• Толағай
  • 16 Қараша, 2021

Белградтан бес боксшымыз олжалы оралды

Қазақстан құрамасының боксшылары Сербия астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатынан олжалы оралды. Қайрат Сәтжанов баптайтын еліміздің былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен командалық есепте Кубадан кейінгі екінші орынға ие болды.

Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін қазақ боксына қырын қарағандар болып еді. Бірақ қазақ боксы құлдырамағанын, Олимпиада ойындарынан кейін қайта бас көтергенін Белградтағы бәсекеден анық байқадық. Әсіресе, Қайрат Сәтжанов бастап барған жас боксшыларымыздың аяқалысы қуантты. Дегенмен, «әттеген-ай» деген сәттеріміз де жоқ емес. Әсіресе, ауыр салмақтағы боксшылардың жай-күйі алаңдатады. Бұған дейін Қазақстан боксшылары әлем немесе Олимпиада ойындарында орта және ауыр салмақ дәрежелерінде олжа салып келген еді. Бұл жолы керісінше, жеңіл салмақтағы боксшыларымыз жарады. Он үш салмақтың алғашқы төрт салмағында Қазақстан боксшылары финалдық кезеңге жолдама алып, оның екеуі бас жүлдеге ие болды. 

Әлем чемпионатындағы алғашқы алтын медаль алғандардың бірі – Теміртас Жүсіпов. 33 жастағы боксшы ұлттық құрама сапына соңғылардың бірі болып қосылған еді. Бұған дейін талай халықаралық жарыста топ жарып жүрген Жүсіпов әлем чемпионатына алғаш рет барды. Соған қарамастан Теміртас Белград шаршы алаңындағы әрбір жекпе-жегін өте сауатты өткізді. Финалда Таиланд боксшысын да аса қиналмай жеңді. Қазақстан қоржынына екінші алтын медальды салған Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов үшін де финалдық жекпе-жек өте оңай өткендей болды. Дегенмен, Сәкен финалға дейінгі әр жекпе-жегінде кілең мықтылармен жұдырықтасты. Мәселен, алғашқы кездесуінде Рио олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Дусматовты ұтса, одан кейінгі жекпе-жегінде биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері үндістандық Депакты да жайратып тастады. Үшінші жекпе-жегінде Сәкенге Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола медаль иегері колумбиялық Юберхен Мартинес қарсылас атанды. 

Бұл жекпе-жекте де Сәкеннің шоқтығы биік болды. Ал финалға шығар тұста Таиландтың үкілеп қосқан үмітінің бірі Саенгпхет Танаратты тізе бүктірді. Польшаның «Boxing.pl» сайтының редакторы әрі бокс сарапшысы Марек Чудек әлем чемпионатынан кейін Сәкеннің өнеріне жоғары баға беріп, отандасымыздың финалға дейін өте мықты боксшыларды ұтқанын ерекше атап өтіпті. Ал «су жаңа» чемпионның жеке бапкері Мырзағали Айтжанов болса, Олимпиада ойындарындағы есемізді қайтардық деді. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Сәкеннің жеке бапкері Мырзағали Айтжанов осымен үшінші әлем чемпионын дайындап шығарды. Ол бұл көрсеткіші жағынан Қазақстандағы алғашқы бапкер десек болады. 2013 жылы оның шәкірті Біржан Жақыпов әлемдік сайыста топ жарса, 2017 жылы Қайрат Ералиев жеңіс тұғырына көтерілді. Енді міне, Сәкен де Біржан мен Қайраттың жетістігін қайталап отыр.

54 келіде өнер көрсеткен Махмұд Сабырхан мен 57 келідегі Серік Теміржанов әлем чемпионатын күміс медальмен қорытындылады. Махмұд жарысты жақсы бастап еді. Ол өзінің алғашқы жекпе-жегінен бастап финалға дейінгілердің барлығын айқын басымдықпен жеңді. Өкінішке қарай, алтын медаль үшін болған жекпе-жекте қорғанысқа мүлде көңіл бөлмей, тым ашық шайқасты. Жапон боксшысы Махмұдты әбден зерттеп шыққан екен. Отандасымыздың бір соққысына екі соққымен жауап қатып, нәтижесінде бас жүлдені жұлып кетті. 

Ал Серік Теміржановқа келсек, оның финалдағы америкалық қарсыласы өте мықты болды. Мойындау керек, жасы 18-де болса да, америкалық боксшы өте айлакер, жылдам қимылымен ерекшеленді. Қоржынымызға түскен жалғыз қола медальдің иегері Абылайхан Жүсіповтің өнеріне көпшіліктің көңілі толмай жатыр. Бірақ әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізудің өзі үлкен жетістік әрі қажырлы еңбекті қажет етеді. Біле білгенге қатарынан үш әлем чемпионатынан қола жүлдегер атану кез келген боксшыға бұйыра бермейтін бақ.

Қайрат Сәтжанов, Бокстан  Қазақстан құрамасының бас бапкері: 

Әлем чемпионаты көңілімізден шықты. Бірақ мақсатымыз жалпы командалық есепте бірінші орын алу еді. Соңына дейін үміттендім. Өйткені 92 келідегі кубалық Хулио Сезар ла Круз жеңілгенде бізге бірінші орын бұйырар еді. Бірақ ол қарсыласына мүмкін-дік бермей, осымен бесінші рет әлемнің үздігі атанды.

Теміртас Жүсіпов, әлем чемпионы (48 келі):

– Бұл жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын! Жанкүйерлердің қолдауы шабыт берді. Финалда психологиялық тұрғыда қиынға соқты. Оның үстіне, қарсыласым өте жылдам, ыңғайсыздау болды. Дегенмен, бапкерлерімнің нұсқауын орындап, жеңіске жеттім. Барша халқыма маған қолдау көрсеткені үшін бас иіп, рақметімді айтамын.

Сәкен Бибосынов, әлем чемпионы (51 келі):

– Токиода әнұранымызды шырқата алмадым. Осы бақыт Белградта бұйырды. Бұл тек қана менің жеңісім емес, әке-шешемнің, бапкерлерімнің еңбегінің жемісі деп білемін. Қазақ халқының, жанкүйер-лердің қолдауын біз шаршы алаңда қашан да сезінеміз.

Махмұд Сабырхан, әлем чемпионатының күміс жүлдегері (54 келі):

– Финалға дейін төрт жекпе-жек өткіздім. Барлығында басымдық таныттым. Ал ақтық сындағы жапон боксшысына қай жағынан есе жібергенімді білмеймін. Бірақ үстем болды. Әрине, бұл жарыс маған үлкен тәжірибе сыйлады. Бұл бастамасы ғана. Алда талай дүбірлі сын күтіп тұр. Алдағы жылы Азия ойындары өтеді. Көп ұзамай Ташкентте лицензиялық әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Сол бәсекелерге дайындалып, осы жолы кеткен есені қайтарамыз.

Серік Теміржанов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері (57 келі):

–  Бірінші орын аламыз деп едік. Финалда сәттілік жетіспеді. Осыған да шүкір дейміз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Күмісті алтынға айналдыру үшін бар күшімізді саламыз.

Абылайхан Жүсіпов, әлем чемпионатының қола жүлдегері: 

– Жартылай финалдағы жеңіліс туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Бокстан хабары бар адамның барлығы да көрді. Аға бапкерлердің айтқанын толық орындадым, бар күшімді салдым. Төрешілер туралы да ештеңе айтқым келмейді. Үшінші мәрте қола алып отырмын, шүкір. Бірақ спортшы болған соң, спортта жүрген соң алтын таққың келетіні рас. Дегенмен, тоқтамаймыз, алға басамыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №46
16 қараша 2021 жыл

320 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор