• Сенің замандасың
  • 08 Қараша, 2021

Мағжанның – 104, Қадырдың 200 өлеңін білетін Арайлым

Уәлихан Арайлым – тоғызыншы сыныптың үздік оқушысы, сендердің замандастарың. Эссе жазады, өлең шығарады, түрлі олимпиада мен сайыстарға қатысады. Бір сөзбен айтсақ, сегіз қырлы, бір сырлы қыз. Арайлым Мағжан Жұмабаевтың, Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін оқудан облыс жүлдегері. Жақында өнерлі досымды әңгімеге тартқан едім.

– Сәлем! Қош келдің! Барлығын қосқанда ақындардың неше өлеңін жаттадың? Жобамен қанша уақытың кеткенін айта кетсең...

– Мағжан оқуларына 104 өлең, ал Қадыр оқуларына 200 өлең жаттадым. Жарыс болғандықтан, оған дайындалуға біраз уақы-тым кетті. Бірнеше өлеңді бір мезгілде жаттау қиын. Сол себепті көп еңбекті талап етеді. Алғашқы жылы тек аудандық деңгейге қатыстым. Келесі жылдары өлең санын арттырып, көп дайындықтың нәтижесінде облыстық байқауларға шыға бастадым.

– Өте жақсы. Сайыс барысы қалай өтті? Басқа қатысушылардың дайындығы қалай екен?

– Сайысқа әр ауданнан бір оқушы қатысады. Әркім өзінің мектебінің, ауданының атағын қорғауға келгендіктен, дайындықтары жақсы. Бірінші қатысушылар жеребе таңдау арқылы өз кезеңін анықтайды. Соған сәйкес сахнада қазылар алқасы таңдаған өлеңді нақышына келтіріп жатқа айтып беруі керек.

– Кейде ұмытып қалатын кездерің бола ма? Ондай жағдайда не істейсің?

– Бастапқы қатысқан жарыстарымда ұмытып қалу болды. Ұмытып қалғаныңды ешкімге білдірмей өлеңнің келесі шумақтарын айта беру қажет немесе сол жерден тоқтаған дұрыс. Кей адамдар ұмытқанын өзі білдіріп қойып жатады. Олай істеу өзімізге зиянын тигізеді. Ал мен сахнаға шыға келе еркін сезінуді үйрендім.

– Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді дейді. Көңіліңдегідей болмаған кезде өзіңе қалай мотивация бересің?

– Мен Қадыр оқуларынан 1-орын алып, облысқа шыға алмай қалдым. Облысқа бас жүлде барады екен. Сол кезде өзіме: «Арайлым, сенің қолыңнан бәрі келеді, бұл басы», – деп мотивация бердім. Кейін рес-публикалық деңгейге жолдама ұтып алдым. Ең бастысы, адамның өз-өзіне деген сенімі.

– Керемет! Өлең жаттаудың сайыстан басқа қандай пайдасы бар?

– Өлең жаттау қай жағынан алып қарасаң да пайдалы. Әр өлеңде әртүрлі мән-мағына, тәлім-тәрбие жатады. Екіншіден, сөздік қор көбейеді. Бұл арқылы көркем әрі шешендерше өлеңдетіп сөйлеуді үйренесің. Сонымен қатар адамның есте сақтау қабілетін жақсартады.

– Осыны қолға алайын деген өзіңнің идеяң болды ма, әлде ұстазың бағыт берді ме?

– Бастауыш сыныпта осындай мәнерлеп оқуға қатысуға болатынын, жасым жететінін білмедім. 6-сыныпта мұғалімім: «Арайлым, осындай жарыс келіп жатыр», – деп Абай оқуларына қатыстырған. Содан қызығу-шылығым оянды деуге болады. Сол бүгінгі жетістіктеріме жетуге мүмкіндік берді.

– Қай ақынның өлеңдерін сүйіп оқисың?

– Мен үшін әр ақынның өз орны бар. Соның ішінде Абай мен Мұқағали өлеңдерін ерекше ұнатамын. Себебі Абай өлеңдерінің мән-мағынасы зор. Оқыған жанды ерекше әсерге бөлейді. Ал ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдері лирикасымен ерекше.

– Тамаша! Алдағы уақытта қалайтын қандай арман-мақсаттарың бар?

– Болашақта республикалық сайыстарда бақ сынағым келеді. Әлі талай асуды бағындырсам деген ойым бар. Әрине, бұған ерен еңбек пен таудай талап керек.

– Көп рақмет, арманыңа жетуіңе тілектеспіз!

Мерей ТҰРАРБЕК, 
Ақшұқыр мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.

Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы

«Ұлан» газеті, №45
9 қараша 2021 жыл

2745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор