• Мәселе
  • 22 Қараша, 2021

Қазақша қандай контент тұтынып жүрміз?

Жақында астанамызда жыл сайын өтіп келе жатқан қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумы өтті. Qazforum биыл АҚШ елшілігінің қолдауымен өтті. Форумда журналистер мен блогерлер, медиа сарапшылар спикер ретінде сөз сөйлеп, қазақ тіліндегі контентті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, іс-шараға еліміздің әр өңірінен контент жасап жүрген медиа өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты. Биылғы форумның ұйымдастырушысы – Business Event&Rent агенттігі. Форумның шымылдығын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құттықтау сөзімен ашып берді. Әрі қарай арнайы шақыртылған спикерлер талқылау өткізіп, форум қатысушыларымен пікір алмасты. 

Әлемдік пандемиядан кейінгі медианың мүлдем жаңа өзгерістерге бет бұруы онлайн медиаға келушілердің санының өсуіне ықпал етті. Әлеуметтік желілерді ашып қарасақ, бірден трендке көтерілген қазақ тіліндегі бейнематериалдар мен суреттерді көзіміз шалады. Қазіргі уақытта әрбір газеттің сайты, әлеуметтік желіде ресми парақшалары бар. Сондай-ақ, телеарналар мен онда көрсетілетін бағдарламаларға құрылған парақшалар да жетіп жатыр. Байқап отырғанымыздай, барлық ақпаратты, білімді қолымыздағы смартфоннан қарап отырмыз. Телефон арқылы өзімізді толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етіп, кез келген тілде жасап шығарылған контентті тамашалай аламыз. 

Форум барысында спикерлер мен қонақтардан қазіргі медиа нарық жөнінде пікірін тыңдап, сұқбаттасқан болатынбыз. Өзіміз үзбей қарайтын қазақ тіліндегі контентті жасап жүрген мамандар не дейді? Олар қандай қазақша контентті тұтынып жүр? Алдағы он жылда медиа саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін?  Осы және өзге де сауалдарымызға медиа саласының майталмандары жауап беріп, құнды ақпараттар айтты.

Кристиан РАЙТ, АҚШ елшілігінің мәдениет және білім мәселесі жөніндегі кеңесшісі:

– Бүгінгі спикерлердің ара-сынан көбін танимын. Біз бірге жұмыс істедік. АҚШ елшілігі қазақтілді БАҚ-ты қолдау үшін көптеген жоба ұйымдастырады. Соның ішінде журналистерге пайдалы болатын қосымша жасалған болатын. Мәселен, диктофонға жазылған сұқбатты тез арада мәтін ретінде қосымша арқылы шығарып береді.

Қазір миллиондаған қазақстандық желіде ақпаратты қазақ тілінде тұтынады. Сол себепті қазақтілді БАҚ-тың әлеуеті мықты болуы керек деп ойлаймын. Өзіңіз бай-қағандай, форум спикерлерінің арасында қазақ тілінде контент жасайтын небір майталмандар отыр. Олар контентті қалай жасау керегінен бастап, жарнамалауға дейін білетін медиа нарықты меңгерген адамдар. Соның ішінде онлайн контент жасаушылардың барлығы дезинформациямен қалай күресу керек екенін біледі. Биыл өтіп жатқан форумның негізгі мақсаты – мықты контент жасайтын мамандардың басын қосып, қазақтілді медиа нарықтың қазіргі дамуы мен оның болашағы қандай деген сұрақтарға жауап табу үшін пікір алмасу.

Дана НҰРЖІГІТ, журналист, тележүргізуші, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– «Ойды ой қозғайды» дейді ғой. Мұндай ортада, меніңше, әрбір контент жасаушы өзінің бағыт-бағдарын айқындайды, деңгейін біледі. Келген межесін және алға қойған мақсатын айқындайды деп ойлаймын. Ең бастысы, келесіде осыған дейін жасаған қатесін қайталамау, қай деңгейге дейін көтерілу керек екенін, қай жерінде өзін түзету керек екенін және көрерменге керекті бүгінгі трендтерді анықтауға арналған жиын деп ойлаймын. 

Соңғы кезде Ардақ Құлтайдың сұқбаттарын көремін. Негізінен жаңалықтар порталын қараймын. Әсет Ақмолданың Инстаграмдағы тарих туралы ой қозғайтын посттарын оқимын. Жаңалықтарға және тарихқа байланысты парақшаларды жиі қараймын. Контент жасау телевизиядан ауысқалы бері соңғы онжыл-дықта дамып келе жатқан дүние.

Әрине, алғашқыда сапалы контенттің аздығына қынжылатынбыз. Қазір қатары көбейіп келе жатыр. Кейінгі жылдары, әсіресе, шетелдік университеттерден оқып, бітіріп келген жас мамандардың қатарға қосылып жатқаны, журналистика, сондай-ақ аналитика, ғылым  тақырыбында сұқбат ала алатын, әңгіме қозғайтын маман-дардың өсіп, салмақты контенттің көбейіп жатқаны қуантады. Ізденімпаз азаматтардың, тілге байланысты дүниелердің талқыланып жатқанына өте қуаныштымын. 

Саны көбейгені жақсы ғой, бірақ сапасын да ұмытпауымыз керек. Әсіресе тілге байланысты. Ақпараттың тілі 90-жылдары қалыптаса бастады. Тіл – тірі ағза. Уақытына қарай ол да өзгереді. Біздің тілге өзге қандай тілдер әсер етіп жатыр? Қандай экономикалық-саяси трендтер болып жатыр? Оның бәрі тілге әсер етпей қоймайды, әрине, тіліміз өзгереді. Бірақ калька тілге айналмай, қазақ тілінің тазалығы сақталса екен. Егер біз басқа тілден кірме сөздерді алсақ, оның органикалық түрде қазақшалануына осы қазақтілді контент сауатты түрде әсерін тигізсе екен деген тілегім бар.

Марат ОРАЛҒАЗИН, тележүргізуші, шоумен, сценарист, режиссёр және продюсер:

– Бұл форум өте қажетті дүние. Бүгін біраз мәселе айтылды, енді айтылып қана қоймай, нәтиже шығарып, іске кірісу керек. Қазіргі уақытта ютуб желісінен Тимур Балымбетов, сосын AdminAnon Live, Dope soz дейтін каналдарды көремін. Онда өте көп подкаст бар. Біз кез келген мүмкіндікті пайдалана білуіміз керек. Мынадай ситуацияға қалдық деп тоқтай қалуға болмайды. Кез келген жағдайға бейімделе білуіміз керек. Бейімделе білу, кез келген жағдайды жағымды жағына айналдыру қазақтың қанында бар нәрсе. 

Біз кез келген қиын жағдайдан жағымды нәрсе тауып алуымыз керек. Әр сәт мүмкіндік, тіпті әр дағдарыстың өзі мүмкіндік. Қазіргі уақытта қазақ тіліндегі контент өте көп. Сапа жағынан сұрақ көп енді... Бірақ саны көбейе берсе, әрі қарай сапа да пайда болады. Қарасаңыз трендте қазақтілді бағдарламалар тұрады. Себебі халық тарапынан қазақ тіліндегі бағдарламаға сұраныс көп.

Мақпал ЖҰМАБАЙ, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

– Бұл форум осы форумға қатысушы барлық тарапқа жаңа трендтер, медиадағы жаңа тенденцияларды байқауға, бір-бірімен танысып, кездесіп, бірлесе жобалар жасауға мүмкіндік береді. Шынын айтқанда, біздің саламыз күн сайын өзгеріп келе жатқан, күн сайын адамдармен қарым-қатынаста болуды талап ететін сала. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, түрлі салада үлкен жетістіктерге жеткен адамдармен сөйлесіп, бірлесе жоба жасауға мүмкіндік бар. Бұл, әсіресе, медиаға жаңадан келген адамдар үшін немесе осы салада ұзақ уақыт жүріп жаңа деңгейге өскісі келетін адамдар үшін өте үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Форумның негізгі миссиясы да сол. Алдағы бір жылға қажетті тренд тақырыптарын шығарып береді. Сонымен бір жылға әуре болып жүруге болады. 

Өкінішке қарай, әзіл-сықаққа құрылған жобаларды қарауға уақытым бола бермейді. Қазір бірнеше подкастты тыңдаймын. Есен Елеукеннің Yesti Podcast жобасы, сонымен қатар Find Your B ютуб арнасындағы «Өзіңнен батырды тап» (Найди в себе Батыра), Қанат Бейсекеев жасайтын «Замандас» деген подкасттарды тыңдаймын. Маған осы медиа саласының өзгерісінен гөрі технологиялық өзгерісі қандай болатынын ойлау өте қызықты. Өзім анимация саласын ұйымдастырып, осы салада менеджерлікпен айналысқандықтан мынаны айтар едім: алдағы онжылдықта біздің өміріміз қайсы онлайн, қайсы офлайн екенін ажырата алмайтын, бір-бірімен кірігіп кеткен, былайша айтқанда, ақпараттық технологиялар, Big Data өмірімізге кіріп кеткен фантастикалық өмір болады. Оған дайын болу үшін, баяу жүріп бару үшін бізге оны зерттей бастау керек. Мен қабылдамаймын деп отыра алмайсың. Өйткені бүкіл әлем есігіңді тарсылдатып, сені сол жаққа тартатын болады. Дүкенде болсын, сабақта, автобуста болсын, виртуал әлеммен үлкен қарым-қатынасқа түсетін боласың. Оған дайын болу үшін форумдарда сол мәселелерге бір күні келеміз деп ойлаймын. Қазір онлайн медианың мүмкіндіктерін, оны қалай пайдалануға болатыны туралы күресіп, үйретіп жатырмыз.  Ал осыны үйреніп біткен соң бізде мүлде басқа мәселе басталады. Соны қолданатын ақпараттық мәдениетіміз қалыптасуы керек. Біз сонда ғана алдағы уақытта не болып жатқанын түсінеміз, болмаса оның бәрін түсінбей сыртында қалып қаламыз. Форумның осындай процестерге бізді ақырын дайындап жатқанын атап өткім келеді. Менің айтып отырғаным  технологиялық өзгерістер туралы. Мұндай өзгерістердің жүзеге асуы алыс емес. Біз оған дайын болуымыз керек.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор