• Әуез
  • 29 Қараша, 2021

Екеуі де Еуропа төрінде бақ сынайды

«Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді». Мұхтар Әуезовтің осы сөзі дәл тауып айтылғандай. Олай дейтін себебіміз, жақында күтпеген жерден арнайы шақырту түсіп, осы бір мүмкіндікті қалт жібермеу үшін жүгімізді жинап Елордамызға қарай іссапармен аттанған болатынбыз. Нұр-Сұлтанға келуіміздің басты себебі – «Junior Eurovision-2021» Халықаралық балалар әні байқауының ұлттық іріктеуі еді. Өмірін өнер-мен гүлдендірген балалардың әрқайсының арманына айналған бұл байқауға биыл Қазақстан төртінші рет қатысқалы отыр. Астанаға алғаш рет келуіміз болса да, мұндағы ерекше ықылас танытқан адамдардың жайсаң көңіліне қуанып қалған жайымыз бар. Қаланың салқын ызғары мен әр жерде бір үйіліп жатқан аппақ қары, бір-бірімен бой таластырып тұрған әсем ғимараттары Елордаға алғаш табан тіреген адамға ерекше әсер қалдырады. 

Келуіміздің негізгі себебіне айналған іс-шара – ауқымды байқаудың өтетін күні куәлігімді алып, Қазмедиаға қарай бет бұрдық. Еліміздің басты медиа орталығына келген соң бірден гардеробқа қарай барып, байқау қатысушыларының қызу дайындығын сырттай қарап бақыладық. Бірі әнін айтып, іштей дайындалып жүрсе, екіншісі фотосессия жасап, кейбірі үй ішімен хабарласып, эфирді тамашалауға, дауыс беруге шақырып жатыр. Осы бір сәт балалық шағымыздағы ең тәтті кезеңімізді көз алдымнан жүгіртіп өткендей болды.

Эфир басталуына бірнеше минут қалғанда ұйымдастырушы-лардың нұсқауымен орнымызға барып жайғасып, сахнадағы көріністі, ұлттық іріктеудің барынша жоғары деңгейде өтуіне кадрдан тыс атсалысып жүрген команда мүшелерінің жұмысын бақыладық. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жалпы 800-ден астам өтінім келіп түскен екен. Әділ қазылардың шешімімен келесі кезеңге 30 қатысушы өтті. Әрмен қарай халықтың берген дауысы нәтижесінде үздік деп танылған 10 қатысушы финалға жолдама алды. Байқаудың Ұлттық іріктеуі «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді. 

Бірнеше минуттан кейін жүргізушілер сахнаға көтеріліп, тартысты дода басталды. Байқау ережесі бойынша, әр қатысушы отандық композиторлар жазып берген су жаңа әнді орындауға тиіс. Бірнеше қатысушының өнерін тамашалаған соң сахна сыртына қарай беттедік. Балалар-дың қуаныш пен уайымға толы толқынысына, ата-аналар мен ұстаздарының әрбір минутты босқа жібермей бүкіл таныстарын дауыс беруге шақырып, көтеріңкі көңіл-күйде жүргеніне куә болдық. Сахнада он қатысушының ішінен алғашқы болып өнер көрсеткен Әлімжанды әңгімеге тарттық.

Әлімжан ТҮГЕЛБАЙ, «Junior Eurovision-2021» ұлттық іріктеуінің финалисі:

– Бұл байқауға ұстазыммен және отбасыммен ақылдаса келе, қатысамыз деп шештік. Осында он күн бойы дайындалдық. Жанерке, Әлия апайларымызбен бірге орындайтын әнімізге дайындық жүргіздік. Бұл байқау-дан бөлек, «Бала дауысы», «Ұлы дала ұрпақтары», «Жарық жұлдыз» және тағы да басқа республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатыстым. Сахнада орындаған әнім арқылы көрерменге болашақта арман-мақсаттарымның орындалатынын жеткізгім келеді.

Әндерін орындап, қазылар алқасының пікірін тыңдаған балалар сахна сыртына келіп, ата-аналары мен ұстаздарының қасында әсерін бөлісіп жатыр. Осы бір сәтте қасымызға бірер минут бұрын  өнер көрсеткен, ақ түсті сахналық костюм киген Айғаным келді. «Арманым» атты әнді нақышына келтіріп орындап шыққан Айғанымның талантына біз де тәнті болдық.

Айғаным АМАНТАЙ, «Junior Eurovision-2021» ұлттық іріктеуінің финалисі:

– Мен осы байқауға келіп, он күн бойы дауысымды шыңдадым. Орындауым арқылы халыққа армандарым жайлы айтқым келді. Төрт жарым жасымнан бастап түрлі байқауға қатыстым. Алғашқы жеңісіме Түркия мемлекетінде өткен байқауда қол жеткіздім. Ол байқауға 5–7 жас аралығындағы категория бойынша қатысып, бас жүлдені иелендім. Балалар Евровидениесін 2018 жылдан бері көріп келе жатырмын. Отыздыққа да, ондыққа да өткен барлық бала талантты, дауыс деңгейлері бірдей.

Әрмен қарай қатысушылардың өнері мен сахна сыртындағы әртүрлі эмоциясын, қызығын бақылап, байқау соңына да жақындадық. Халықтың онлайн дауыс беруі үшін үзіліс жариялап, барлық ата-ана мен ұстаздар дауыс жинауға атсалысып, өнерпаздар нәтиженің жариялануын күтіп абыр-сабыр күйде. Еліміздің атынан Еуропада өнер көрсететін болашақ жұлдыздың есімін білу бізге де қызық. Бірнеше минуттан кейін ұйымдастырушылар барлық он қатысушыны жинап, бізді концерт залына қарай шақырды. Көрермен ретінде сырттай бағалап, кімнің өтуі мүмкін екенін топшылап, біз де нәтижені асыға күттік. Жүргізушілер қазылар алқасының қатысушыларға берген ұпайын сараптап, шешуші дауыс – халықтың берген бағасын пайызбен көрсете бастағаннан-ақ балалардың жүзінен толқуды байқадық. Күтпеген жағдай – екі бірдей қатысушының жалпы ұпай бойынша бір орынға тұрақталуы.

Бұл – осы уақытқа дейін байқау тарихында болмаған сәт. Қазылар алқасы пікірлерді ортаға салып, ақылдаса келе бір шешімге келді. Ұлттық іріктеудің нәтижесі бойынша 19 желтоқсан күні Франция астанасы Париж қаласында өтетін дүбірлі додада Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы «Ертегі әлемі» атты Нұрболат Қанайдың әнін орындайды. Жеңімпаздардың есімдері белгілі болған соң байқаудан кейін жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, сұқбаттастық. Сондай-ақ он үздіктің өнерін талғам таразысына салып, бағасын берген қазылар алқасының пікірін тыңдауды да жөн көрдік.

Әлинұр ХАМЗИН, «Junior Eurovision-2021» ұлттық іріктеуінің жеңімпазы:

– Мен өте қатты қобалжыдым. Мұны сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Алдыңғы жылғы қатысушыларға байқауға дайындалу үшін бір ай уақыт берілген. Біз он күн ғана дайындалдық. Сондықтан ойынға уақыт бөлмей, барынша дайындалуға тырыстық. Балалар Евровидениесін басталғалы бері үзбей көремін. Данэлия Төлешова, Ержан Максим, Қарақат Башанованың өнерін әлі күнге дейін қайталап көріп келемін. Сол кезде мен де осылай ел атынан байқауға қатыссам екен деп армандайтынмын. Арманым орындалды. Әнді орындағанда жетіспейтін тұстары болды. Өйткені уақыт жетпей қалды. Ұлттық іріктеу тарихында ерекше есте қалған орындаудың бірін айтар болсам, Әйгерім Тілеубектің Winner әнін орындауы дер едім. Маған қатты ұнады. Біз бұл әнді ұлттық іріктеуде хормен шырқадық. Жеңісімді оралдықтарға, қазақстандықтарға, отбасыма, мектебіме және Орал қаласындағы мәдени ағарту бірлестігіне арнаймын.

Бекнұр ЖӘНІБЕКҰЛЫ, «Junior Eurovision-2021» ұлттық іріктеуінің жеңімпазы:

– Қазақстан халқына мені қолдап, дауыс бергені үшін алғысымды айтамын! Мен 1-орында-мын! Бұл жеңісімді барша қазақстандыққа арнаймын. Егер мен Балалар «Евровидениесінде» жеңіп шықсам, бүкіл Еуропа халқына рақметімді айтар едім. Мен өзімді болашақта әлемдік деңгейдегі супержұлдыз ретінде көремін. «Евровидение» – әлемдегі ең үздік байқаудың бірі!

Қанат АЙТБАЕВ, әнші, «DimashAli» продюсерлік орталығының директоры:

– Балалардың өнерін бүкіл ел тамашалады. Балалар бірінен бірі өтеді. Шетінен талантты, өнерлі, білімді балалар. Шырқаған әндері интеллектуалдық деңгейде барынша күрделі дүниелер. Бүлдіршін жасына қарамастан қысылмай үлкен сенімділікпен сахнаға шығып, өздеріне жазылған әнді орындап жатыр. Бұрын орындалмаған әнді нақышына келтіріп жеткізе білу үлкен дайындықты талап етеді. Балалардың барлығына ризамыз. Осы сәтті пайдаланып балаларды дайындаған ата-аналарына, ұстаздарына шын көңілден рақмет айтқымыз келеді.

Мәдина СӘДУАҚАСОВА, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Он қатысушы да өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Репертуар жағынан әндері, өзін-өзі сахнада ұстауы, вокалы ұнады. Ешқайсы қатты қобалжыған жоқ. Барлығы бүкіл өнерін еркін паш етті. Біз үшін, әрине, қиынның қиыны болды. Ең қиыны – екі қатысушы бірдей ұпай алған кезі. Бұл тіпті байқау тарихында болмаған дүние болды. Сондықтан біз осылай шешім қабылдадық. Екі бірдей қатысушы бір әнді орындайды. Байқау ережесі бойынша бір мемлекеттен бір ғана ән орындалады. Бекнұр мен Әлинұр екеуі қосылып Парижде Нұрболат Қанайдың «Ертегі әлемі» әнін шырқайды. Жігіттерге шын жүректен сәттілік тілеймін! Биыл жеңіс біздікі болсын.

Осылайша Еуропа көз тіккен байқауда еліміздің атынан ұсынылатын қатысушылардың есімдері белгілі болды. Ерекше атап өтерлік жайт, биыл байқауға Қазақстаннан алғаш рет екі қатысушы бір әнмен қатысқалы отыр. Миллиондаған көрермен назарын аударған  әлемдік додада еліміз жарқын жеңістің дәмін татса екен деген ниетіміз бар. Барша қазақ елін желтоқсанда өтетін байқауында қос бүлдіршінімізді қолдауға шақырамыз!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №48
30 қараша 2021 жыл

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор