• ІТ және инновация
  • 01 Қараша, 2021

Мамандық таңдауға көмектесетін платформа

Құрметті менің «ұландық» досым, болашақ мамандық, бағыт таңдауға көмектесетін адамың бар ма? Егер болмаса, менің осы мақаламды соңына дейін оқып шығып, айтылған кеңестерге құлақ түр. Өткенде өзіме ұнайтын Телеграм арналар жайлы жазғанда «СтудХакер» де тізімде болған. Осы арна арқылы Ерқанат ағаның жаңа платформа жасап жатқанын, қолданысқа енгізгенін оқығанмын. Елімізде мұндай форматтағы сайттар аз, тіпті жоқ десем де болады. Өздерің топшылап отырғандай, бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкері – 15minute.online платформасының негізін салушы және «СтудХакер» арнасының авторы Ерқанат Еркінбек. Платформа, ІТ саласы жайлы сұқбатымыз былайша өрбіді:

– Менің аты-жөнім – Ерқанат Еркінбек. Қызылорда облысының Жаңақорған жерінде дүниеге келгенмін. Сонда өстім, білім алдым. Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетінде қаржы мамандығы бойынша оқыдым. Студент кезімде өте белсенді болдым: дебатқа қатысып, көптеген студенттік ұйымға мүше болдым. 4-курстан бастап өмірім өзгере бастады. ІТ саласына ауыстым. Алға қойған мақсаттарым, миссиям өзгерді. Қазір «Жас өркен» бағдарламасын жеңіп алып, «Самұрық-Қазына» секілді ұлттық компанияда жұмыс істеймін. Сондай-ақ студенттерге, оқушыларға арналған стартап жобаны қолға алып жатырмыз. Болашақта өзімді ІТ саласынан көбірек көремін.

– Жобаңыз туралы сөз қозғасақ. Идея қайдан келді? Халыққа  берер пайдасы қандай? 

– Бұл жобаның идеясы шама-мен бір жыл бұрын келді-ау деймін, нақты есімде жоқ. Атырау қаласында жұмыс істеп жүргенмін. «Неге адамдарға дұрыс таңдау жасауға, таңдауларын айқындауға арналған платформа жоқ? Осындай сервисті неге жасамасқа» деген ой туындады. Мектеп бітіргенде, университетте оқып жүргенде, бағыт таңдаған кезде бізде көп сұрақ болды. «Мына жаққа кетсем қалай, мына бағытты  көрсем қалай» деген сияқты. Бірақ біз кімнен сұрарымызды білмей жатамыз. Отбасымыздан, достарымыздан сұрағанымызбен, олар ол саланың маманы болмауы мүмкін, ол саланы мүлде білмеуі де мүмкін. Кәсіби адамдардан сұрау маңыздырақ деп ойладым. Жобаның миссиясы, концепциясы солай пайда болды. Жобаны ақпан айында бастадым. Бірақ толықтай іске тамыз айында кірістік. Қазір біздің командада 13-ке жуық адам, платформада 122 ментор,18 мемлекеттен қосылған 40-тан астам сала өкілі бар. Кез келген адам платформаға кіріп, қалаған мамандық иесімен сөйлесе алады. Қазір бір ментордан кеңес алу бағасы – 1500 теңгенің төңірегінде. Бірақ біз адамдарға ыңғайлы болуы үшін айлық жазылымды жасайын деп жатырмыз. Бір рет сөйлескенге қарағанда бір айлық жазылыммен көп адаммен сөйлесе аласың, ақша үнемдейсің. Онда мүмкіндік өте көп.

– Жобаңызды жасау кезінде қандай қиындықтар болды?

– Әрине, қиындық кез келген жобада, іс-әрекетте болады. Әртүрлі салада таныстарым, достарым көп болғандықтан, команда жинау, команда мүшелерін табу жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Сенде мінсіз өнім, сайт болуы мүмкін. Бірақ оны халыққа түсіндіре алмасаң, оның не керегі бар? Біз халыққа барынша жобамыздың не екенін түсіндіруіміз керек. Екінші бір маңызды мәселе – нарыққа жаңа нәрсе шығып жатса, халық оны қабылдамайды. Бізге де адамдардың санасымен жұмыс істеу қиын боп жатыр. Біздің жоба 19 қыркүйекте ашылды. Қазір көрсеткіш өте жақсы. Қателеспесем, 25-тен астам бейнежазба болды. Ментордың да, клиенттің де айтқан пікірі көңілден шығып жатыр. 

– Қаржыгер мамандығынан продукт-менеджерге ауыстыңыз. Бір саладан екіншісіне ауысу қиын ба?

– Маған өзімнің салам ұнайды. ІТ саласына келетін болсақ, мен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуші емеспін, өзім код жазбаймын. Мен көбірек идеяларды ойлап табатын, ІТ сервистерді біріктіретін адаммын, яғни продукт-менеджермін. Қаржыгерліктен бұл салаға ауысу қиын болған жоқ. Негізі кез келген жерден басқа жерге ауысу қиын емес. Адам бейімделгіш, жаңа нәрсеге ашық болуы қажет. Тез жетістікке жетуді, тез оқуды ойламау керек. Біртіндеп-біртіндеп белгілі бір кезеңдерден өтетін болса ғана мықты маман болады. Мен де бәрін бірден біліп, мықты болып кеткен жоқпын. Әлі де көбірек оқығым келеді.

– Екі саланы салыстырып көресіз бе?

– Негізі екі саланың да артық-шылығы бар деп айтуға болады. Бірақ ІТ маманы – XXI ғасырға ең керек мамандық. Әлемде үнемі жаңа нәрсе, жаңа мамандықтар пайда болса, ол мамандыққа көп ақша бөлінеді, шекараларды ашып береді. Мен ІТ-ға ауысқаным үшін қуанамын. Егер қаржыгер болсам, өз қалаған нәрсемді жасай алмас едім. Әр адамның бойында әртүрлі қасиет болады, адамның қасиеттеріне байланысты мамандықтар сәйкес келеді. Мен қаржыгерге емес, ақпараттық технология саласындағы кәсіпкерге көбірек сәйкес келемін.

– Ақпараттық технология саласында қызмет еткісі келетін жастар білуі керек ең негізгі үш нәрсені атап бере аласыз ба?

– Бірінші, ІТ үнемі дамуды қажет етеді. Бір-екі нәрсе оқып алдым, курстан өттім, болдым-толдым деп айта алмайсың. Өйткені күн сайын, ай сайын жаңа нәрселер пайда болып жатыр. ІТ маманы әр нәрсеге дайын болып, ақпаратты жаңадан қабылдауға бейім болуы керек. Екінші, бәрі сен ойлағандай оңай емес. Бұл салада жалақы көп болғанымен, ақыл-ойды көп қажет етеді. Қара жұмыс істемейсің, ақылыңмен жұмыс істейсің. Бәрінен шаршауға, энергияңның тез бітіп қалуына дайын болуың керек, түрлі қиындық болуы мүмкін. Үшінші, жақсы орта табу керек. Орта маңызды рөл атқарады. Өйткені айтишниктердің ортасында болсаң, стартаперлердің жанында жүрсең, жаңа нәрсемен айналысуға құлшынысың болады. Ақпараттық технология саласына барғысы келетіндер, дәл осы саладан мықты орта табыңыздар, іздеңіздер.

– Мамандығыңыздың ең  қиын, қызық тұсына тоқтала кетсек...

– Мамандығымның қиын тұсы 24 сағат бойы ойлануың керек. Біз бір нәрсені ойлап тапсақ, платформа жасасақ, менің басымда үнемі сол нәрселер жүреді. Тіпті ұйықтап жатқан кезде де сондай ойлар болады. Бір қызық оқиғаны айтып берейін. Кездесуге барған кезде бізге: «Сендерде осындай кемшіліктер бар, жобаларың талапқа сай келмейтін сияқты», – деді. Мәссаған, шыны керек, ол сұраққа жауап бере алмадым. Ол шынымен де біз үшін кемшілік еді. Үйге барып, қалай ол проблеманы шешуге болатынын ойладым. «Менде осындай идея бар. Қалай жасау керектігін ойлап таптым, қане, осылай жасайық» деп, ұйықтап жатқан адамды оятып алдым. Екеуіміз түннің ортасында жобаны талқылап, идея алмасып отырдық. Түн жарымда, таң атпай болсын, біз уақытқа, мекенге қарамай, идеяларды талқылай береміз.

– Жас программистерге кімді, нені қазірден бастап оқуға кеңес бересіз? Кімді үлгі тұту керек дейсіз?

– Менің үлгі тұтатын адамым – Илон Маск. Әркімнің үлгі тұтатын адамы болуы керек сияқты. Илон Масктың істеп жатқан ісі әлемді өзгертетін нәрселер ғой. Мен де сол кісіден үлгі алып, жаңа нәрсені жасап көргім келеді. Жас мамандарға айтарым, кім болғың келетіні, не жасағың келетіні туралы нақты білуің керек. Сол саладағы мықты адамдармен танысып, өмірбаянын зерттеу керек. Олар бұл істі қалай бастады, шешімді қалай қабылдады, не қызық болды, соны зерттеп оқы. Сол кезде сен де солардың ойымен ойлана бастайсың. Сол маңызды.

– Алда тағы да жаңа форматтағы жоба жасау ойыңызда бар ма?

– Әзірше осы жобаны одан әрі дамытқымыз келеді. Менторлық қызмет көрсету платформасы, тек студенттерге арналған жұмыстар болады және 15minute upgrade – үлкен компанияларға жұмысқа тұрғызатын платформа. 15 minute education-де білім симуляторы болады. Менің мақсатым осы 15 минут жүйесін құру және Қазақстанға ғана емес, өзге де елдерге жобамды танытып, әлемнің басқа да мемлекеттерімен байланыс орнату.

P.S. Егер әлі де маманд-ғыңызға, таңдаған бағытыңызға байланысты іштей  күдік туындаса, 15 минут платформасын қолданып, ойлаған салаңның маманымен тілдесіп көруге болады.

Бану ӘБДІҒАЛИЕВА,
«Ұлан» газетінің жас тілшісі.
Қорғантұз мектебінің 11-сынып оқушысы. 

Байқадам ауылы 
Шалқар ауданы
Ақтөбе облысы

«Ұлан» газеті, №44
2 қараша 2021 жыл

8606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор