• ІТ және инновация
  • 22 Қараша, 2021

Зағиптарға арналған құрылғы ойлап тапты

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары көзі нашар көретін жандарға арналған Jazgysh деп аталатын оқытудың инновациялық әдісін ұсынды.

Екатерина Ким мен Арман Рысмаханов 12-сыныпта оқиды. Олар зағип жандардың  жазуды үйрену мәселесіне қызығушылық танытқан. «Мысалы, зағип адаммен сөйлескенде, Брайль әдісін қолданатын шешім бар екенін білдік. Ал қолмен жазуды үйрету көп жағдайда  еленбейді», – дейді жас зияткерлер.

Брайль тілі атыңызды, тегіңізді жазып, қол қою қажет болған жағдайда әдеттегі жазуды алмастыра алмайды. Осы мәселені назарға алған Катя мен Арман Jazgysh құрылғысын жасады. «Jazgysh құрылғысы екі кезеңнен тұрады: құрылғы арқылы жазуға қалыптасу  және мобильді веб-қосымшаның көмегімен дағдыларды бекіту», – дейді оқушылар.

Құрылғының жұмыс істеу принципі мынадай: Біріншіден, пайдаланушы құрылғыны жылжытушы және әріптердің дұрыс жазылуын қадағалайтын қаламды ұстайды. Содан кейін пайдаланушы үйренген сөзді телефонға қаламмен жазуы керек, ал бағдарлама сөздің дұрыс жазылғанын тексереді.

Жоба жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Қымбат Жасұланқызының айтуынша, балалар тақырыпты өздері таңдаған.  Мүмкіндігі шектеулі жандардың осындай проблемасы оқушылардың құрылғыны жобалауына әсер еткен. Кейіннен қолда бар ақпаратқа талдау жасап, идеяны толықтай бағамдаған. Осыған ұқсас басқа жобалардан әлдеқайда арзанға түсетін жоба KazRoboProject–2021 робототехника конкурсында III орын иемденді.

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

8982 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор