• Әуез
  • 22 Қараша, 2021

Музыка емес, нота көретіндер

Олар бала кезінде-ақ болашақта кім болатынын білген. Табиғат сыйлаған таланты мен әке-шешесінен дарыған дарынын өмірде серік еткендер. Оларды ерекше өнері мен музыкаға деген құштарлығынан топ адамның ішінен ерек көруге болады. Әлемде он мыңнан аса тіл болса, олардың бәрінде сөйлей алатын адам жоқ. Ал музыка тілінің арқасында дүниежүзіндегі ғажайып әуенді естіп, оны сезіне, түсіне алады. Музыка тыңдау құмарлық немесе жан рахаты, хоббиің болса, олар музыканы тыңдағанда таңғажайып сезімнен бұрын, оны ноталар арқылы көре алатын жандар.  Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз – Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы мектептің оқушылары, түрлі байқаудың жеңімпаздары, үздік төрттік Алан, Салтанат, Рамина, Диас. Виолончель деген аспапты арқалаған өрендер өздері жайлы «Ұланның» оқырмандарына айтып берді.

Диас Салықов, 12-сынып оқушысы:

– Отбасында музыка жиі қосылып тұрған соң, бала кезден бастап қызыққан Диас 4-5 жасқа толғанда музыканы түсініп, өскенде музыкант боламын деп бала кезінде-ақ таңдауын жасаған. Оның ағасы виолончелист. Ағасының ізін басып, еліктеп өскен ол былай дейді:

«Әр композитордың бір-біріне ұқсамайтын ерекше стилі бар.  Музыкалық шығарма дыбыс арқылы әлемдік құбылыстарды суреттейді. Кітап оқығанда әртүрлі желі болса, музыка да солай. Шығарманы таңдауды 10-сыныптан бастадым. Бұл маған ұнай ма, ұнамай ма деп өзіме сұрақ қоямын. Ұнаса, оны әрі қарай жетілдіріп, шебер ойнауға тырысамын. Бізде импровизация деген сабақ бар. Досым жәй ғана пианинода бір аккорд ойнаса, оны виолончельге ыңғайлап іліп алып кетіп, жетілдіруіміз керек. Өзім әлі шығарма жазып көрмедім, тек музыкалық биттерді ғана шығарып көрдім. Егер мен виолончельді таңдамасам, бәрібір музыкамен айналысып, достарыммен жолығып ән жазушы едім».

Рамина Белгібаева, 10-сынып оқушысы:

Раминаға аспап таңдау барысында бірнеше аспапты ұсынған, сосын виолончельде оқуды таңдапты. Әкесі виолончелист, анасы мен әпкесі скрипка аспабында ойнайды екен. Музыканттардың отбасында дүниеге келген ол: «Музыка – тағдырдың сыйы. Виолончельде 11 жастан бастап ойнай бастадым. Бастысы, шығарманы сезіне білу керек. Кейде ойыңнан түрлі музыка шығарып ойнайсың, ол өзіңе әдемі естілсе де, басқа адамға ұнамайды. Бос уақытымда өзімді түрлі салада дамытқым келеді. Бастысы, тыныш жерде демалуды жоспарлаймын.  

Көп адам музыканттармен сөйлескенде оларды түсінбеуі мүмкін. Кейде терминдер қолданып, сол сәтке байланысты сөйлегенде, музы-камен айналысып көрмеген адамдар үшін бізді түсіну қиын болады. Себебі музыка тілі қиын», – дейді Рамина.

Салтанат Сабыр, 10-сынып оқушысы:

Салтанатты ата-анасы бала кезінде ән-би үйірмесіне берген. Сосын музыка мектебіне оқуға апарады. Виолончельге байқаусызда келген Салтанат мектепке түсер алдында мені домбыра аспабын таңдаған екен. Бірақ мектептегілер оны виолончельге жазамыз деп шешіпті.

Қолына қара домбыра ұстап келген қыз виолончель мен музыкаға сүйіспеншілігін былай жеткізді: «Композиторлардың бәрі бір уақытта өмір сүрмеген. Мысалы, XVIII ғасырдағы шығарманы алып қарасақ,  сол уақытқа түскендей боласың. Әр композитордың өз атмосферасы бар. Сол атмосфераға шығарманы ойнау барысында енсең, өзімді сол заманда  жүргендей сезінемін. Музыканттар да бос уақыт жоқ сияқты, қолым аспаптан босай қалса, волонтерлікпен айналысамын. Біз музыканы көре алмасақ та, оны жүре-гімізбен сезініп, түсіне ала-мыз. Жәй көшеде жүргенде бір дыбыс шықса, содан нота естисің. Басқа адам сияқты музыка тыңдай алмаймын, дыбысына байланысты қандай нота екен деп анализ жасап кетемін. Сен мұны қаласаң да, қаламасаң да, музыкада оқыған соң, осылай құлағың бірден біліп қояды. Мысалы, жазуды әріптер арқылы жазып, көру арқылы оқыған сияқты, музыканы да естіп, нота арқылы таңбалай аласың», – дейді.

Алан Арсенбай, 11-сынып оқушысы:

Бала кезінде музыкадан хабарсыз болған Алан Күләш Байсейітова мектебіне оқуға келген соң музыкаға деген сүйіспеншілігі оянған. Оған виолончель аспабын анасы таңдап берген және туысқан-дары да виолончельді ұсыныпты.

Алан: «Шығарманы ойнап отырғанда көз алдыма композиторды елестетемін.  Музыканы тыңдап, оны табиғатпен байланыстырамын. Бос уақытымыздың өзі аспапта ойнаумен өтеді (күліп), кітап оқып, спортпен шұғылданып сергіп алатын кездерім де бар», – дейді.

Осы орайда «виолончельде ойнайтындарға кейбір спорт түрлерімен айналысуға болмайды, бұлшықет қатайып қалады деген пікір бар. Бұл рас па?» – деген сұрақ қойдық.

«Виолончелистерге спортпен шұғылдануға болмайды деген нақты бір ереже жоқ. Әйтсе де, бокс, күреспен айналысуға болмайды. Қолы жарақат алса, қиындық туғызады. Сол үшін фитнестерге барған дұрысы-рақ. Үстел теннисі де артық етпейді», – дейді досымыз.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор