• Толағай
  • 22 Қараша, 2021

Қазақстан футболына үлкен реформа қажет

Футболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпио-натының іріктеу кезеңін аяқтады. Талғат Байсуфинов баптайтын аяқдопшыларымыз топтағы соңғы ойында Франциядан 0:8 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл – Қазақстан құрамасы тарихындағы ең ірі жеңіліс.

Қазақстан футболшылары үшін әлем чемпионатының іріктеу ойындары осымен тәмам. Келесі жылы Қатарда өтетін доп додасына ұлттық құрамамыздың бармайтынын алдын ала білсек те, Талғат Байсуфиновтің командасынан дәл осындай ойсырай жеңілуді күтпеп едік. Рас, D тобында Қазақстаннан басқа осал құрама жоқ. Алғашқы жеті ойында жеңіске жетпесек те, Украина, Босния сияқты командалармен тең түсіп, кәдімгідей марқайып қалып едік. Тіпті «Астана аренадағы» Франциямен болған ойыннан кейін де футболшыларымызға қарата біраз мақтау айтылған. Бірақ, бұл жолғы жеңіліс ауыр тиді. Оның үстіне Париждегі ойынға ұлттық құраманың белді деген футболшылары бармады. Сенім артқан Бактиер Зайнутдинов ескертулеріне байланысты бір матчты жіберуге тура келді. Қорғаныс шебінде ойнайтын Сергей Малый, Ян Вороговский жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Орталық шепте ойқастайтын Асқат Тағыбергеннің де алаңда жоқтығы француздармен болған ойында қатты білінді. Ал «Парк-де-Пренс» стадионында жұлдыздарға қарсы доп тепкен өзге футболшылардың бітіргені шамалы болды. Әсіресе, Кингсли Коман мен Килиан Мбаппе сынды француз ойыншылары біздің қорғаушылардың «екі аяғын бір етікке тығып», әбден шаршатты. Матчтағы сегіз доптың төртеуін Килиан Мбаппе соқты. Бұл оның Франция құрамасы сапындағы алғашқы хет-тригі. Сонымен қатар, Карим Бензема дубль авторы атанса, Адриен Рабьо мен Антуан Гризманн да Қазақстан қақпасынан саңылау тауып, алаңнан бос кетпеді. Осылайша, Қазақстанның антирекорды жаңарды. Осыған дейін талай мықтыларға қарсы ойнасақ та, ешқашан өз қақпамызға 8 гол жібермеген едік. Бұған дейінгі ең ірі жеңілісіміз Түркия және Ресейден болған. Бұл екі команда қақпамызға жауапсыз алты гол соққан-ды. Франциямен болған ойынның есебі тым сорақы болды. Әрине, өз қақпамызға жауапсыз сегіз доп соқтырған футболшыларды ақтаудан аулақпыз. Тіпті футболшыларға кінә да тақпаймыз. Шамасы жеткені сол. Дегенмен, бұл жеңіліс еліміздегі аяқдоп шаруашылығындағы біраз былықтың бетін ашып берді.

Ұлттық чемпионаттың деңгейін көтермей, ұлттық құраманың ойыны өрге баспайтынын осы іріктеу сайысы тағы бір дәлелдеп бергендей болды. Премьер-лигада ойнап жүрген командалардың құрамындағы кілең керексіз легионерлер, «Астана» коман-дасынан бастап ел бюджетін «еміп жатқан» масыл клубтар, жемқор функционерлер, су толған балшық алаңдар, тәжірибесіз бапкерлер...  Бұлай кете беретін болса, футболымыз алдағы 20–30 жылда оңалмайды. Бұл шындық. Қазір ұлттық құрамаға шақырылған футболшылардың 60–70 пайызы ішкі біріншілікте жарытып та ойнап жүрген жоқ. Алаңға кілең легионерлерді жіберіп, өздері тоқсан минут бойы алаң жиегін күзетіп отыратын қазақстандық футболшыларды Францияның жұлдыздарына қарсы ойнату оларды жауға қарусыз жібергенмен тең. Сонда олардың Андорра мен Сан Марино, Фарер сияқты кілең электрик пен сантехниктерден жасақталған футболшылардан қай жері кем? Қысқасы, дәл қазір бізге, біздің футболға үлкен реформа қажет. Қазақстан футболындағы қалыптасқан жүйені өзгертпесек, ертеңгі күні қақпамызға соғылған гол санынан жаңылысуымыз әбден мүмкін. Осыдан тура жиырма жыл бұрын елпілдеп Еуропаға өтіп алдық. Бірақ, футболды еуропаша ойлап, еуропаша ойнау керектігін әлі үйренбедік. Баяғы жартас – сол жартас. Франциядағы сорақы жеңілістен кейін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин бірден пікір білдіріпті. Бірден дегеніміз бекер шығар. Өйткені дәл осы ойыннан кейін әлеуметтік желілерде Қазақстан футболына соңғы 3 жылда 105 620 000 000 (жүз бес миллиард алты жүз жиырма миллион теңге!) бөлінгені туралы ақпарат шықты. Айтқожиннің шымбайына батқаны сегіз (!) доп емес, осы миллиардтар болса керек. Әйтпесе, бас хатшымыз ойын біте салысымен халықтан кешірім сұрайтын еді. Бірақ, олай етпеді. Тек, әлгі миллиардтардың құлағы қылтиып, әлеуметтік желілерді аралап кеткенде ғана «әу» дегенге жарады. Сондағы Азамат Айтқожиннің айтқаны мынау: «Бізде ұлттық құрамада лайықты «резерв» болмай тұр. Команда көшбасшыларын ауыстырған ойыншылар халықаралық деңгейде ойнауға әлі дайын емес. Келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар тарапынан қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұдан былай УЕФА-ның бөлетін ақшасы мен демеушілердің қаржысын ғана пайдаланамыз. Соңғы жылдары мемлекеттік бюджеттен ұлттық құрамаға және жастар мен жасөспірімдер құрамасына 200 миллион теңге
ғана бөлінді. Бұл жерде миллиардтар туралы мүлде әңгіме жоқ»...

Азамат Айтқожиннің айтқаны-на келсек, біріншіден, «ұлттық құрамада лайықты резерв болмай тұр» дейді. Бұл – білдей федерация бас хатшысының сөзі. Егер мұны басқа біреу немесе бапкерлердің бірі айтса жөн екен. Бірақ, бас хатшының «резерв» жоқ деуі кімге қарата айтқаны? Ұлттық құрамаға лайықты ізбасар тәрбиелеу – тікелей федерацияның шаруасы. Балалар мен жасөспірімдер футболы дұрыс жолға қойылмаса, оларға дұрыс жөн сілтемесе, футболды дамытудың алғышартын жасамаса, бізде қайдан «резерв» болсын?! Премьер-лигада ойнап жүрген 300-ден аса футболшының тең жартысы – легионер. Легионер болғанда да Сербия, Ресей, Армения сияқты елдердің футболшылары. Онда да алдыңғы қатарлы емес. Өз еліміздің аяқдопшыларын алаңға шығаратын санаулы ғана клубтар бар. Бірақ олар аз, өте аз. Тіпті ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновтің өзі Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын жастар құрамасында тек үш футболшының ғана өз командала-рында алаңға шығатынын айтып-ты. Бұл құрамаға шақырылған футболшыларда ойын практикасы жоқ екенін көрсетеді. Бұл тек жастар құрамасына ғана қатысты емес, ұлттық құрамаға соңғы уақытта шақырылып жүрген жас футболшыларға да қатысты.

Азамат Айтқожиннің тағы бір айтқаны мынау: «Қазақстан футбол федерациясы мемлекет-тік және квазимемлекеттік құрылымдар тарапынан қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұдан былай УЕФА-ның бөлетін ақшасы мен демеушілердің қаржысын ғана пайдаланамыз...». Егер Айтқожиннің айтқаны рас болса, бұдан былай Федерация ұлттық құраманың, жастар және жасөспірімдер құрамасының дайындығына мемлекеттен ақша алмайды. УЕФА-ның бөлетін ақшасы мен демеушілердің қаржысын ғана пайдаланады. Осы жерде бас хатшының сөзіне байланысты заңды сұрақ туындайды. Сонда Федерация бұған дейін УЕФА-ның бөлетін ақшасы мен демеушілердің ақшасын қайда жіберіп отырған? Егер ондай ақшасы бар екен, мемлекет есебінен не себепті 200 миллион теңге алған? Қысқасы, Азамат Айтқожин желідегі халықтың пікірін түсінбеген секілді. Федерация мемлекеттік қаржыдан бас тартқанымен, футбол клубтарымыз әзірге демеушінің көмегімен команда ұстауға дайын емес. Барлық клуб облыстық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Егер әр өңірдің спортына бөлінетін қаржының 60–70 пайызы футбол клубтарының көмейіне тығылып жатқанын ескеретін болсақ, 105 емес, 200 миллиардтың айналасында шығатынына бас хатшымыз басын ауырта ма екен?!

Болат ЕСМАҒАМБЕТОВ, футбол сарапшысы:

Байсуфиновтің қызметінен кеткені дұрыс

Бұрынғы футболшы, қазіргі сарапшы ретінде пікір білдіріп жүретін Болат Есмағамбетов бас бапкер Талғат Байсуфинов қызметінен кетуі керек деп санайды. 

– Франциямен матчта осындай есеп тіркеледі деп күттіңіз бе? 

– Қиын ойын болатынын бәріміз күттік. Тіпті, ірі есеп тіркелетіні түсінікті болатын. Мұндай ойында қарсыластың қарымына байланысты. Франция құрамасы құлшынып тұрды. Жанкүйерлерінің алдында аянып қалмады. Осы кездесуден соң, әлем чемпионатына ресми түрде жолдама алды. Француздар барлық жағынан басым түсті. Қазақстан футболшыларында кондиция жоқ. Чемпионат аяқталды. Алғашқы минуттан ол жағы сезілді. Әлем чемпиондары жылдам гол соғып, бірінші минуттан көп қысым көрсетті. Кездесу бойы біздің ойыншыларға еркін тыныстауға мүмкіндік бермеді. Жігіттерді кінәлау дұрыс емес секілді. Олардың қолынан ештеңе келген жоқ. Мұндай жеңілістер болады. Кәсіпқой спортшы мұндай қиындықтарды еңсере білуі керек. Жығылған жерден тұрып, қайта күшті болуға тырысуы керек. 

– Бұл жеңілісті трагедияға айналдырып жатқандар бар. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мұны бокспен де салыстыруға болады. Майк Тайсонның нағыз бабында тұрған кезінде кездескен әлсіз спортшы секілді жағдай ғой. Оны қалай жеңесің? Үздіктің аты үздік. Бес секундта-ақ нокаутқа жіберуі мүмкін. Биылғы жыл біз үшін қиынға соқты. Әйелдер құрамасы, жасөспірімдер, жастар құрамасы – бәрі іріктеу кезеңін сәтсіз өткізді. Еурокубокта клубтарымыз ештеңе бітірмеді. Бұл енді трагедия. Чемпионатта легионердің саны көп, отандық ойыншылар аз ойнайды. Ал әлем чемпиондарынан ірі есеппен жеңілуімізден трагедия жасаудың қажеті жоқ. Бұл – спорт. Жеңілу міндетті түрде болады. Оның ішінде осындай ірі есептер де кездесіп тұрады. Француздар шеберліктің үлгісін көрсетті. Бастысы, жеңілістен сабақ шығара білу керек. 

– Талғат Байсуфинов туралы не айтасыз? 

– Оның тағдырын шешетін біз емес. Бірақ мұндай жеңілістер бапкерге ауыр тиеді. Ойыншыларға сәл жеңілірек болуы мүмкін. Ал бапкерге ұмыту қиын. Оның орнында болсам, қызметтен кетер едім. Қолынан келгеннің бәрін істеді. Арасында жақсы ойындары да бар. Меніңше, Талғат Байсуфиновтің қызметінен кеткені дұрыс.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор