• ҰЛАН
  • 16 Қараша, 2021

Үздік ғылыми жұмыстар жарысқа түсті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты оқушылар арасында ғылыми жоба жарысы өтті. Білім бәйгесінде 9 команда бақ сынады. Жас ғалымдар еңбегін ағылшын тілінде жазып, қорғады. Оқушылар «Ғаламдық жылыну», «Спортта жарақат алмаудың жолдары», «Аз ақшаға қалай пайдалы тағам сатып алуға болады?» деген тақырыпта ой қозғапты. Байқауды ұйымдастырған Alpha Academy білім гранттар орталығының жетекшісі Бақнұр Зиябеков былай дейді:  «Жұмыстарға экономика тақырыбы негіз болды. Креатив, спорт және туризм деп үш салаға бөлдік. Өйткені соңғы уақытта осы үш салада оң өзгеріс көп».

Бақнұр жас болса да, көп іске себепші болып жүр. Alpha Academy әлемнің 100 үздік университетіне бакалавриат пен магистратураға түсуге көмектеседі. 2016 жылдан бері ресми түрде Мәскеудің ең мықты сегіз оқу орнымен бірге жұмыс істеп келеді екен. Оқушыларды шетелдің оқу орындарына грант ұтып алуға дайындайды. Осы уақытқа дейін мыңнан аса түлектің грант иегері атанып, білім алуына себеп болыпты.

КАРАНТИННІҢ ПАЙДАСЫ: ЕЛІМІЗДЕ ТУРИЗМ ДАМЫДЫ

Анель, Мерей, Әлима және Әсел деген қыздар карантин кезінде туризмді дамытуға болатынын айтады. Төрешілерге қыздардың тапқырлығы ұнаса керек. Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияның оқушысы Анель Мұса мен №147 мек-тептің 11-сынып оқушысы Әсел Сембаймен көп нәрсені талқыладық.

Анель: Covid-19 бүкіл әлемге және Қазақстанға туризм саласына әсер етті. Бұл – өте өзекті тақырыптың бірі. Біздің еріктілер тобы туризм саласымен байланысты. Шешімді топпен келісіп шығардық

Әсел: Иә, тақырыпты таңдауға Qonaq клубы негіз болған еді. Клубтың басты мақсаты – Алматы қаласының ішкі туризм саласын жас еріктілердің көмегімен дамыту. Туризм өзекті болғандықтан осы тақырыпқа тоқталуға шешім қабылдадық. 

– Керекті ақпаратты қайдан оқыдыңдар?

Анель: Ағылшын тілін білсең, кез келген тақырыпты терең оқи аласың. Ақпараты 100 пайыз дұрыс шетелдік сайттарды оқыдым. Тереңірек талқылау үшін көп іздендік.

Әсел: Әлеуметтік желі мен ресми ақпарат көздерінен мәлімет алынды. 

– Жоба қалай өтті? Қандай ой түйдіңдер?

Әсел: Өте жақсы өтті, барлық жоба жоғары деңгейде қорғалды. Әсіресе, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Серік Есматовтың біздің жобаны жаңа деңгейге шығарудың жолдарын ұсынып, қолдағаны командамызға сенімділік бере түсті. Туризм тек ұшақпен ұшып, теңіз жағалауында демалу емес. Оның көптеген саласы бар. 

Салт-дәстүр, ұлттық нақыш, кәдесыйлар, спорт, тұтынушыларға жасалған жағдай (мүгедек адамдарға көрсетілетін көмек). Бұл саланы дамыту алдында осы факторларды ескере отырып шешім қабылдау маңызды. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді шетелдік саяхатшылар мен қала тұрғындарына тереңірек таныстыру, қазақ халқы жайлы қалыптасқан стереотипті бұзу. Біздің елді естігенде кей адамдардың ойына ат үстінде көшіп-қонып, мал бағып күн көретін халық елестейді. Ол заманнан дамып кеткенімізді көрсету үшін Алматының көрікті аумағына қазақ үйлер тігіп, алтыбақан орнатып, ұлттық ойындар мен билерді көрсету. Әсем қаламен қатар ежелгі халқымыздың өмір сүру салтын көрсетіп, елдің дамығанын таныстыру. Осы арқылы ішкі туризмнің дамуына жол салу.

Анель: Жарысқа түскенде кімнің қалай дайындалғаны емес, ең бірінші жеткені маңызды. Ізденістің арқасында көрерменге қатты ұнады. Барлық топ жұмысын жақсы қорғады. Күні-түні төккен еңбегі зая кетпеді. Былтырғы жылдың туризм саласының өзгерістерін айқын көрсеттік. Сараптамаға сүйене отырып, проблеманы қалай шешуге болатынын жаздық. Қазақстан шикізат өнімімен байып отырған мемлекет (мысалы, мұнай). Сарқылатын және сарқылмайтын шикізат өнімдері бар. Мұнайдың қай уақытта бітетінін білмейміз. Егер бітіп жатса, дамудың басқа жолын қарастыру керек. Біз туризмді ұсынамыз. 

Мақсат – карантин кезінде туризмді дамыту. Басқа елдер сияқты туризмнің арқасында дами аламыз. Карантин туризмге пайдасы тиді. Шекара жабық болып, адамдар еліміздің көрікті жерлерін аралап, демалыс орындарында болды. Біздің идея Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға бағытталған. Төрешілер түрлі сұрақ қойды. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандарға дұрыс жағдай жасалмаған. Шетелдіктер бізді әлі көне дәуірде өмір сүреді деп ойлайды. Әдемі табиғатымызды көрсетіп, ұлттық ойынымызды дамытсақ дедік. Туризм барлық саламен байланысты. Ең алдымен тәртіптен басталады. Өкініш-тісі, табиғатты күтіп, сақтап қалуды тұрғындар ойламайды. Қоқысты тастап жүре береді. Шетелде қоқыс тастауға тыйым салады. Сингапур – өте таза мемлекет. Көшеде сағыз шайнауға рұқсат жоқ. Егер жерге қоқыс тастаса, көп айыппұл төлейді. Көшенің таза екені соншалық, адамдар жалаңаяқ та жүре алады. Өйткені көшені сыпырып, жуып қояды. Экономика жағынан барлық елге әсер етті. Тек Дания мемлекеті өз экономикасын сақтап қалған. Туризмі дамыған Швейцария, Италия экономикасы 78 пайыз-ға төмендеді.  

Әсел: Ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған ең маңызды проблема – инфрақұрылым мен сервис. Туристер дәл осы екі себептен, жолдың нашарлығынан және адамдарға қызмет көр-сетудің төмендігінен көрікті жерлеріміздің көбіне бармайды. Осыған орай Туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Онда негізгі ТОП-10 тур-дестинация анықталған. Бурабай, Баянауыл, Алакөл, Балқаш, Каспий теңізінің жағалауы. Олардың инфрақұрылымын дамытуға, жол бойындағы сервиске, қонақүй кешендеріне көңіл бөлінді.  

Спорт саласына тоқталатын болсақ, керісінше, карантин кезінде спорттың маңызы артты. Себебі денсаулықтың бәрінен маңызды екенін бұрынғыдан да артық ұғындық. Денсаулықтың кепілі – спорт. Мысал келтіретін болсақ, осы мақсатта Үкіметтің 2020 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Өз басым музей мен театрларға барғанды қатты ұнатамын. Адамға шабыт пен жаңа идея береді. Өкініштісі, карантинде жабық болды. Сол үшін кез келген саланың онлайн нұсқасын дамыту керек. Нұр-Сұлтандағы Ұлттық музей мен Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музей ТМД елдерінің ішінде үздік бес музейдің қатарына енді. Туристерді осылай қызықтыруға болады. Карантин кезінде қалада көлік аз жүрді. Адамдар тауға шығып, табиғатта серуендеді. Еліміздің табиғаты басқа елдерден кем түспейтініне көз жетті. Бұл да туризмнің дамуына себепші.

– Жарысқа жиі қатысасыңдар ма?

Әсел: Ғылыми жоба, эссе жазу және мектепішілік олимпиадаға қатыстым. Белсенді оқушылардың бірімін. Спорт жарыстарына бастауыш сыныптан қатысамын.

Анель: Пән олимпиадасы мен музыкалық конкурстарға қатыстым. Осы жолы дебат пен ғылыми жобаларға қатыстым. Өмір ғылымның күшіне бағынады. Мені ғылыми жарыстар қызықтырады. Кей жерінде орыс, қазақ тілінде түсіндірдік. Ағылшын тіліне балабақшада жүргенде қызығатынмын. Мектепте түрлі курсқа қатысамын. Шетелдік достарым бар. Олармен жиі сөйлескесін бе, ағылшын тілі аса қиын емес. 

– Болашаққа қандай жоспар бар?

Анель: Егер шынымды айтсам, болашаққа деген арман-мақсатым көп. Көптеген белеске жетіп, ата-анамның үмітін ақтағым келеді. Қазіргі мақсатым – шетелге жоғары оқу орнына түсу. Арманыма ағылшын тілі мотивация болғандай. Осындай жоба жасап, шетелде оқу орнын бітіріп, елімді дамытуға үлес қосқым келеді. Елімнің болашақта талай белестен асатынына сенемін!

Бала неге үйден қашады?

Бұл сұрақ ата-анаға қатысты деп ойлаушы едім. Оқушыларды да толғандырады екен. М.Мақатаев атындағы №140 мектептің 11-сынып оқушысы Сымбат Таубай мен Нұркен Әуесхан «Ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынас» деген тақырыпқа зерттеу жүргізіпті.

Нұркен: Алдымен адамның мінез-құлқы туралы жазғым келген. Бірақ досымның идеясы көбірек ұнады. Достарымнан сұқбат алдым. Олардан ата-аналарына не үшін өкпелейтінін сұрадым. 

Сымбат: Бұл тақырыпты таңдауға ғылыми жоба жұмысының жетекшісі көмектесті. Ұсынған тақырыптардың ішінен досым екеуміз ең қызықты әрі маңызды деп таңдап алдық. Қажетті ақпаратты әртүрлі ресурстан алдық. Мысалы, интернет, кітаптар және оқушылар мен олардың ата-анасы арасында сауалнама жүргіздік. Сөйтіп, ең басты сұраққа жауап таптық.

– Ол қандай сұрақ?

Сымбат: Ең басты сұрақ – ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Олардың ұрсысуына не себеп?

– Иә, не себеп екен?

Сымбат: Ата-ана баланың тек бір үлгілі шаблонмен жүргенін қалайды. Ал балалар болса, ол үлгімен жүргісі келмейді. Себебі өзін ол мүлде басқаша санайды. Ата-ана баласының қалағаны бойынша өзгергенін қаласа, өздері де соған сай болғаны жөн. Сол кезде баланың да тәртібі өзгереді.

Нұркен: Ата-аналар балаларға жеткілікті көңіл бөлуі керек. Балалар әкесін тыңдап, ұқыпты болғаны жөн. Мысалы, бөлмелерін таза ұстау, киімдерін шашпау, ыдысын жуу. Жақсы қарым-қатынас үшін екі жақ бірдей қадам жасауы керек. Тату өмір үшін тек баланың қадамы жетпейді. Ондай жағдайда бір-біріне кедергі жасайды. Екеуі де жақсы жаққа қарай өзгеруі керек.

Ұйымдастырушылар әр команданы тыңдап, қызықты сұрақтар қойып, бағасын берді. Біздің еңбегімізге немқұрайлы қараған жоқ. Жүлдеге ілінеміз деп ойлаған жоқпын. Өйткені барлық қатысушының жұмысы мықты еді. Ғылыми жарысқа бірінші рет қатыстым. Алған әсерім керемет. 

– Кішкене ренжісе бітті, балалар үйден қашып кетеді. Осы дұрыс па?

Сымбат: Бұл сұрақты білмеймін. Біз жауапты ата-ана тарапынан көбірек қарастырдық. Меніңше, өте күрделі мәселе. Терең зерттеуді талап етеді. Баланың психологиясы тұрғысынан қарайтын болсақ, ата-ана мен бала арасында жақын қарым-қатынас болмаса, әртүрлі проблемаға алып келеді. Ата-анасына өкпелі балада келешекте түрлі қиындық бола береді. Сол үшін бала жақындарына ашыла білуі өте маңызды.

Нұркен: Ата-ананың мінезіне байланысты. Балалар кейде еркелеп, мінез көрсетуі мүмкін. Оған ата-аналар «жынданып», ұрыс басталады. Психологтар осындай жағдайда ата-ана өзін сабырлы ұстауы қажет дейді. Ұрысты жалғастырмай, түсініспеушілікті сабырмен шешу керек. Балалардың мінезінің өзгеруіне ата-анасы әсер етеді. Егер жаман қарым-қатынаспен қараса, әрине, балалары да сондай болады. Екеуі де бір-бірін түсінуі керек. Ата-ана жақсы тәрбие беріп, үлгі болуы қажет. Баланың қуанышына қызығып, қолдау білдірсе, ата-анасының жақсы көретінін сезінсе, қатынас та жақсарады. Сауалнамада балалар осындай жауап берді. Ата-аналар баланың жағдайын емес, тек сабақ, баға туралы сұрайды. Ал баланың мәселесіне қызықпайды. Сезім суып, бала мінез көрсете бастайды. 

– Ата-аналарыңмен сөзге келесіңдер ме?

Нұркен: Әрине, келіспеу-шілік бәрінде болады. Мен ерекше емеспін. Ата-анаммен сирек ренжісемін. Олар маған жеткілікті көңіл бөледі, мен де оларға көп қарсылық көрсетпеймін. Бір-бірімізге түсіністікпен қараймыз. 

Сымбат: Бұрын болғанын жоққа шығармаймын. Қазір ата-анам досым секілді. Анам да, әкем де өте әзілқой жандар. Олармен өте көңілді. Олар үнемі позитивте жүреді. Мен де солай жүруге тырысамын. Арамызда келең-сіз жағдай өте аз болады. Кейде ойлағаным болмай, ештеңе істегім келмейтін сәттер болады. Сонда әкем көңіл-күйімді көтеріп, дәмді тамақ жеуге апарады. Әкем екеуміз кореялық фильмдерді ұнатамыз. Корей асхананың фанатымыз.

– Байқаудан қандай ой түйдіңдер?

Сымбат: Ғылыми жоба байқауы өте керемет өтті. Мықты оқушыларды көріп, таныс болдық. Қарсыластардың осалы жоқ. Өйткені топта адам көп болса да, жоба жинақы әрі ынтымақпен жазылған. Осыған дейін мен көптеген жарыста бақ сынадым. Республикалық және облыстық олимпиадаларда топ жардым. Олардың көбі математика, ағылшын тілі. Бұл ғылыми жоба ең ерекшесі әрі есте қаларлығы болды. Байқау толық ағылшын тілінде өтті. Нұркен екеуміз барлық ақпаратты жинап, ағылшын тіліне аударып, толықтыратын жерін толықтырдық. Жобаны таныс-тыру ағылшын тілінде өтті.

– Шет тілін қалай тез үйренуге болады?

Сымбат: Тілді тез үйрену үшін сол тілге деген махаббат керек. Құлшыныс, ықылас болса жетіп жатыр. Ағылшын тілін 7-сыныптан бастап тереңдетіп оқыдым. Сол кезде тілді толықтай сезініп, келешегімді ағылшын тілімен байланыстырдым. Менің арманым өте көп. Ең бастысы, өмірден өз орнымды тапқым келеді. Шетелдің топ университеттерінің біріне түсіп, өзімнің неге қабілетті екенімді дәлелдеу.

«Балаға кітап оқыту проблема емес»

Александра, Бейбарыс және Әмина балаға кітап оқыту оңай дейді. Егер балаға өзі қызығатын кітапты тауып берсеңіз, міндетті түрде оқиды. Оған дәлелі де бар. Мектебінде буккроссинг ұйымдастырып, оқушылардың кітап оқуына себеп болыпты.

Бейбарыс: Ғылыми жұмыс «Буккроссинг және оны дамытудың маңызы» деп аталады. Бұл тақырыпты өзіміз таптық. Кітап оқыту арқылы сауатты көтереміз. Балалар көп дос табады. Кітапқа  қызығушылықты оятамыз. Кітап оқу арқылы сүйікті ісін табуға көмектесеміз. Балалар кітап оқығысы келмейді. Оның себебі өте көп. Ата-аналар баласына өздері қаламаған кітапты оқытады. Конкурс жоғары деңгейде өтті. Мұндай шара тағы да өтсе деймін. Осы кезге дейін математика, география, орыс және қазақ тілінен олимпиадаға қатыстық. 

– Балаларға қандай кітап оқыған ұнайды екен?

– Қиял-ғажайып оқиғалар. Кейде үзіліс кезінде балалардың өзара айтатын әңгімесі жоқ секілді көрінеді. Кітап оқыса, көзқарасы жақын достар табатын еді. Кітап туралы әңгіме қызық әрі таусылмайды.

– Не үшін кітап оқу керек?

–  Жақсы адам болу үшін дер едім. Ал балаларға маңызы зор. Өйткені білімнің бұлағы – кітап. Бала кез келген ақпаратты тез қабылдайды. Қажетті ақпаратты интернет, көшеден емес, кітаптан алғаны дұрыс. Кешке ұйықтар алдында теледидар қараса, ұйықтауы қиын болады. Ал кітап оқыса, тынығады екен. Жақында мынадай болған оқиғаны естідім. 150 жолаушы бар ұшақ апатқа ұшырайды. Бірақ ұшқыш тапқырлық танытып, адамдарды аман алып шығады. Жұрт «мұны қалай жасадың?» деп сұраса, «Апатты жағдайда ұшақты қалай қондыру керегі жөнінде кітап оқыдым», – депті. Демек, кітап оқу қай уақытта да маңызды.  

– Қандай идея ұсындыңдар?

–  Буккроссинг үшін кітап сөресін жасау керек. Алдымен мектепке, сосын ауылға қоямыз. Адамдар өздері оқыған кітапты сөреге қойып кетеді. Келесі адам сол кітапты оқып, орнына басқа кітап қояды. Біреудің затына құрметпен қарауды бала кезінен білгені жақсы. Бала жауапкершілікті сезініп, кітапқа құрметпен қарайды. 

– Буккроссинг қай елде жақсы дамыған екен?

– АҚШ, Германия және Ұлыбритания. Әлемде озық технологияны жапондар жасап жатыр. Бірақ өздері жасаса да, көп қолданбайды. Оның орнына кітап оқиды. Олар әлемдік деңгейге кітап оқып, өздерін дамытқан соң жетіп отыр. Біздің балаларға осыны түсіндіру керек.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №46
16 қараша 2021 жыл

559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор