• ҰЛАН
  • 22 Қараша, 2021

Талантқа емес, дайындыққа байланысты

Жақында қазақ елінің ұландары Өзбекстанда өткен әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша бірінші халықаралық олимпиадаға қатысқан еді. 11 медаль иеленіп, командалық есепте 2-орын алды. Қоржында 2 алтын, 6 күміс және 3 қола бар. Білім бәйгесіне әлемнің 18 елінен 130-ға жуық жас физик қатысыпты. Жарыс тартысты өткен. Себебі қатысушылардың көбі – халықаралық олимпиадада топ жарғандар.

Алтын медаль алған Нұрдәулет Назарбайды жеңісімен құттықтап, олимпиаданың қалай өткенін сұраған едік.

– Әл-Ферғани халықаралық олимпиадасы екі кезеңде өтті. Біріншісі жазбаша, екіншісі – практикалық жұмыстар. Әлішер Еркебаев алтын медаль алды. Күміс медаль алғандар: Даниил Шатохин, Оразхан Хайдар, Дінмұхаммед Сапыбек, Ердәулет Нахып, Бернар Шамгонов, Диас Еспан. Қола медальді Бексұлтан Шәріп, Асқар Қасымов, Нұржан Хасенов жеңіп алды. Біз жеңісімізді Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнадық.

– Физикаға қай сыныптан бастап қызықтың?

– 7-сыныпта физика пәні-нің мұғалімі Вячеслав Ли мен сынып жетекшім Ерден Серікбаев олимпиада есігін ашуда көп көмек көрсетті. Жеке тренерім Ақан Жақсылық 8-сыныптан бері физика олимпиадасына дайындап келе жатыр. Арнұр Қазыбеков – физика пәнінің мұғалімі және олимпиадаға дайындайтын ұстазым. 

– Олимпиадаға іріктеуден қалай өттің?

– Физикадан Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшесімін. Сол үшін мені олимпиадаға қатысуға шақырды. Ұлттық командадан 8 адамды іріктеп алды. Қарсыластарымыз осал болған жоқ, барлығы тек жеңісті ғана көздеді. Туймада, Жәутіков халықаралық олимпиадасы және Республикалық физика олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар  қатысты. Бірінші кезеңде қатысушылардың физикадан теориялық білімін тексерді. Бір-біріне байланысы жоқ үш есеп берілді. Оларды шығаруға аз уақыт береді. Ең қызығы – екінші есеп болды. Біз жүгерінің қалай попкорнға айналатынын талқыладық. Екінші кезең – псевдоэксперимент (себебі ешқандай құрал-жабдық болған жоқ), қатысушыларға барлық керекті заттары өлшеніп, кестеге және графиктерге түсірілген. Осы берілген кесте, графиктерге анализ жасап, керекті қорытынды жасадық.

– Қандай командалар мықты болды?

– Ресейден келген команда өте жақсы нәтиже көрсетті.  Біріншіден, оларда дайындық жүйесі өте жақсы дамыған. Екіншіден, бәсеке көп болғандықтан, жүзден жүйрік дегендер ғана халықаралық деңгейде өнер көрсете алады. Іріктеу өте қатаң.

– Алға қойған мақсатың қандай?

– APhO (Азия Халықаралық олимпиадасы) және IPhO сынды олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алғым келеді. Бірақ оларға іріктеу көктемге дейін жалғасады. Қазіргі мақсатым – сол іріктеуден өту. Екі інім бар, олар да физикадан олимпиадаға дайындалып жүр. Бауырларыма барлық жағынан үлгі болсам деймін. Егер физикаға қызығушылық болса, қиындық жоқ. Жетістікке жету үшін талантты болу керек дейді. Меніңше, таланттан гөрі қаншалықты сол бағытта еңбектенгенің маңызды. Қалай еңбек етсең, сондай жеміс аласың.

Арнұр ҚАЗЫБЕКОВ, жетекшісі:

Қосымша оқығанда ғана нәтиже болады

– Балалардың физикаға қызығушылығы өте жоғары. Олар 7-сыныптан бастап тереңдетіп оқиды. Күніне екі-үш сағат физиканы парақтайды. Одан бөлек, каникул мен демалыс күндері тереңдетіп оқиды. Әл-Ферғани олимпиадасы алғаш рет ұйымдастырылды. Республикалық «Дарын» орталығының тізіміне енген олимпиаданың бірі. Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» орталығы оқушылардың түрлі олимпиадаға қатысуына жол көрсетіп келеді. Жарысқа қатысуға мүмкіндік берген орталықтың еңбегі зор. Еліміздің атынан екі команда барды (8 оқушы). Олардың ішінде менің екі оқушым: Нұрдәулет Назарбай алтын, ал Ердәулет Нақып күміс медаль алды.  

Командалық есепте бірінші орынды Ресей алса, екінші орында біз, үшінші орында Өзбекстан, төртінші орында Тәжікстан. Ресейдің басты командасы келді. Ресей, Қытай, Иран және Үндістан балалары физикадан мықты. Біз кейде тең түсеміз. Десе де, алдыңғы қатарда деп сеніммен айта аламын. Оқушылар өзін толық көрсетті. Алда болатын олимпиадаларға дайындықты бастап кеттік. Ресейліктер ұйымдастыратын «Мегаполис» олимпиадасы физика, химия, математика, информатика пәндерінен өтеді. Одан кейін халықаралық Жәутіков, республикалық, Азия және Әлем олимпиадасы күтіп тұр. 

– Мықты оқушыны қалай тануға болады?

– Ұстаз ретінде мықты оқушы дайындау үшін күш керек. Күнде оқушымен бірге бір-екі сағат сабақ өтеміз. Әр тақырыпты терең түсіндіруге тырысамын. Әрбір затты не үшін осылай болғанын айтып, ойландырамын. Физикаға ыңғайы бар балалар сабақта белгілі болады. Оларды жеке сабаққа шақырамын. 

Нұрдәулеттің тәжірибесі мол, болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкіртім. Үздік 20 оқушының ішіне кіреді. Қабілеті, зеректігі, ойлау қабілеті өте терең. Байыппен жұмыс істеп, мұқият орындағанды жақсы көреді. Нақып Ердәулет енді пісіп келе жатыр. Ол 10-сыныпта оқыса да, халықаралық олимпиадада жеңімпаз болып үлгерді. Нұрдәулетке қарағанда тәжірибесі аз. Ердәулет тез шешім қабылдап, жылдам қимылдағанды жақсы көреді. 

–  Физикаға барлық бала қызыға ма?

–  «Физика қиын, мен оны түсінбеймін, бұл пән маған арналмаған» деген ойдан құтылу керек. Ойдан құтылған соң басқа сабақты оқыған сияқты күніне 10–15 минутты арнау керек. Тіл үйренгенде күніне уақыт бөлу керек дейді. Сол сияқты. Көп оқушы сабақта берілген ақпаратпен шектеледі. Бұл үлкен қателік. Оқушы сыныптан тыс ізденіп, оқыған кезде ғана нағыз білім болады. Қосымша материал өте көп. Интернетте қызықты есептер, ғалымдар туралы қызықты тарихи мәтіндер оқуға болады. Соңғы ашылған жаңалық пен заң бар. Адамды өзіне қызықтыратын материалдарды көп оқу керек. Сол кезде нәтиже болады.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №47
23 қараша 2021 жыл

402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор