• Өнертапқыш
  • 22 Қараша, 2021

Жантақпен паркинсонды емдеуге болатынын дәлелдеген ғалым

4-сыныпта оқитын қызым «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жазыпты. Балалардың біразы «бай болып, дүкен, кафе ашамын» десе, енді бірі «әнші, актер болып киноға түсемін» деп жазыпты. Апайлары: «Неге ғалым болмайсыңдар?» – деп ренжісе керек. «Ғалым деген кім? Айлығы қанша?» – деп қызым сұрақтың астына алды. Екі ғылыми жаңалығы қолданысқа енген ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов есіме түсті. Телефонын тауып, ғылымдағы жаңалықтарын сұрадым. Альцгеймер және паркинсон ауруларына қарсы дәрілік затты зерттеп жатыр екен. Әңгімесін қызыма айтып едім, қызығып: «Дизайнер болсам аз адамға көмектесемін. Ал ғалым болсам, бүкіл әлемге көмек береді екем ғой», – деді ойланып. Жас дос, ғалым болғың келсе, Нұрбол ағайдың еңбегін оқып көр.

– Ғылымға бала кезден қызықтыңыз ба?

– Қатардағы оқушының бірі болдым. Қоршаған ортаға әуестігім күшті еді. Энциклопедия оқығанды жақсы көретінмін. Осы қызығушылық ғылымға әкелді. 

– Жантақтың қасиетін қайдан білдіңіз?

– Жантақты халық медици-насында бұрыннан қолданады. Оның құрамындағы негізгі әсер етуші зат – флавоноид. Олар жақсы оксидант болады. Тек жантақта емес, көптеген өсімдіктің құрамында кезде-седі. Сыр өңірі шөлді аймақ болғандықтан, жантақ көп өседі. Сол үшін зерттеу қызығушылық туғызды. Бұл бағытта бірнеше зерттеу жүргізгенбіз. Әртүрлі ауруды емдеуге пайдаланады. Атеросклероз деген ауру бар. Тамырдың ішінде холестеринді түйіндер пайда болып, бітеп тастайды. Дерттің алдын алуды басқа ғалымдармен бірге зерттеп көрдік. Менің жұмысым – химиялық құрамын зерттеп, қандай заттар бар, оларды көбірек алу үшін қандай жұмыс істеу керек екенін білу. Биофизиктер атеросклерозға пайдасын, емдеуге әсерін зерттеді. Сөйтіп оның құрамында 20 мажорлы
флавоноид бар екенін көріп, тікелей емге қолдандық. Дигидрокверцетин деген затты 1 миллиграм/литр концентрацияда осы ауруды емдеуде қолданады. Оны жеке-жеке алу қиын. Біз жиырмаға жуық флавоноидты бірге қолдандық. Оң әсерін байқадық. Атеросклероздың бастапқы стадиясын емдеуге болатынын білдік. 

Жантақтың пайдалы қасиетіне келсек, бұрын шай секілді қайнатып, демдеп ішетін болған. Іш қату, несеп жүргізу, тер шығару, асқазан, ішек жолын емдеу үшін қолданады. Ал біз жаңа бағытта емдеуді ұсындық. Қызылордада жабайы болып кез келген жерде өседі. Көбіне қой-ешкі мен түйе жейді. Ірі қара жемейді. Флавоноидтың бір кемшілігі – суда нашар ериді. Кез келген биологиялық белсенді компонент суда жақсы ерісе, әсері мықты болады. Оларды суда еритін күйге көшіру өте маңызды. Қазір дәріханадағы дәрілер суда ерімейтін күйде. Суда еритін формада болу үшін олардың гидрохлоридтерін алып, суда еритін формаға көшіреді. Бірақ кері әсері болады. Біз оны фурилин сияқты нанобөлшектермен әрекеттестіру арқылы еритін күйге көшіреміз. Сонда оның кері әсері болмайды. Ауырған жерге дәл әсер етеді.

Альцгеймер және паркинсон ауруы үлкен кісілерде кездеседі. Жүйке жүйесінің ауруы. Жүйкеде амилоидты фибрил түзіледі. Біздің алатын заттар бұл түзілісті болдырмайды. Сол себепті қолданады. Паркинсонда дофамин деген гормон бөлінуін тоқтайды. Соның алдын алып, болдырмайды. Паркинсон аяқ-қолдың дірілдеуінен басталады. Алдын алып, адамның өмір сүруін жақсартады. Әзірге бұл дерттің емі жоқ.

Біз еуропалық ғалымдарға осы емдеу жолын ұсынғанбыз. «Горизонт 2020» деген бағдар-ламаға қатыстық. Грант ұтып алып, жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандағы жетекшісімін. Негізгі оқу орны Португалиядағы Лиссабон университеті. Нидерланды, Ресей, Украина, Дания елдерінің ғалымдары қатысады. Жобадағы менің жұмысым флавоноидты алып, фурилинмен әрекеттестіру. Флавоноид-тың бірнеше түрі бар. Оларды наноматериалдармен модификациялап, жаңа заттар-ға жіберу. Биологиялық қасиеттерін басқа әріптестерім зерттейді.

2017 жылы Португалияға жол түсті. Семинар ұйымдас-тырып, бір-біріміздің еңбегімізбен таныстық. Жаңалықтың осы жақта таныстырылуының себебі де осы. Модицикация өте қиын жұмыс. Жұмыстың температурасы, жүргізу ұзақтығы, катализаторды есептейміз. Жоба ғылыми жағынан тоқтап, коммерциялық жүйеге көшеді.

– Қара алтынды мұнай шламынан өңдеудің тиімді әдісін ойлап тауыпсыз. Құмкөл мұнай-газ кен орнында енгізілген екен. Осы жайлы айтсаңыз?

– Мұнай өте терең жер қойнауынан шығады. Сол мұнайды жердің бетіне шығарып оны тазалайды. Жерден шыққан шикі мұнайдың құрамында топырақ, су, тұз тағы басқа қоспалар болады. Оларды тазартып, тауарлық мұнайды алады. Мұнай алу кезінде көп мөлшерде мұнай шламы түзіледі. Орта есеппен 1,5–2 есе. Олар қалдық болып жиналып жатыр. Өртеуге, жерге көмуге болмайды. Арнайы орында жинайды. Бұл әлемдік мәселе. Қазір ғалымдар қайта игеріп, ішінен мұнайды алу бойынша зерттеуде. Осы бағытта тепкіш күш арқылы ішінде химиялық реагенттері бар эмульсия түзеді. Осы эмульсия арқылы мұнайды бөліп алуға болады. Әр жердің мұнай шламы әртүрлі. Егер оның құрамында мұнай 20 пайыздан жоғары болса, біздің технология тиімді. Ал 20 пайыздан төмен болса, бізге тиімсіз. Мұндайда бөліп алатын болсақ, тауарлық мұнайдан қымбат болып кетеді. Құмкөлдегі мұнай 32 пайыз. Шламнан мұнай өндіру тиімді. 

– Күріш сабағынан қағаз алуға болатынын дәлел-дедіңіз...

– Күріш өсіруде Қызылорда өңірі көш бастап тұр. Күрішті ору кезінде көп мөлшерде күріш сабаны түзіледі. Шамамен біздің облыста 500 мың тоннадан асады. Оның бәрін мал жемейді. Өртеп, қоршаған ортаға зиян тигізеді. Оның құрамынан көптеген пайдалы зат алуға болады. Мысалы, күріш сабанынан целлюлоза алдық. Қағаз шығаруға да болады. Біз микротолқындық сәулелендіруді пайдаландық. Сол арқылы күріш сабаны-нан қағаз алу процесін арзандаттық. Қаржыны аз жұмсап, экологиялық таза технологияны ойлап таптық. Күріш қауызында кремний өте көп. 100 пайыз кремний диоксидін алдық. Оны шыны өндіруде, кварц шынысын алуда пайдаланады. 

Күріш сабағынан дәнін бөліп аламыз. Оны кебек, қауыз дейміз. Осы күнге дейін өртеп келген. Ал қазір рұқсат жоқ. Өйткені құрамындағы зиянды химиялық элементтер ауада көзге көрінбейтін шаңмен де жүреді. Адам демалған кезде өкпесіне түсіп, кристалданып, өкпені зақымдайды. Содан емі жоқ өкпе дерті пайда болады. Қауызды майдалап, малдың жеміне қосып жатыр. Бірақ оның тағамдық құндылығы жоқ. Оны қалай пайдалануға болатыны жөнінде зерттедік.

Карбонизация жасап, ауаның қатысынсыз қыздырған кезде көмірге айналады. Оны топыраққа қосса, құнарлы болады, ал өсімдіктің өнімділігі артады. Карбони-затты су буымен белсендірсе, белсендірілген көмірге айналады. Медицинада улану, ауа мен суды тазалауда қолданылатын затқа айналады. Әдетте, белсенді көмірді ағаштан алады. Ал ағашты кесу табиғатқа зиян. 

– Ғылымға қызығатын балаларға қандай кеңес айтасыз?

– Көп кітап оқу керек. Кез келген кітапты емес, өзің қызығатын тақырыпта оқыған дұрыс. Дәрігер болғысы келсе биологияны, инженер болам десе, химия, физиканы оқыған дұрыс. Ғылымның бірі жаман, бірі жақсы деген жоқ. Біреуі өндірістік, енді бірі әлеуметтік проблеманы шешеді. Ғылыми-танымдық әдебиетті көбірек оқыған кезде ғана адамның көзі ашылады. Шығармашылық идеялар келеді. Содан кейін университетке түскенде мықты қолдаушы ұстаздар болады. Ұстаздардың жетекшілігімен одан әрі ғылымдағы баспал-дақпен көтеріледі. Өзім оқытушымын. Студенттерге ғылыми жұмыс-тарға жетекшілік етемін. Қазір шәкірттерім өте көп. Оларға идея тастаймын. Ғылыми әдебиетті іздеп жүріп оқимын. Бүкіл әлем бойынша әр ғылым саласында қандай жетістіктер шығып жатыр, соны жариялайтын базалар бар. Бәрін оқу мүмкін емес. Күнде шығатын монография, патент және ғылыми мақалаларды оқып, танысамын. Алға қойған жоспар өте көп. Жобаларды коммерцияландыру керек. Былтыр антисептик шығарғанбыз. Соны қайта жандандыру керек. Антисептик қолданыста бар. Өкініштісі, өтімділігі төмендеп кетті. Маркетинг жағын дамыту керек. 

– Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілеймін.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

685 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор