Тұңғыш Президент күніне орай Назарбаев зияткерлік мектептерінің дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобында мың бір домбыра үні күмбірледі. Бірнеше жыл қатарынан NIS оқушылары еліміздің барлық қаласында мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, виртуозды ойынмен домбыраның элективті курстары және «100 күй» мәдени жобасының маңызын айқындап келеді. «Нұрлы жол» вокзалында Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің жас домбырашылары Құрманғазының ең атақты үш туындысы – «Сары-арқа», «Балбырауын» және «Адай» күйлерін орындады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік марафон Назарбаев зияткерлік мектептерінде дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобынан бастау алды.

Алматыдағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп оқушылары «Апорт молл» ойын-сауық орталығы келушілеріне тамаша көңіл-күй сыйлады. Аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін тартқан жас домбырашылар көрермендердің думанды қошеметіне бөленді. Дәстүрлі флешмобқа алғаш рет қатысқан Богдан Миронов осы күйді ерекше шабытпен орындаған:

– Домбыра тартуды Назарбаев зияткерлік мектебіне 7-сыныпқа түскен сәттен бастап үйрендім. Оркестр құрамына биыл қосылсам да, бірнеше күй білемін. Бүгінгі орындалған шығармалардың ішінде маған Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» ерекше ұнайды, – дейді зияткер. Семейдегі дәстүрлі флешмобтың басты туындысын ұлы Абайдың «Тор жорға» күйі деп атауға болады.

– Біз үшін «Ұлы дала мұрагерлері» – тәрбие жұмысындағы өзекті жобаларының бірі «100 күй» бойынша шығармашылық есеп, – дейді директордың орынбасары Лариса Әбілқасымова. Қызылордада домбыра флешмобы «Aray city mall» ойын-сауық орталығында жалғасты. Мерекелік репертуарға жас музыканттар сүйікті шығармалары – «Ерке сылқым», «Көрұғлы», «Әлқисса», «Құс қайтару» күйлерін қосты, көрермендер де оқушыларды қолдап, танымал халық әндерін орындады.

– Күй қашан да шабыт сыйлайды, халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарын еске салады, бүгін домбыра бізге нағыз қуаныш сыйлады, – дейді 9-сынып оқу-шысы Сырсұңқар Базарбайұлы. Ақтаулық «Ұлы дала мұрагерлері» Қ.Сыдиықов атында-ғы Маңғыстау облыстық кітапханасында өнер көрсетті.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен әрбір жетінші сынып оқушысы міндетті түрде қолына домбыра алады. Ата-аналарымыздың біздің дәстүрлі флешмобымызға қолдау танытқаны үшін қуаныштымыз, – деді «Қос перне» домбыра клубының жетекшісі Гүлсім Тәжмағамбетова. Ақтөбе қаласындағы «Keruen City» сауда және ойын-сауық орталығында мектепішілік «Ақжелең» ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Адай» және «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлерін қалың көпшілікке тарту етті, ал хордың орындауында «Батырлар ұраны» және «Алға, Қазақстан!» әндері шырқалды.

Сондай-ақ зияткерлер көрермендерге «Күй шертіп, сыйлық ал» ойынын ұйымдастырып, қатысушыларға қолдан жасалған кәде-сыйлар дайындады. Шымкенттегі физика-математика бағытындағы зияткерлік мектеп оқушылары үшін «RIXOS KHADISHA» қонақүйінің атриумы импровизацияланған сахнаға айналды. Құрманғазының «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Дәулеткерей Шығайұлының «Қосалқа», Әбдімомын Желді-баевтың «Ерке сылқым» және «Қара жорға» халық күйіне көптеген шетелдік қонақ қошемет көрсетті.

Орал қаласындағы «Орал» сауда және ойын-сауық орталығында жас домбырашылармен бірге NIS-тің танымал «Ғажайып» би ансамблі «Қазақ өрнектері» атты жаңа композициясының тұсауын кесті. Павлодардағы онлайн-сахнада домбырамен қатар шаңқобыз, дауылпаз, дабыл, қобыз секілді бірегей халық аспаптарының үні шырқалды. Қыркүйек айында ғана домбыра аспабын қолына алған зияткерлік мектептердің жетінші сынып оқушылары Өскемендегі мерекелік концертке алғаш рет қатысты. Атыраудағы атақты күйшілер Құрманғазы, Дина және Дәулеткерейлердің культтік шығармала-рын зияткерлік мектеп оқушыла-рымен бірге ұстаздары және ата-аналары орындады.

– Ішекті аспаптар мен күй әуендері арқылы біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қазақ домбыраны құрметті жерде ұстаған, күйші әр киіз үйде құрметті қонақ болған. Домбыраға деген асыл көзқарас бүгінде жалғасын тауып жатыр, – дейді Талдықорған қаласындағы педагог-ұйымдастырушы-куратор Жанар Оразбаева.

Көкшетау қаласындағы NIS-тің YouTube каналында «Шаттық» домбырашылар ансамблі «Тепең көк», «Балбырауын» және «Ерке сылқым» күйлерін шебер орындағаны үшін үлкен қошемет пен құрметке бөленді. Тараз қаласындағы дәстүрлі флешмоб NIS-тің жас өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобына мыңнан астам жас виртуоз қатысты. NIS-те бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан домбыра бойынша элективті курстар мен «100 күй» мәдени жобасы оқушылардың халық тарихына, оның дәстүрлері мен рухани құндылықтарына деген қызығушылығын арттырады.

«Ұлан» газеті, №49
07 желтоқсан 2021 жыл

1076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор