• Толағай
  • 29 Қараша, 2021

Ғалымжан Жылгелдиев, дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері: Бесінші-алтыншы орын алған балуандарға да мүмкіндік береміз

Орал қаласында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті. Кейбір салмақтарда жаңа чемпиондар шықты. Бірнеше жыл ұлттық құрамада өнер көрсеткен Елдос Жұмақанов (66 келі) пен Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) спорттық карьерасын аяқтады.

Чемпионаттың қорытындысына қатысты ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиевпен сұқбаттасқан едік.

– Оралдағы Қазақстан чемпионаты қалай өтті?

– Оралда Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Былтыр пандемияға байланысты әр өңірден екі спортшыға ғана рұқсат етілген. Биыл басқа өтті. Осы жолы спортшылар көп қатысты. Әсіресе, 60, 66 келі салмақта 50-ден астам балуан бақ сынады. 

– Алдымен, 60 келіге тоқталып өтсек...

– Екінші жыл қатарынан қызылордалық Мағжан Шамшадинге тең келетін балуан болмады. Өздеріңіз білесіздер, Мағжан Будапештегі әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен. Екінші орын маңғыстаулық Бауыржан Нарбаевқа бұйырды. Екеуі де жақсы балуан. Бұл салмақтың көшбасшысы Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге ауысты. Енді халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсеткен балуанды Азия ойындары мен әлем чемпио-натына апарамыз. Сондықтан басқаларының қай-қайсына болсын мүмкіндік бар. Ол тіпті төртінші нөмірлі балуан да болса да мәселе жоқ. Қазақстан чемпионы атану кепілдік бермейді. Ең әділетті шешім сол деп білемін. Бәріне ескертілген. Бәсеке болмаса, нәтиже келмейді. 

– Енді 66 келіде бәсекелестік қызатын болар?

– Бұл салмақта бірнеше жыл ұлттық құрамада көшбас-шы болған Елдос Жұмақанов спорттық карьерасын аяқтады.
Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов 73 келіге ауысты. Есесіне, Сметов пен Қырғызбаев келді. Сонымен қатар осы чемпионатта топ жарған атыраулық Ермек Амангелдиев бар. 

– 73 келіде тағы да Жансай Смағұловқа тең келер ешкім болмады...

– Ішкі чемпионатта бұл салмақта Жансайдың шоқтығы биік болып тұр. Бірнеше жыл қатарынан чемпион атанып жүр. Екі Олимпиадаға қатысты. Өзіне сенімді, жақсы күресті. Финалда 2001 жылғы Данияр Шамшаев күресті. Осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантты. Сонымен қатар Ерлан Серікжанов осы салмаққа келіп жатыр. Оралда қола медальді қанағат тұтты. 

– 81 келі туралы айта кетсеңіз.

– Бұл жолы Бекәділ Шаймерденов топ жарды. Кезінде Универсиада ойындарында үшінші орын алған. Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы. Бұрыннан күресіп келе жатқан балуан. Осыған дейін 73 келіге дейін күресіп жүрген. Сосын салмақ ауыстырды. 

– 90 келіде де өзгеріс бар екен...

– Дидар Хамза осы жолы 90 келіде күресті. Негізі ол 81 келідегі балуан. Біріншілікке салмақ қумау үшін осылай етті. Чемпионатта Әділет Мисин  жеңімпаз атанды.

– 100 келіге Ислам Бозбаев ауысып жатыр екен?

– Биыл Қазақстан чемпио-натында жаңа салмағында үздік шыға алмады. Бірақ құрамадан алыстамайды. Біздің сенім артар балуандарымыздың бірі. Осы жолы біріншілікте қызылордалық Нұрлыхан Шарханға тең келер ешкім болмады.

– Ауыр салмақта чемпион ауысқан екен...

– Оралдық Көлбай Ғалымжан бірінші орын алды. Негізі самбо мен дзюдода қатар күресіп жүрген еді. Былтырғы чемпион Әділ Оразбаев осы жолы екінші орынға тұрақтады. Олардың барлығын оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз. 

– Оқу-жаттығу жиындары қашан басталады?

– 1 желтоқсанда оқу-жаттығу жиында-рына жиналамыз. Чемпионаттың қорытындысы бойынша жасақталған құрама бойынша 18 күн дайындық жүргіземіз. Жаңа жылдан кейін түрлі Гран-при, Грэнд-Слэмдер бар. Осы жарыстарға қатысамыз. Париждегі Олимпиада ойындарының рейтингтік жарыстары да басталады. Одан бөлек, келесі жылы әлем чемпионаты өтеді. Жалпы, барлық балуанға мүмкіндік беріледі. Тіпті, бесінші, алтыншы орын алғандар да халықаралық додаларда өздерін көрсетер болса, құрамада болады. Мысалы, Елдос Сметов Қазақстан чемпионатында бір мәрте жеңіске жеткен.

Дзюдодан 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

Әйелдер: 
48 келі
1. Абиба Әбужақынова (Атырау облысы)
2. Диана Буркеева (Алматы облысы)
3. Сара Құлым (Түркістан облысы), Ділназ Асылхан (СҚО).
52 келі
1. Гаухар Ирмағанбетова (БҚО)
2. Салтанат Сұлтанбекова (Қызылорда облысы)
3. Диана Айыпова (Алматы), Нұрсұлу Ералиева (Алматы облысы).
57 келі
1. Севара Нишанбаева (Шымкент)
2. Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе облысы)
3. Балнұр Құрманбай (Алматы)
3. Рауза Нұрмұхаммедова (Жамбыл облысы).
63 келі
1. Саера Мирзахметова (Алматы)
2. Саламай Ерғалиева (Қостанай облысы)
3. Кристина Сотникова (ШҚО)
3. Есімгүл Куюлова (Атырау облысы).
70 келі
1. Зере Бектасқызы (ШҚО)
2. Перизат Жақыпбекова (Түркістан облысы)
3. Мөлдір Нарынова (Алматы облысы)
3. Анастасия Маякова (Ақмола облысы).
-78 келі
1. Аруна Жангелдина (Ақтөбе облысы)
2. Назерке Тілеуханова (ШҚО)
3. Назгүл Есімбек (Түркістан облысы)
3. Альбина Бахиева (Шымкент қаласы).
+78 келі
1. Берліқаш Камила (Алматы облысы)
2. Ақерке Рамазанова (Алматы қаласы)
3. Карина Такиева (БҚО)
3. Маратова Назгүл (СҚО).

Ерлер:
60 келі
1. Мағжан Шамшадин (Қызылорда облысы)
2. Бауыржан Нарбаев (Маңғыстау облысы)
3. Қанат Сейітхан (Атырау облысы), Ержан Еренғайыпов (Нұр-Сұлтан).
66 келі
1. Ермек Амангелдиев (Атырау облысы)
2. Дастан Шаяхметов (ШҚО)
3. Айболат Ыстыбай (Атырау облысы), Алмас Ғалымов (Шымкент).
73 келі
1. Жансай Смағұлов (Қарағанды облысы)
2. Данияр Шамшиев (Жамбыл облысы)
3. Ерлан Серікжанов (ШҚО)
3. Аңсарбек Ғайнуллин (БҚО)
81 келі
1. Бекәділ Шаймерденов (Жамбыл облысы)
2. Абылайхан Жұбаназар (Қызылорда облысы)
3. Барак Арқабай (ШҚО)
3. Айбол Нысанәлі (Шымкент).
90 келі
1. Әділет Мисин (Ақтөбе облысы)
2. Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қаласы)
3. Ерсұлтан Жанатаев (Алматы)
4. Сұңғат Закарияев (Атырау облысы).
-100 келі
1. Нұрлыхан Шархан (Қызылорда облысы)
2. Ерқанат Молдағұлов (Қарағанды облысы)
3. Серік Сальменов (Павлодар облысы)
3. Айбек Серікбаев (Қызылорда облысы).
+100 келі
1. Көлбай Ғалымжан (БҚО)
2. Оразбаев Әділ (ШҚО)
3. Тургуналиев Жамбыл (Жамбыл облысы)
3. Қырықбай Ғалымжан (Жамбыл облысы).

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №48
30 қараша 2021 жыл

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор