• Күншуақ
  • 15 Қараша, 2021

Бүлдіршіндердің әлемге айтары бар

«Жануарлар – менің достарым!» атты жасөспірімдер мен балаларға арналған республикалық суретшілер байқауы мәресіне жетті. Байқау қорытындысы онлайн форматта өтті. Қатарластарынан оза шапқан 12 бала пандемиядан кейін Венада өтетін балалардың сурет көрмесіне сапар шегеді. 

Республикалық байқау жеңімпазда-рының туындысына танымал француз актрисасы Брижит Бардо жоғары баға беріпті. Сонымен бірге Брижит Бардо жануарларды қорғау қорының ресми өкілі Брижит Олуаны жеңімпаздармен кездесуге арнайы жіберіпті. Бұл кездесуге біз де барып, бүлдіршіндердің өнерін көріп қайттық.

Байқау Брижит Бардоның Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа панасыз жануарларға жасалған қатігездік туралы жазған ашық хатынан кейін «Edu Stream» білім беру орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Байқау төрт айға созылды. Қазақстанның түкпір-түк-пірінен 4–16 жас аралығындағы төрт мыңнан астам бала бақ сынады. Қоғамда түрлі пікірталас пайда болды. Балалар өнері арқылы ересектерді қоршаған ортаны ластамай, табиғатты аялап, өсімдіктер мен жануарларды қорғауға, айналаға қамқорлық танытуға шақырды. Жүрекжарды лебізін білдіріп, бірі ішкі ойын қағаз бетіне түсірсе, бірі видеосәлемдеме жолдаған.

Биыл жануарларға қатігездік жасағандарға жаза едәуір күшейтіліп, арнайы заң қолданысқа енді. Бұл істе де балалардың тигізген үлесі зор екені даусыз. Брижит Олуа Қазақстанға іссапары аясында жеңімпаз бүлдіршіндердің жұмысымен танысып, балалармен емін-еркін әңгімелесті. Жас ерекшеліктеріне байланысты төрт категория бойынша жеңіске жеткен қатысушылар көрмеге қойылған әр туындысында бейнелеген жеке ойын жеткізе отыра, жиналған жұртпен пікір алмасты. Жұрт назарына ұсынылған әр туындының ерекшелігі бар. Балақайлар сүйікті жануарлары мен өздерінің үй жануарын да бейнелеген. Балалардың туындысына тамсана қарап отырып, тап бір кәсіби суретші дерсің. Олардың шығармашылық қиялында да шек жоқ. Бүлдіршіндердің бүкіл әлемге айтар сыры бар! Тек соны тыңдай білмек керек.

Көрмеге қойылған суреттер – бірінен-бірі өткен тамаша туындылар. Кездесу барысында жеңімпаздардың жан-жақты қабілетті екеніне де көзіміз жетті. Кішкентай бүлдіршіндеріміз Франциядан ат терлетіп келген қадірлі қонаққа ағылшын және француз тілінде жұмыстарын таныстырды. Олардың бірі – 9–11 жас аралығындағы балалар арасында үшінші орынды еншілеген Күнкей Байдаралы. Күнкеймен таныса келе, еліміздегі танымал суретшілер – Данияр және Асылгүл Байдаралиндердің қызы екенін білдік. «Ата өнері – балаға мұра» демекші, ата-анасының ізін жалғап келе жатқан Күнкей байқауға ерекше юлюстрациялық туынды дайындаған екен. Жас суретшінің қаладағы қоқысты тиімді пайдалануға арналған ерекше ұсынысы да бар.

«Мен Алматы қаласының экологиялық ахуалын бейнеледім. Суретте қала сыртында орналасқан спорт алаңдары мен ішкі аудандардағы қорқынышты да сұсты өнеркәсіптің біте қайнасып жатқанын көресіз. Мен қаладағы өнеркәсіп орындарының экологиялық таза болғаным қалаймын. Суретке мұқият көз жүгіртсеңіз, өнеркәсіп орындарының маңайына қоқыс өңдейтін арнайы фабриканың суретін салдым. Қала қоқысын өртеу арқылы энергияның отыз пайызы тұрғын үйлерге жылу мен ток береді деп ойлаймын. Біріншіден, қала сыртындағы қоқыстың көлемін азайтамыз, екіншіден, энергия аламыз», – дейді Күнкей.

Жас дарын халықтың экологиялық сауатын арттырғысы келеді:

«Суреттің оң жақ шетіне қарасаңыз, қоқысты сұрыптап салуға арналған жәшіктер бейнеленген. Халықты тәртіпке шақырып, қоқысты сұрыптау салуға үйрету керек. Қарапайым халықтың экологиялық сауатын арттыру керек сияқты. Ол үшін қоқысты сұрыптауға арналған жәшіктерді қалалар мен елді мекендердің бәріне жаппай орналастыру керек. Сонда халықтың көзі үйренеді. Негізінен қоқысты сұрыптап салуға кейбір адамдар дайын. Алайда Алматы қаласының өзі мұндай жәшіктермен толық қамтылған деп айта алмаймын».

Брижит Олуа Қазақстанға іссапармен келуінің себебін айта кетіп, қазақ жеріндегі экологиялық ахуалға да баға берді. Брижит Олуа біздің елдегі кейбір жағдайларға қатты алаңдайды екен. «Әлі күнге дейін Семей, Өскемен, Алматы қалаларының әкімдіктері көше иттерін жауыздықпен  өлтіреді. Мен мұны өз көзіммен көрдім. Иттерді не себепті өлтіретінін сұрадым. Тұрғындар хабарласып, қаңғыбас иттердің көзін жоюды сұрайды екен.  Бір аумақта иттердің көзін жойдық делік, алайда бұл орынға басқа иттер келуі мүмкін, қайта-қайта жазықсыз жануарларды өлтіре бергеннен мәселе шешілмейді ғой», – дейді  Б.Олуа.

Брижит Бардоның жануарларға арналған халықаралық қорының негізгі мақсаты – жазықсыз жануарларды өлтірмей, мәселені шешуде тиімді әрекет ету. Сондықтан да қор Үндістан мен Кабулда пайдаға асқан бағдарламалармен таныстырып, Қазақстан басшылығына да осы жобаларды ұсынып, келіссөз жүргізуді қалап отыр. Қордың басты стратегиясы – жануарларды вакциналап, залалсыздандырып, денсаулығын қалыпқа келтіріп, өз табиғи ортасына жіберу. Пандемия аяқталған соң жеңімпаздар «Edu Stream» білім беру орталығының қаржыландыруымен Венада өткізілетін балалардың үздік туындылары көрмесіне барады. Көрмеге француз актрисасы Брижит Бардо да шақырылады. Бұл – жас суретшілердің шығармашылығын дамытуға арналған ерекше мүмкіндік.

Айсұлу СЪЕЗХАН

«Ұлан» газеті, №46
16 қараша 2021 жыл

9459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор