• Сенің замандасың
  • 29 Қараша, 2021

Заңғар джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы

Жуырда БАӘ астанасы Әбу-Дабиде джиу-джитсудан әлем чемпионаты өткен болатын. Додада отандасымыз Заңғар Абзал жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Бұл Заңғардың алғашқы жеңісі емес. Грекияда өткен әлем біріншілігінде 1-орын алған. Екі дүркін әлем чемпионы атанған Заңғарды жеңісімен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.

– Джиу-джитсумен қанша жасыңнан бастап айналысып келесің?

– Джиу-джитсумен тоғыз жасымнан бастап айналысамын. Оның алдында екі жылдай бокспен айналысқанмын. Сегіз-тоғыз жасымда өзіммен қатар балалармен көп тіресіп қалатынмын (күліп). Сосын анам спортқа берді, үйдің жанында «Еуразия» спорт комплексі бар. Сондағы джиу-джитсу секциясына жазды. Сол күннен бері қатысып келемін. Өзіме осы спорт ұнайды, командам екінші отбасым сияқты болып кетті. 

– Оқырмандарға джиу-джитсудан қандай кеңес берер едің?

– Жарыстардан ұтылып жатырмын деп еңселеріңді түсірмеңдер. Керісінше, жаттығуды алдыңғыдан да көп жасауға тырысыңдар. Жаттықтырушы 10 рет жаса деген жаттығуды 30 рет жасасаң, жетістікке  жетесің.

– Джиу-джитсуге қатысты есіңде қалған ең күлкілі оқиға қандай?

– Енді қатыса бастағанда денемнің күші көп емес болатын. Алғаш рет жарысқа шыққанда бір салмақта үш адам болған. Олардың салмақтары менімен бірдей болғанымен күштері көбірек еді. Мені татамида ары лақтырады, ұшып кетем. Бері лақтырады, ұшып кетем (күліп). Солай үш адамның ішінен 3-орын алғанмын. Әрі сол жылдары жаттығуға дұрыс қатыса алмайтынмын. Себебі үнемі жарақат алатынмын. Анам көтеріп залға алып баратын. «Қатыса алмайды, қолы гипсте» деп сенсейден ұят болатын. Қолым жазылады. Сосын бір-екі жаттығуға барам. Қайтадан жарақат алып, гипс тағатынмын.

– Спортта үлгі тұтар кумирің кім?

– Білмеймін, менде кумир деген жоқ екен. Бірақ сенсейден үлгі аламын. Әрдайым өмірлік бағыт-бағдар беретін бапкерім – Аслан Оспанов. Сенсейім жарыста мотивация беретін адам. Екінші әкем десе де болады. Себебі  кішкентай кезімнен тәлім-тәрбие беріп, өз баласындай қарап келеді. Сол кісіден үлгі аламын.

– Осы уақытқа дейін иеленген ең үлкен жетістігім деп нені айтар едің?

– Өзімді тұлға ретінде қалыптастырдым десем де болады. Өмірлік жолымды тапқанымды ең үлкен жетістігім деп есептеймін.

– Үлкен жетістіктерге жету үшін қандай болу қажет?

– Мақсат қоя білу керек және сол мақсатқа жететін жолды таба білу керек. Осы әлем чемпионатына барардан бір ай бұрын Қазақстан чемпионаты болды. 1-орын алған кезімде сенсей маған әлем чемпионатынан 1-орын алу үшін бір айда керек жоспарды анықтап берді. Күнде таңертең жүгірдім. Себебі маған тынысымды ашу керек болды. Өзіме қажетті жаттығуларды жасадым. Бір жаттығуды бірнеше рет автоматизм қалыптаспайынша жасай бердім. Сөйтіп әлем чемпионатынан бірінші орын алдым. 

– Алда қандай жоспарларың бар? Қандай жарыстар күтіп тұр?

– Келесі жылы менде U21, яғни жастар арасында Қазақстан чемпионаты болады. Соған дайындаламын, себебі жастар арасында қарсыластар мықты. Психология, тактика және техника жағынан өзімді шыңдауым керек. Джиу-джитсу Олимпиадалық спорт түріне енсе, Олимпиададан бірінші орын алып,  елімнің туын жоғары көтеру – басты мақсатым.

– Жаттығулар қиын емес пе?

– Егер адам чемпион болғысы келсе, жаттығу да қиындай беруі керек. Жаттығулар оңай болса, нәтиже болмай қалады.

– Жаттығудан бос уақытыңда немен айналысасың?

– Аниме қараймын (күліп). Қазір бәрі аниме көретін шығар, иә? Музыка тыңдаймын. Жазда белтемірден түспейтінмін. Күнде тартылып жүретінмін. Ал қазір қыс келді, күн суыды дегендей.

– Алар асуың, шығар белесің көп болсын!

Әңгімелескен 
Гүлжан НИЯЗОВА, 
Қ.А.Ясауи атындағы
 ХҚТУ-дың 2-курс студенті. 

Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №48
30 қараша 2021 жыл

4509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор