• Әуез
  • 29 Қараша, 2021

Үрмелі аспапта ойнайтын үш қыз

Барлық адамның бойында ерекше дарын, үйренуге құмарлық сынды ұшқын болады. Бала кезде сол ұшқынды тұтатып, жаға білген жандар болашақта өз саласының майталманы, білгірі болып жатады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – Алматы қаласындағы Күләш Байсейітова мектебінің 8-сынып  оқушылары Жания, Гүлім, Қымбат. Көпшілігіміз музыкалық аспаптар туралы сұраса, домбыра, қобыз және басқа ұлттық аспаптарды айтатынымыз рас. Ал сіз үрмелі аспаптар жайлы білесіз бе? Үрлеу арқылы түрлі әдемі дыбыс шығаратын аспаптарда ойнау оңай емес, дем жұту мен оны шығарудың өзі өнер екен. Біздің кейіпкерлеріміз «Ұланның» оқырмандарына өзі және аспаптары жайлы айтып берді.

Жания Серікболдың  үрмелі аспапта ойнап жүргеніне сегіз жыл болған.  Ең алғаш труба аспабымен мектепалды сыныбында танысқан, қазір сегізінші сыныпта оқиды. А.Жұбанов атындағы музыка мектебі ұйымдастырған халықаралық конкурсқа қатысып, бірінші орын алған.  Ол жерде Григорий Коганның «№1 концерт», А.Жұбановтың «Көктем» шығармасын ойнаған.  Екі шығармаға дайындалуға екі-үш ай уақыт жұмсапты.

«Болашақта музыкант боламын,  труба аспабына партия жазатын композитор болып, шетелдік үлкен сахналарды бағындырғым келеді. Ойдан музыка шығарып көрдім, бірақ әлі нотаға түсірген жоқпын. Бос уақытымда орыс және басқа ел композиторларының туындыларын тыңдағанды жақсы көремін. Сүйікті «Полет шмеля» шығармасын үйренемін. Ноталарына қарап жәймен бастаймын, кейін үлгере алмай қаламын (күліп). Қанша тырыссам да, үйрену қиын екен, бірақ мен ол шығарманы үйренетініме, шебер ойнайтыныма сенемін. 
 

Шығарманы ойнағанда көзімді жұмып аламын, өйткені солай өзімді еркін сезінемін, сабақты да, ойынды да ойламай тек шығарманы ғана ойлайсың, осындай сәтте аспанда қалқып,  қиялданып кетемін (күліп). Мектебімізге неміс ұлтының джаз триосы келген еді, мен олармен бір сахнаға шығып өнер көрсеттім. Алғашында қобалжығаным рас, олар өз тілінде сөйлеген соң  біраз түсінбей, шатасып қалғаным бар.  Бірақ музыка тілінде жақсылап сөйлестім.  Сосын олар маған екі нотаны ал деді. Мен айтқанын істеп, әрмен қарай ойымнан шығарып жібердім. Өзім де түсінбей қалдым, екі нотадан музыка шығарғаныма олар таңданып, маған қолдау білдірді. Осы сәттегі сезімім, эмоциям маған жақсы әсер сыйлады», – дейді болашақ композитор.

Гүлім Қожахметтің валторна аспабында ойнағанына төрт  жыл болған. А.Жұбанов атындағы музыка мектебі ұйымдастырған халықаралық конкурсқа қатысып, Моцарттың «Бірінші концертін», Нұрлан Меңдіғалиевтың романсын орындаған.

«Моцарттың концерті репертуарымда төртінші сыныптан бері бар. Болашақ-та оркестр құрамында болсам деймін. Сабағымды оқып, үй жұмыстарын орындап болған соң саябақта ойымды тазартып, демалған ұнайды. Сергек көңіл-күймен бөлмеме кіріп, аспабыммен келесі бір шығармаға дайындалу менің хоббиіме айналып кеткен.  Оркестрде отырғанда бүкіл аспап қосылып ойнайды, осы кезде мелодия тыңдауға  тіптен жағымды болады.  Композитор шығарманы жазады ғой, ол нені суреттеді екен деп өз ойыңмен қиялдап кететін сәттер де болады», – дейді досымыз.

Ал Қымбат Ынтықбай бесінші сыныпқа дейін флейтада оқып, сосын гобой аспабына ауысқан. Екі жылдың ішінде халықаралық, республикалық байқаулардың гран-при жүлдесі мен басқа да орын алған Қымбат күн сайын екі-үш сағат уақытын гобой аспабында ойнауын жетілдіруге арнайды екен.

«Алғаш рет «Бойтұмар» республикалық байқауына қатыстым. «Өнерлі өрен» сияқты халықаралық байқауларға барып, жүлделі орындар алғанмын, келешекте осы гобой аспабында ойнауды жалғастырып, академияда оқып, шетелдік оркестрлерде жұмыс істегім келеді.  Артық уақыт бола қалса, достарыммен кездесіп, олармен қыдырған ұнайды.  Достарыма күніне екі-үш сағат музыкаға дайындалатынымды айтсам, «Сені біреу міндеттей ме?» – деп сұрайды.  

Мені ешкім міндеттемейді, бұл сүйікті ісіме айналған.  Мен де шығарманы ойнағанда көзімді жұмып аламын, музыканы сезініп, түсіне бастағанда басқа ортаға, бөлек әлемге тап болғандай боламын. Қиялданып, шығармаға ойдан нота қосып жіберемін, оны ұстазымыз бірден біліп қойып, «композиторсың ба?» деп күледі», – дейді Қымбат.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН
«Ұлан» газеті, №48
30 қараша 2021 жыл

582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор