• Күншуақ
  • 29 Қараша, 2021

Ерікті болу – ерігу емес

Сәлем, құрметті оқырман! Таныс болайық, менің есімім – Дильназ. Мен қазақша аудиоблог, яғни подкаст жүргізетінмін. Алайда бүгін сіздермен газет бетінде таныспақшымын. Негізінен аудионы тыңдау өте ыңғайлы. Себебі маған қарап отырудың еш керегі жоқ. Жолда, кезекте тұрғанда, жәй қолыңыз бос уақытта телефоныңыздан тыңдай аласыз. Сонымен,  бұл мақаланы сіздерге не үшін ұсынып отыр дейсіздер ғой? Мен сіздерге өзімнің подкаст арнамның негізгі мақсаты және сол арқылы қоғамға не бере алатыным жайында айтып бермекшімін.

Мен негізінен еріктілер қатарындамын, яғни волонтерлік қызмет атқарамын. Елімізге індет келгелі бері біздің жұмыстың қажеттілігі арта түскені белгілі. Көптеген игі іске атсалысып, белсенділердің бірі болып жүрдік. Мысалы, маска тігіп, оны халыққа таратып, қиын кезде дәрі-дәрмектері мен азық-түліктерін тегін жеткізіп, уақытымызды тиімді іске арнап жүрдік. Карантиннен бұрын да құры отырмадық. Қазыналы қарттарымыздың ауласы мен үйін тазалап, ауданымыздың тазалығын қадағалап, кішкентай балалардың көңілін аулап, көптеген іс-шара ұйымдастырып, осы кезге дейін халықтың батасын алып келеміз. Алайда жасаған жақсылықтарымызды ешқайда жүктеп, жарияламайтынбыз. Дегенмен  карантин кезінде еріктілеріміздің қатары тым төмендеп кеткен болатын. Сол кезде маған керемет ой келді. Қатарымыздағы еріктілердің санын толтыру мақсатында шақырту аудиоматериал жарияладық. Содан бастап өзімнің подкаст арнамды жүргізуді дұрыс деп санадым. Сол кезден бастап қатарымыз толыға бастады және мен атқарылған істердің барлығын есеп ретінде арнама сала бастадым. Көптеген оқырманға біздің материалдар  мен  атқарылған жұмыстарымыз ұнай бастады. Үнемі бізге қолдау білдіріп, бізді шабыттандырып отыратын. Сонымен қатар, шет елге отаға барғалы отырған бүлдіршіндеріміздің қаражатына да арнамның көп көмегі тиді. Осы каналымды ашқаныма көп болмаса да, қолдау білдіретін оқырманымыз жеткілікті.

Волонтерлік негізінен ақысыз еңбек етуге негіздел-ген. Дегенмен қазір ұйымдас-тырушылардың белгілі бір көлемде ақы төлеуі арқылы іске асырылып жатқан волонтерлік жобалар аз емес. Сондай-ақ, тәжірибе жинау, өзін жетілдіру, белгілі бір саланы игеру немесе әртүрлі салада еңбек етіп, жаңа кәсіптерді бағындыру мақсатында ақысыз еңбек етуші волонтерлер де жиі кездеседі. Біз де сол секілді ақысыз жұмыс атқарып келеміз. Подкаст жазудағы бірден-бір мақсатым да осы болған. Белгілі бір жанға жақсылық жасау барысында тек біз ғана атсалыспай, барша қазақ елі қолұшын соза алады. 

Волонтерлікті өзі ұнататын сала бойынша таңдаушылар өте көп. Мысалы, спортты ұнататын көптеген фанат олимпиада болған жылдары сол елге барып, шетелдік қонақтарға түрлі салада ақысыз қызмет көрсетумен айналысады. Сол арқылы өзі қызыққан спорт сайыстарын тамашалау, атақты спортшыларды көзбен көру мүмкіндігіне ие болады. Волонтерліктің ең тиімді тұсы да осы.

Бүгінде әлем халқының шамамен 150 мыңға жуығы тұрақты түрде волонтерлікпен айналысады. Дүниежүзінде волонтерлік бойынша ең үздік мемлекеттер Скандинавия елдері саналады. Біздің елімізде де жыл санап осы салаға қызығушылардың саны артып келеді. Ең қызығы, әлемде әйелдер ерлерге қарағанда көбірек волонтерлік қызметпен айналысады екен. Бұл әйелдердің эмоцияға берілгіш, жаны ашығыш қасиетінен болса керек деп топшылауға болады. 

Қазақстанда да тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еріктілер деген ұғым кең таныла бастады. Дегенмен волонтер деген сөз әлемдік біртұтас терминге айналғандықтан, кейіннен «еріктілер» сөзі «волонтер» сөзімен ресми алмастырылды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» ретінде белгілеп, осы саланы дамытуға қатысты нақты іс-шаралар қабылдады. Міне, осы шешім біздің өмірімізге түбегейлі өзгеріс алып келді. Сол уақыттан бастап, әлемді жаулаған коронавирус инфекциясының таралуына байланысты мұқтаж жандарға көмектесу, елдімекендерге медициналық құралдар тарату, құзырлы мекемелермен бірлесіп рейдтік шаралар өткізу сынды бағытта біздің  волонтерлер керемет қызмет атқарып келеді.

Сондай-ақ, ел тұрғындары-ның санасында волонтерлік қызмет көбінесе бірыңғай жейде киіп, көшелер мен парктерде жалаушалар, белгілі бір заттарды таратып жүретін жастар ретінде қалыптасқан. Алайда атқарылатын жұмыстары ауыз толтырарлықтай. Шын мәнісінде волонтерлік жас, кәсіп таңдамайды. Кез келген адам жасына, жынысына қарамастан қолынан келгенше арнайы уақыт бөліп, қоғамға пайдалы іспен тегін айналысуды әдетке айналдыруы қажет. Мысалы, білікті музыкант айына екі рет өзінің білгенін тегін үйретіп отырса, мұның өзі волонтерлікке жатады.

Түптеп келгенде, волонтерлік іс хоббиге айналса, осы салада үлкен өзгерістердің болары анық. Мысалы, осы мақаланы  жазу барысында өзім танитын бірқатар азаматпен сұқбаттасып, «Өміріңізде волонтер болып көрдіңіз бе?» деген сұрақты қойдым. Мен сұраған жиырма азаматтың басым көпшілігі, яғни он жетісі «жоқ» деген жауап берді. Алайда олардың атқаратын жұмыстары қоғамға пайдасын тигізетін саланың бірі. Неге өзінің таңдаған мамандығын қызығушылық ретінде алмастырып, волонтерлік іспен байланыстырмасқа? Сарапшылар зейнетке шыққаннан кейін айналысатын шаруасы жоқ адамдардың тез қартайып кетуі жиі кездесетінін айтады. 

Осы ретте, зейнет жасына жеткеннен кейін уақытын қалай өткізуді білмейтін аға буынның да әлеуетін осындай жолмен игі істерге жұмылдыруға болады. Ағылшын тілінің мұғалімі ретінде зейнетке шыққан азаматтардың бос уақытында ағылшын тілін үйретуіне кім, не кедергі? Сол сияқты өзге де қоғамға пайдалы мамандық иелерінің әлеуетін мүмкіндігінше пайдалануымыз қажет.

ЕРІКТІ БОЛУ СІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Ерікті болу сізге ешқандай материалдық қажеттілік бермейді. Бірақ сіз оның орнына алғыс аласыз, жақсылыққа кенелесіз. Бұл – адамгершіліктің белгісі. Дегенмен ерікті болу арқылы үлкен тәжірибе жинақтайсыз. Әсіресе, еріктілердің аудармашы ретінде қатысуы үлкен пайда. Ол еріктінің тілді еркін меңгеріп кетуіне, жұмысты үйренуіне септігін тигізеді. Ортамен тез тіл табысуды меңгеріп, адамгершілігі мол таныстар, достар табасыз. Еріктілердің жұмысына белгілі бір көлемде ақша төленбесе де, халықтың алғысына бөлене алады. Бұл – қаражаттан да қымбат дүние. Осы мақала арқылы сіздерді еріктілер қатарына шақырамын. Қолдан келгенше игі істермен атсалысқаныңыз біз үшін де, қоғам үшін де олжа.

Дильназ СҮЛЕЙМЕНОВА,
ХАТУ-дың студенті.

«Ұлан» газеті, №48
30 қараша 2021 жыл

10515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор