• Күншуақ
  • 09 Қараша, 2021

Қазақстандағы алғашқы инклюзив театр

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрының жанынан Qanattylar театры ашылды. Qanattylar – бойында дарыны бар жандарды қолдап, талантын шыңдауға, сондай-ақ оларды тұрақты жұмыспен қамтуға арналған инклюзив театр. Мүгедектігі бар жандардан құралған шығармашылық ұжым мүшелері – өмірге құштар жандар. Көрген жанның жігерін жанып, рухын қайрайды. Ал театр директоры Арнұр Ысқақов – бейбіт күннің нағыз батыры, зор құрметке лайық жан. 2008 жылы суға батқалы жатқан қызды құтқарамын деп өзенге секіргенде су түбіндегі темірге басы соғылып, омыртқасына зақым келген. Сол оқиғадан кейін арбаға таңылған ол тағдырдың қатал сынына мойымай, мұқтаж жандарға жәрдем беріп, қоғамдық істерге белсене атсалысып жүр. Атап айтар болсақ, 2014 жылы «Нұр Отан» партиясында «Кедергісіз келешек» жобасының негізін қалаған және радиода «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобасын ашқан. 2017 жылы «Актив лайф» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған.  Қоғамдық бірлестіктің аясында үш түрлі ірі жобаны iске асырған. Олар «Бүгінгінің баласы, болашақтың данасы» жетім балаларға арналған фестиваль, құлағы мен тілі мүкіc жандарға арналған Wide world халықаральқ театр фестивалі және «Жизнь после» деп аталатын мотивациялық көркемфильм. Бұған қоса мүгедектігі бар және жетім балалар арасында «Масe it possible» спорттық спартакиадасын өткізген. Арнұр мырзаны су жаңа театрдың шымылдығын түргенімен құттықтап, әңгімелескен едік. Кейіпкеріміз театрды құру барысында қандай қиындықтар өткергенін баяндап берді.

– Qanattylar театрын құру идеясы қалай келді?

– 2018 жылы Wide world халықаралық фестивалін өткізген кезде осындай театр құру туралы ой келіп, сол жылы бастағанбыз. Содан  осы уақытқа дейін министрлік пен әкімдіктің табалдырығын тоздырдық. Ақыры Алтай Көлгіновтің қолдауымен Жастар театрының қарамағында ашылдық. Бірақ бұл театрдың басқалардан ерекшелігі – ерекше жандар өнер көрсетеді. Актерлар еңбекақыларын алады. Жастар театрының қарамағында дайындалатын кішкентай ғимаратымыз бар.

– Театрды құрарда қандай қиындықтар болды?

– Әрине, қиындық көп болды. Әкім де, Жастар театры да күмәнмен қарады. Сондықтан біз осы театры-мызды құрып жатқан кезде кәсіби деңгейде өнер көрсете алатынымызды дәлелдеуіміз керек болды. Құдайға шүкір, алғашқы премьерамызды өткізіп, дәлелдей алдық. Біздің актерларымызға хореографиядан бастап шеберлік жұмыстары жүргізілді. Жастар театрының әртістері біздің актерлардың сахнадағы келбетін, сөйлеуін, дикциясын қойды. Әкімдіктің қолдауымен көлік пен техника да бөлінді. 

Актерларымызды таңдап алдық. Тек қана конкурспен емес, сахна көрген, халықтың алдына шығып өнер көрсеткен ерекше азаматтарды іздеп, шақырдық. Сценарий жазылып біткеннен кейін 6–7 ай дайындалдық. Гүлнар Салықбаймен қайта-қайта сөйлесіп, режиссермен ақылдасып, бұл кісілерді рөлдерге бөлдік. Біз сол кісілерге ыңғайлап жасадық. Театрымыздың спектакльдерінің сценарийлері өмірден алынған. Алдағы қойылымдарымыз енді-енді қолға алынып келе жатыр. Болашақта да сценарийлеріміз шынайы өмірден алынады. Жанрлары әртүрлі болады. Мюзиклден бастап, барлығын қамтуға тырысамыз. Трагедия болмайтын шығар. Негізгі мақсатымыз – дені сау адамдарға шүкірлік етуді үйрету. Ал ерекше жандардың шығармашылық тұрғыда даму арқылы өмірге деген құштарлығын ояту. 

– «Генерал болғысы келмеген сарбаз нағыз сарбаз емес» демекші, болашақта театр ашқысы келетін оқушы, студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Жалпы, театр да, кино да оңай өнер емес. Сондықтан ешқашан берілмей еңбек ету керек. Театр ашу оңайға соқпайды. Ең негізгісі – өнерді сүю, өнерге жанашырлық, өзінің туындысы екенін білу. Жалақы  негізгі мәселе емес. Өнерге деген сүйіспеншілігі болуы қажет. Әрине, қазір барлық актердың еңбекақысы аз. Сол себепті біз үстеме қосып беріп отырамыз. Әсіресе, біздің инклюзив театрымызға сондай жағдай қарастырылған. Алдағы жылы гастрольдік сапармен еліміздің өзге қалаларына және шетелге шығу жоспарланып отыр. Осындай театрлар еліміздің барлық өңірінде қолдау тапса деген ниетім бар.

Әңгімелескен 
Гүлжан НИЯЗОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың
 2-курс студенті. 

Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №45
9 қараша 2021 жыл

863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор